Аймақтар • 15 Желтоқсан, 2023

Қарлы боран, көктайғақ салдарынан Жамбыл облысында жолдар жабылды

329 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жамбыл облысында қарлы боран, көктайғақ салдарынан жол көрінбей қалып, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолының 163-тен 230-шақырымына дейінгі учаскесі (жаңа Қордай асуы), «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автожолының Астана қаласы бағытындағы 125-шақырымы, Түркістан облысымен шекарада Шақпақ ауылы маңындағы Күйік асуы уақытша жабылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қарлы боран, көктайғақ салдарынан Жамбыл облысында жолдар жабылды

Фото: ашық дереккөз

Облыстық Полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзин жолдардағы күрделі жағдайға байланысты 750-ден астам полиция қызметкері күндіз-түні жолдарда кезекшілік етіп жатқанын мәлім етті.

«Ауа райы жақсарғанға дейін аталған аумақтар сіздердің қауіпсіздіктеріңіз үшін жабылады. Шектеу шараларына түсіністікпен қарауды сұраймын. Сағат сайын бізге бұзылып қалған көліктер туралы хабарламалар түсіп жатыр. Тас жолдарда 1000-нан астам автокөлік кептеліп тұр. Полицияның 750-ден астам қызметкері оларға көмектесіп, тәулік бойы кезекшіліктерін атқарып жүр. Біз күшейтілген режимде жұмыс істеп жатырмыз», деді департамент бастығы.

Полиция департаментінің бастығы тұрғындарды ауа-райының жақсаруын күтуге және алыс сапарларды бірнеше күн кейінге қалдыруға шақырды.