Тәуелсіздік мерекесі аясында бүгінгі жұрт мақсатын бір байыптап алсақ. Президент Қ.К.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалы мақаласында елдіктің алдағы міндетін – «қуатты елдің иесі және кемел халық болу» деп айқындап, осы бағдардағы іс-шаралар жүйесін – «Саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастырудан» бастауды ұсынды.
Мемлекет басшысының ел қуатын арттыру мен сананы жаңғырту жолындағы саяси реформалары қоғамдық құндылықтар жүйесін жаңартып, азаматтық белсенділік пен жауапкершілікті серпілтті. Қоғам мен мемлекет арасындағы сұхбаттастық пен әріптестік сенім жүйесін қалыптастыра бастады. Ел дамуының өзекті мәселелеріне қатысты талқылаулар мен шешімдерде жұртшылық пікірі әділеттік пен парасат аясында ескеріліп келеді. Ұлттық бірегейлікті түйсіну, қабылдау, қорыту қоғамның үйлесіміне іргетас болып қаланды. Еңбек құндылығы мен адалдық қағидаты өткеннің, бүгіннің, болашақтың өлшемі ретінде орнықты. Біздіңше, бұл – тоқмейілсу емес, әлем дамуының күрделі кезеңде Қазақстанның әрі жауапкершілігі, әрі батыл іс-қимылы.
Біз Тәуелсіздікті саяси-танымдық ұғым, атаулы күн, тарихи құбылыс ретінде айтқанда, 25 қазан – Егемендік туралы декларацияны жариялаған Республика күнін темірқазық етіп аламыз. Осы рәмізді белестің қайта жанданып, өз тұғырына қонуы – тарихи һәм адами әділеттіліктің көрінісі болды. Басқа-басқа, мың өліп, мың тірілген ұлтымыз үшін адам құқының немесе қақының орны бөлек. Оның негізін – қадір-қасиет пен теңдік ұғымы құрайды. Әділеттен қағылып, қорланғанда халық даналары: «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» деген. Ал теңсіздікке «Кеңесті жерде кемдік жоқ, Кеңессіз жерде теңдік жоқ» деп нақты баға берген. Әлі есімізде, 80-жылдары ілуде бір батыл зиялы БҰҰ Жарғысындағы «Ұлттар теңдігі және өзін-өзі басқару қағидатын» алға тартып, мінберден кібіртіктеп қана сөйлегенін көргенбіз. Осы ойды хатқа түсіріп, пікірі үшін азап шеккен бірлі-жарым азаматтың ауыр тағдыры тарихта қатталған.
Саяси егемендікке дейін, ғасырлар бойы әлемнің оразды ұлттары секілді біздің де этникалық санамызда еркіндік, өзгені сыйлау, кісіні алаламау, төзімділік, әділдік, жауапкершілік т.б. секілді жалпыазаттық ұғымының басты шарттары қалыптасып орнықты. Тіпті сыннан өтті десе де болады.
Демократияның жаһандық ұстын-тұлғалары айтқан «Туабітті еркін, тең, тәуелсіз адам өзінің келісімінсіз біреуге басыбайлы бағына алмайды» деген даналық барша елге бағышталғаны ақиқат. Немесе Францияның әділет, сот ғимараттары қабырғасындағы «Азаматтың және елдің құқы – еркіндік, меншікке қол тигізбеу, қауіпсіздік, езуге қарсылық» деп алтын әріппен жазылған нақыл – егемендіктің айнымас заңы. Бұл – ауа жайылудың шарты емес, Еуропа ғұламалары айтқандай, «Еркіндік дегеніміз – өз-өзіңді басқару».
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы жұрт кемелдігімен ғана ұстап тұратын елдік пен парасаттың парқын бірауыз сөзге сыйдырыпты: «Адамның өзінде кәмілдік болмаған соң, ісінде де кәмілдік жоқ». Мұны сары уайым демей, көзі ашық, жауапты азаматтарды қайрау деген дұрыс.
Қазір Тәуелсіздік күні – еліміздің мемлекеттік мерекесі. Бұл меже – қазақ халқының арғы-бергі тарихында рөлі бар қағанаттар мен мемлекеттік бірлестіктердің, хандықтар мен әмірліктердің елді жаудан қорғау жолындағы шайқастарын, бодан кезеңдегі азаттық пен теңдік үшін күрестерді еске алу күні ретінде орнығары айқын. Енді азаттық мерекесінде қоғамды алаламай, ұйыстыра түсетін тағы бір маңызды адамшылық парыз ұмытылмаса. Ол – ХХ ғасырда саяси сахнаға қандай түспен шықса да, қай шепте жүрсе де, елін, ұлтын ойлаған, сол бұралаң жолда мерт болған тұлғаларды еске алу.
Азаттық асқақтаған күні және бір пайымды ортаға салсақ дейміз. Әлемде Африканы айтпағанда, қағанағы қарық Америка, Канада, Нидерланд, Жапония, Қытай, Корея т.б. елдер де түрлі деңгейде өз тәуелсіздігі үшін күресті. Соның қайсысы бүгін мемлекет атауының алдына «тәуелсіз» деп жазып жүр? Ендеше, қарғыбауды қызықтай бермей, әлімсақ еліміздің ныспысындағы еркін, азат қалыппен бүгініміз бен ертеңіміз үшін қам жейік. Мәселені кеңірек қарасақ, Жапонның әйгілі Мэйдзи кезеңі пәтуасындай, 550 жылдық (шартты) емес, академик-антрополог Оразақ Смағұл дәлелдеп жүрген 3-5 мың жылдық аясында рәмізді тарихты, дербестікті нұсқайтын «Мемлекеттің негізі қаланған күн» туралы ойлау маңыздырақ.