Күні кеше облыс орталығы іргесіндегі Қаратал ауданында 500 бас ірі қара өсіріп бордақылайтын кешен ашылды. Шаруашылық Солтүстік Қазақстан облысынан қазақтың ақбас сиырларын жеткізген. Келешекте Зеңгі баба төлін көбейтіп, отандық нарыққа және шетелге ет экспорттау жоспарланып отыр. Жаңадан құрылған шаруашылыққа ардагер боксшы Михаил Юрченко жетекшілік етеді. Ол өңірге қазақтың ақбас сиырын арнайы таңдап алған. Себебі асыл тұқымды ірі қараға жылы қора қажет емес. Қыркүйек айында әкелінген Зеңгі баба төлі қазір жерсіндіріліп жатыр.
«Алдағы қыс қалай болатынын байқап көреміз. Бәрі ойдағыдай өтсе, келесі жылы бұқаларды сата бастаймыз. Әрқайсысы 900 келі тартады деп жоспарлап отырмыз. Сол үшін мамандармен азықтық рационын әзірледік. Келешекте мал басын арттырып, 4-5 мың басқа жеткіземіз. Қазір жайылым және егістік жер алу мәселесінің шешілуін күтіп отырмыз. 2019 жылдан бері Қаратал ауданында төрт-түлікті өсіретін алты қожалық құрылды. Сөйтіп, мал шаруашылығымен айналысатын серіктестіктер саны 380-ге жетті», дейді шаруашылық директоры Михаил Юрченко.
Қаратал аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Қаныбек Намазбаев айтуынша, келер жылы тағы осындай 2 шаруашылық ашылады. Олар бүгінде бизнес жоспарын толық аяқтаған. Келер жылы ауданда 12 мың тоннаның мөлшерінде ет болады. Биылғымен салыстырғанда 120 пайызға көтерілмек.
Осындай игілікті іспен Сарқанда шағын және орта кәсіпті өркендетіп жүргендер жетерлік. Соның бірі – Алмалы ауылындағы «Ерғалиев С» шаруа қожалығы. 2017 жылы мал бордақылау алаңын құрған шаруашылық ірі қара малын бордақылап, ет өнімдерін үлкен қалаларға жөнелтіп жатыр. 150 басқа лайықталған қорада 24 бас қазақтың ақбас сиырының төлдері бордақыланған.
Шаруашылық басшысы Қайрат Ерғалиевтің айтуынша, жуық арада тағы 70 малды Семей қаласынан жеткізу жоспарланған. Шамамен әрбір бұқаның салмағы – 700 келі. Сонымен қатар аталған шаруашылық басшысы Қайрат Серікжанұлы жылқы малын да өсіруге ден қойғанын айтты. Бордақылау алаңының ішіндегі барлық жұмыс автоматтандырылған, қолдың күшін қажет етпейді. 6 ай сайын мал бордақылап, Алматы қаласына жеткізіледі. Негізгі бағыты ет өнімдерін үлкен қалаларға саудалап отырған шаруашылық осы жобаға 15 миллион қаражат жұмсаған.
Аудандық ауылшаруашылық бөлімі мамандарының мәліметінше, аудандағы «Арлан», «Бекишов» шаруа қожалықтары асыл тұқымды мал шаруашылығы мәртебесін алған. Қазір «Ерғалиев С» шаруа қожалығы да осы мәртебені алуға қам жасап жатыр. Осылайша, қожалық ет экспортына еселей өз үлесін қосуда. Ақсу ауданына қарасты Матай өңірінде 300 бас сауын сиыр мен 100 бас бұқа өсіріліп жатыр. Жалпы, ауданда мал бордақылаумен айналысатын бір емес ондаған шаруашылық бар. Ауданда 13 мал бордақылау алаңында жобалау қуаттылығымен 2 520 ірі қара малына орын жұмыс істеп тұр. Бүгінде ол жерде 444 бас мал бордақылануда.
Одан бөлек, іргетасы 2003 жылы қаланған алакөлдік «Нағашбек» шаруа қожалығын атап өтпеске болмас. Бүгінде аталған шаруашылық «Ауыл механизаторы» ЖШС деген атпен жұртқа танымал. Осы күні мың бас асыл тұқымды етті бағыттағы қалмақ сиырын бағып отыр.
Аталған қожалық осы уақытқа дейін асыл тұқымды мал өсіруші ретінде тек қана асыл тұқымды малдың төлін сатумен айналысып келген еді. «Сыбаға» бағдарламасының тоқтатылуы және асыл тұқымды малдарға деген сұраныстың төмендеуіне байланысты шаруашылық ет өндірісін қолға алған. Артынша бұқашықтар бордақылаумен айналысып, жұмыс көлемінің кеңеюіне байланысты шағын ет өңдеу цехын ашыпты.
Ет өңдеу цехы кесілген ет өнімдерін тұтынуға тиімді күйінде вакуумделген қаптамаға салып, сауда орындарына сатуға шығарады. Аталған өнім түрі Қабанбай ауылында үлкен сұранысқа ие. Алдағы уақытта оны Үшарал қаласындағы дүкендерге ұсынуды жоспарлаған.
Айта кетерлігі, ет өндеу цехы жартылай фабрикат өнімдерін жасайтын құралдармен толықтай жабдықталған. Тәулігіне 100 келі сиыр, қой еті тұшпарасын және тартылған ет дайындау мүмкіндігі бар. Сонымен қатар ет өнімдерімен байқау негізінде облыстағы денсаулық сақтау және білім беру мекемелерін қамтамасыз етеді.
Жетісу облысы