Кейінгі жылдары Үкімет энергетика секторымен тығыз байланыста жұмыс істеуді қолға алды. Өйткені қазіргі таңда электр қуаты мен жылу энергиясына деген сұраныс артып, тұтыну көлемі күн өткен сайын өсіп келеді. Алайда электр энергиясын өндіруші кәсіпорындар мен жылу тарататын орталықтардың өндірістік қуатын арттырып, тұтынушыларды толық қанағаттандыруда бірқатар түйткілді мәселелер тұр. Біріншіден, энергетика саласы жеткіліксіз қаржыландырудың салдарынан алға баспай келеді. Екіншіден, тозығы жеткен жылу электр орталықтары жаңғыртуды, жаңартуды қажет етеді. Үшіншіден, тариф мәселесі. Электр және жылу қызметі үшін нарықтық тариф қалыптаспай отыр. Ал тариф құнын өсіру қарапайым тұтынушының қалтасына салмақ салады. Дегенмен нарыққа сай тариф белгіленбесе, энергетика саласында жаңғыру болмайды. Соның салдарынан энергия мен жылу өндіретін орталықтар жұмысында істен шығу қаупі туындайды. Осы ретте сала мамандары «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтын» ұсыныстарын ортаға салды. Яғни қарапайым халыққа қолайлы, энергия өндірушілерге тиімді ортақ тарифті айқындап алуды ұсынып отыр.
«Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясы» АҚ акционері Сергей Канның айтуынша, шынымен де мұқтаж тұтынушылар тобына қолдау көрсетілуі керек. Яғни тұтынушылардың әлеуметтік қорғалмаған санатын біз субсидиялауымыз қажет. Олардың тарифін көтеруде өте мұқият болу керек. Мұндай тәжірибе пандемия кезінде Астана мен Павлодарда қолданылды. Аталған қалаларда мұқтаж тұтынушылардың шоттарына тиісті қаражат аударылды. Біз осы санаттағы тұтынушы шығындарының субсидиялануына сенімдіміз», дейді Сергей Кан.
Энергия мен жылу өндірісіндегі қордаланып қалған мәселелерді шешу тек қана осы сектордың қатысушыларын ғана емес, мемлекеттік құзырлы органдарды да алаңдатып отыр. Алаңдауға негіз де жоқ емес. Еліміз бойынша жылу электр орталықтарының тозығы жеткен. Энергетика министрлігінің мәліметінше 95 пайызға дейін тозған, қайта қалыпқа келтіруге келмейтін стансалар бар. Айталық, жұмыс істеп тұрған 37 жылу электр орталығының 19-ы қызыл аймаққа, 11-і сары, 7-і жасыл аймаққа кірген. ЖЭО жабдықтарының орташа тозу деңгейі 66%-ды құрайды. Ал Орал, Степногор, Тараз, Қызылорда, Кентау қалаларындағы ЖЭО жағдайы, тіпті, қиын. Ондағы тозу көрсеткіші 80%-дан асып кеткен. Демек жылу маусымында тозығы жеткен стансаларда штаттан тыс жағдайдың болмауына ешкім кепілдік бермейді. «Қазақстан электр энергетикасы қауымдастығының» төрағасы Талғат Темірхановтың айтуынша, сектор мамандары аталған проблеманы шешуде мемлекеттік органдармен бірлесе әрекет ету қолға алынған.
«Апаттарды болдырмаудың бірден-бір жолы – кәсіпорынға ең жақсы қолжетімді технологияларды енгізу. Сондай-ақ Табиғи монополияларды реттеу комитетімен келіссөздерден кейін біз жалақы негізінде тарифті реттей алдық. Соның нәтижесінде кейбір өңірлерде жалақыны 40%-ға дейін көтердік. Сонымен қатар Ұлттық экономика министрлігімен де келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Алға басу бар. Дегенмен ведомствоаралық үйлестіру жағынан ақсап тұрғандығын сеземіз. Яғни бір мемлекеттік орган бізге бір нәрсені, екінші ведомство басқа нәрсені айтады», деді Талғат Темірханов.
Биыл жылу және электрмен жабдықтау нысандарын жөндеу жұмыстарына 146 млрд теңге жұмсалған. Оның 16 млрд теңгесі энергетикалық кәсіпорындар тарапынан бөлінсе, 20 млрд теңге Үкімет резервінен бағытталған. Осы ретте сала мамандары бұл секторға мемлекеттік қолдау шараларын, сондай-ақ «Инвестиция орнына тариф» жаңартылған бағдарламасын іске асыру қажеттігін айтып отыр.
«Инвестиция орнына тариф» бағдарламасына тәуелдіміз. Бағдарлама стансалардың жабдықтарын жаңғырту мен жөндеуге нақты мүмкіндік береді. Басқа қаржы көздері жоқ. Бүгінгі басты міндетіміз – өткен жылдары «Инвестиция орнына тариф» бағдарламасында жіберілген қателіктерді саралап, қорытынды жасауымыз керек. Соның нәтижесінде жылу жүйесін ретке келтіріп, инфрақұрылымды тариф негізінде жөндеп, жаңалай аламыз», дейді «Қазақстанның салалық энергетиктер кәсіподағы» төрағасы Оразбек Бекбас.
Үкімет энергетика саласындағы мәселелерді жүйелі түрде шешуді көздеп отыр. Қазігі таңда саланы дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленді. Тұжырымдама аясында энергетиканы дамыту жобаларына қатысатын кәсіпорындарға (кемінде 20 пайыз) 7 пайыз мөлшерлемемен 20 жылдан аспайтын мерзімге жеңілдетілген несие беру көзделген. Бұл жылу орталықтарын жаңғыртуға жақсы мүмкіндік туғызады.
Айта кету керек, 2024 жылы «Жылу энергетикасы туралы» заң қабылданады. Ол ұзақмерзімді жоспарларды жүзеге асыруға және орталық пен жергілікті атқарушы органдар мен нарыққа қатысушыларды өзара жүйелеуге жол ашпақ. «Қазақстан электр энергетикасы қауымдастығының» мақсаты да сол – тариф саясатын, секторға жеңілдетілген несиелеуді енгізу және саланы реттейтін бірыңғай мемлекеттік жүйені анықтап алу. Жиналыс қорытындысы бойынша энергетикалық қоғамдастық, Қазақстанның энергетика саласын дамыту жөніндегі барлық ұсыныс бір жерге тоқайластырды.