Бокс • 14 Желтоқсан, 2023

Ертең Астанада Тәшкенбай, Сабырхан, Шымбергенов рингке шығады

350 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ертең, 15 желтоқсан күні Астана қаласындағы «Beeline Arena-да» отандық Олимпиада, әлем чемпиондарының қатысуымен тартысқа толы бокс кеші өтеді. Былғары қолғап шеберлерінің айқасы кешкі сағат 19:00-де басталады, деп хабарлайды Egemen.kz

Ертең Астанада Тәшкенбай, Сабырхан, Шымбергенов рингке шығады

«Чемпиондар түні IBА» – «Astana Arlans» турнирінде халықаралық додаларда атой салып жүрген 8 боксшымыз өзге ел боксшыларымен кім мықтыны анықтайды. 

Атап айтсақ: 

71 келі салмақта Рио Олимпиадасының чемпионы, 2013 жылғы әлем чемпионы Данияр Елеусінов (11-0, КО 6) Оңтүстік Африка Республикасының өкілі Джабулани Макхенсеге қарсы (14-2, КО 7) шаршы алаңға шығады.

Д. Елеусінов бұған дейін 2015 жылы шаршы алаңға шыққан еді. Ал қарсыласы алғаш рет сырт елде айқас өткізгелі тұр.

2019 жылғы әлем чемпионы және Токио Олимпиадасының қатысушысы Бекзат Нұрдәулетов (6-0, 2 KO) бүгінге дейін жеңілістің кермек дәмін татпаған Ресей спортшысы Никита Зонмен (7-0-1, КО 5) 80 келіде жұдырықтасады.

67 келіде 2023 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дулат Бекбауов 2019 жылғы Еуропа ойындарының күміс жүлдегері, WBA тұжырымы бойынша бірінші орта салмақта 10-орында тұрған Харитон Агрбамен (12-0, КО 8) шеберлік байқасады.

2022 жылғы Қазақстан чемпионы, әрі 2023 жылғы 22 жасқа дейінгі боксшылар арасында Азия вице чемпионы Ерасыл Жақпеков 80 келіде жастар арасында Еуропа біріншілігінің күміс жүлдегері (19-22 жас), Нидерланды боксшысы Градус Клауспен айқасады.

Биылғы әлем чемпионы және 2022 жылғы Азия чемпионы Асланбек Шымбергенов 71 келіде мексикалық Хосе Мигель Боррегомен (20-4, КО 17) жұдырық түйістіреді.

2021 жылғы әлем чемпионатының финалисі және 2022 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Серік Теміржанов 63,5 келіде Сербия намысын қорғайтын орыс боксшысы Павл Фёдоровпен (3-0, КО 1) кездеседі.

2023 жылғы әлем чемпионы және 2021 жылғы әлем чемпионатының финалисі Махмұд Сабырхан 57 келіде кубалық Освальдо Диаспен шаршы алаңға шығады.

Әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай 51 келіде 2 дүркін Азия чемпионы, Өзбекстан спортшысы Нодиржон Мирзаахмедовпен жұдырықтасады.

Кіл «сен тұр, мен атайын» дейтін чемпиондық құрам  қатысатын бокс кешін - «Qazsport» арнасы, ал Ресейде - «Матч Тв» каналы тікелей эфирде көрсетеді.