Аймақтар • 16 Желтоқсан, 2023

Қыс қысып тұр: Екі ауданда төтенше жағдай жарияланды

313 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жамбыл облысында жауған алғашқы қар халықты әбігерге түсірді. Бет қаритын үскірік аяз салдарынан бірқатар жол жабылып, кейбір аудандарда тұрғындардың қарға адым жер аттап басуы мұңға айналды. Салдарынан жол апаты да артты.

Қыс қысып тұр: Екі ауданда төтенше жағдай жарияланды

Қыс мезгіліне дайындық жұ­мыстары сәтімен жүргізілгеніне қарамастан, Жамбыл ауданының аумағындағы бірнеше ауыл тұрғындары, 980 үй көгілдір отынсыз қалды. Жергілікті атқарушы билік тарапынан бұл мәселе жедел бақылауға алынды. 12 желтоқсан күні істен шыққан магистралды газ құбырын қалпына келтіру жұ­мыстары өңір басшысы Ербол Қа­рашөкеевтің назарынан тыс қал­ған жоқ. Тиісті жұмыс атқарылды.

Ауа райының күрт өзгеруі 14 желтоқсаннан 15 желтоқсанға ауған түні де жалғасты. Жал­пы алғанда, қар аралас боран мен тұман салдарынан 12 желтоқ­саннан бастап, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі бо­йындағы «Тараз – Алматы» бағы­ты бойынша және облыстық ма­ңызы бар бірқатар жолда көлік қозғалысы тоқтатылды. 13 желтоқ­саннан бастап өңірлік жедел штаб құрылып, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

14 желтоқсаннан 15 желтоқ­санға ауған түні Қордай ауданында жағдай күрт өзгерді. Боранды күнде жолға шыққан азаматтарды құтқару жұмыстары басталып кетті.

пар

«Құтқару жұмыстарына 117 арнайы техника, 103 арнайы маман жұмылдырылды. 14 желтоқсан күні сағат 23.00-дегі жағдай бо­йын­ша құтқару бөлімшелерімен 1279 адам құтқарылып, эвакуа­цияланды. Олар Қордай ауда­нындағы 6 жылыту пунктіне орналастырылды (Қайнар-1, Алға-1, Қордай-3, Кенен-1). Әлі де қар құрсауында қалып отырған кө­ліктердің саны нақтыланып жатыр. Қатты жел мен қалың қардың салдарынан Шу ауданында электр желілері үзілді.

Төтенше жағдай салдарынан «Шу Отар» учаскесінде 11 жолау­шы пойызы тоқтап тұр, олардың әрқайсысында орташа есеппен 500-700 адамнан бар. 12 жүк по­йыз­ы өз уақытынан кешігіп жатыр. Облыстың 4 ауданының 32 елді мекенінде 8 882 абонент электр қуатынан ажыратылған. Қазіргі кезде желдің жылдамдығы секундына 45 метрге дейін жеткен», делінген облыс әкімдігінің бас­пасөз қызметі таратқан бас­тапқы мәліметте.

Соңғы деректерге жүгін­сек, 15 желтоқсанның ала таңында мамандардың әбжіл қимы­лының арқасында 2 413 адам құтқа­ры­лыпты. Олардың ішінде 90 бала бар. Сондай-ақ 600-ге жуық азамат үйіне қайтқан. 1 813 азамат алты елді мекендегі жылыту пункттеріне жеткізілген. Маман­дар 3 азаматты Қордай ауда­нының орталық ауруханасына апарған. Олардың жағдайы тұрақты көрінеді. Жалпы алғанда, екі тәуліктің бедерінде 5 000 адам құтқарылған.

«Қазіргі уақытта Қордай және Шу аудандарында қосымша 825 орындық 9 жылыту пункті ұйымдастырылған. Құтқару шара­ларына 171 адам және 76 бірлік техника жұмылдырылған. Жол­дағы блок-бекеттерге полиция нарядтары қойылған.

Электр желілерін қалыпқа келтіру бойынша «Жамбыл электр желілері» ЖШС-мен 23 ава­риялық-құтқару тобы, 27 арнайы техника жұмылдырылды. Газ құбырларының апаты тіркелген жоқ, штатты режімде берілген.

Төтенше жағдайға байланысты «Шу-Отар» учаскесінде 11 жолаушы пойызы тоқтап қалған болатын. Шу аудандық көлік про­куратурасының ақпараты бо­йын­ша, қазіргі кезде жолаушылар пойыз­дары жүре бастаған», делінген ресми мәліметте.

Өңір басшысының шешімімен 14 желтоқсанда Қордай және Шу аудандарының аумағында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Қазіргі таңда қауырт желі нөмірлері үздіксіз жұмыс істеп тұр.

Қысқы маусымға дайындық жұмыстары күні бұрын пысық­талғанымен, өңірде газ құбырының істен шығуы жұртты кәдімгідей алаңдатты. Жамбыл ауданының кейбір елді мекендеріндегі жағдай көпке сабақ болса деп отыр­ға­ны­мызда, Тұрар Рысқұлов ауда­ны­ның орталығы Құлан ауылының кіреберісіндегі көше тұрғындары да көгілдір отын мен ауыз сусыз қалғанын айтып хабарлас­ты. Абы­рой болғанда жергілікті ат­қарушы биліктің жедел іске кірі­суімен газ берілген көрінеді. Ауыз су да түн ортасынан ауғанда қосылды.

«Биыл қыс болмайды екен» деп жайбарақат жүрген тұрғындар алғашқы қардың өзінде әбігерге түсіп отыр. Аяз салдарынан жол апаты да жиіледі. Қалай десек те қытымыр қыстың алғашқы аязы жергілікті билікті де бір сынап алды. Дайындық жұмыстарының қай деңгейде жүргізілгенін көр­сетіп бергендей болды.

 

Жамбыл облысы