Іс-шараға қатысушылар алдында сөз алған Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова дәрігерлердің халықтың өмірі мен денсаулығын сақтау, отандық медицинаның дамуы жолындағы еңбегін атап өтіп, алғысын білдірді. Сондай-ақ вице-премьер саланы дамыту жолында Үкімет қолға алған іс-шаралар туралы да айтып өтті.
«Біздің басты мақсатымыз – халықтың қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет алуы үшін жағдай жасау. Қазірде еліміздің әр аймағында мамандарымыз күрделі оталар, оның ішінде жүрек-қан тамырлары ауруларына байланысты операциялар жасап жүр. Бұл медициналық қызмет сапасын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік берді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы жүзеге асырылып келеді. Оның аясында ауылдарда 655 алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету нысанын ашу мақсаты тұр. Олардың бір бөлігі қазірде ашылып, жұмыс істеп тұр», деді Т.Дүйсенова.
Денсаулық сақтау министрлігі ұйымдастырған саммит еліміздің барлық өңірінен келген 1 500-ге жуық адамның басын қосты. Бұл жиын медицина саласындағы соңғы жетістіктерді талқылау мен тәжірибе алмасу алаңына айналды.
Саммит аясында дәстүрлі түрде үзік отандық мамандарға «Аltyn shipager» ұлттық медицина сыйлығы табысталды. Жеңімпаздар 17 аталым бойынша марапатталды. Олардың қатарында стационар, жедел жәрдем дәрігерлері, ауылдық жерлердегі медицина қызметкерлері, медициналық колледж ұстаздары, провизорлар, фельдшерлер, медбикелер және т.б. мамандар бар.