Аймақтар • 15 Желтоқсан, 2023

Қағазда қатып тұрғанымен...

122 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жауапты науқанға жан-жақты дайынбыз деген ақпараттың шындығына күмәнмен қарайтындар көбейген. Желтоқсан айының алғашқы күндеріндегі аяз біраз жайдың бетін ашқан сыңайлы.

Қағазда қатып тұрғанымен...

Күз жауынды-шашынды болғанымен, майтоңғысыз жылы еді. Биылғы қыс шыбынсыз жаз сияқты жылы болады деп жорамал айтатын сәуегейлер көбейген. Әйтсе де, тылсым сырын ішіне бүккен табиғаттың қылт етпе тосын мінезі көп. Желтоқсан туысымен күн күрт суытты. Алдымен Степногор қаласының жылу жүйесінде апат орын алып, көңілді күпті еткен. Іле облыс орталығындағы Р.Сабатаев, Б.Әшімов, М.Ғабдуллин, Е.Серкебаев көшелерінің қиылысындағы жылу жүйесінде оқыс оқиға орын алып, оннан астам көпқабатты тұрғын үй жылусыз қалды. Сол күндері ауа температурасы -40 градусқа таяп қалған. Жылусыз қалған үй тұрғындары тон жамылғанымен, тоңазып таң атырды.

Алдымен Степногор қаласындағы апат туралы айта кетелік. Жауапты мекеменің мәліметінше, желтоқсанның 7-сі күні түн ортасы ауа жылу құбыры жарылып, апат салдарынан жеті мыңға жуық тұтынушысы бар үш бірдей шағын аудан жылусыз қалған. Апаттың салдарын жойып, бар жұмысты қалпына келтіру үшін тозығы жеткен жылу жүйелерінің иесі «Степногорск теплотранзит» серіктестігі 30 адам мен 6 бірлік техниканы жұмылдырып, жанталаса жұмыс істеді. Желтоқсанның 8-і күні апат салдары біртіндеп жойылып, жылу жүйесін сумен толтыру және осы уақытқа дейін тоңып, жау­рап отырған шағын аудан тұрғындарының үйлеріне жылу беру басталды. Әкімдік берген ақпаратқа сенсек, қазіргі күні жағдай қалыпты. Бір есептен Степногор қаласының жылу жүйесінің тозығы әбден жеткендігі, бұл тараптағы істің жайын білетін маман кадрлардың тапшы екені туралы өткен жылы ел газеті – «Егеменде» жария еткен болатынбыз. Жалғыз біз ғана емес, бұқаралық ақпарат құралдарының көпшілігі ұлардай шулаған. Мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлінді. Жанашырлық жасалмады деп өкпелеудің жөні жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі тікелей тапсырма беріп, Үкімет қорынан 2 миллиар­д теңге қаражат бағытталды. Кейін жауапты жергілікті басшылар тарапынан көңілге сенім ұялататын сертке бергісіз ақпарат та айтылды. Қақаған аяз келгенше қағазда бәрі қатып тұр еді.

«Жығылғанға жұдырық» дегендей, Степногор қаласындағы шу басыла бергенде, Бурабай баурайында тағы бір бітеу жараның өзегі жарылып, шу шықты. Аудан әкімі Арай Садықов әлеуметтік парақшасында мән-жайды түсіндіріп, жазба жариялады. Белгілісі, желтоқсанның 3-і күні Щучинск қаласының №12 қазандығындағы мазут құйылған цистернаның қабырғасында 32 миллиметрлік жарық пайда болған. Осы жарықтың салдарынан сыздықтап аққан мазут жылу жүйесіне қосылып кеткен. Соның әсерінен қоймалжың тартқан су қоспасы жылу қазандығына жақын орналасқан нысандарын ішкі жылу жүйесін түгел бітеп тастамағанымен, ыстық судың кідіріссіз өтуіне мүмкіндік бермейтін деңгейге жеткен. Ыстық су өтпегеннен кейін бес көппәтерлі тұрғын үй мен №8 мектеп-гимназиясы жылусыз қалған.

– Бұл қазандық Станционный шағын ауданын, Бурабай курортты стансасын, темір жол кәсіпорындарын жылумен қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта «Жаңа тұрмыс 2020» серіктестігі №8 мектеп-гимназияның жылу жүйесін мазут қосылған қоймалжың судан тазартып жатыр. Қазіргі уақытта жылу жүйесінің суы тазарып келеді, – дейді аудан әкімі Арай Серікбайұлы, – бүгінгі таңда жылу қалыпты беріле бастады.

Енді аса бір маңызды мәселеге көңіл аударалық. Биылғы жылы жылу маусымын ойдағыдай өткізу үшін бюджеттен қыруар қаражат қарастырылып, оның ішінде коммуналдық кәсіпорындарға энергия ресурстарын сатып алуға 9,8 миллиард теңге бөлінген болатын. Облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, жекеменшік тұрғын үй иелері 685 мың тонна көмір дайындаған. Ал жылда пайдаланатыны бір миллион тоннаға жуық. Демек әлі де қыруар көмір қажет. Ал жылыту маусымына қажетті мазут туралы айтатын болсақ, коммуналдық қызметтердің қоймасында 7 496 тонна мазут бар. Керегі 62 мың тонна. Айырмашылығы көзге ұрып тұр.

Ала жаздай айтылған ақпараттардың қаншалықты шындыққа жанасатындығын желтоқсанның алғашқы күндеріндегі аяз бас­тан жақты айырғандай етіп көрсетіп берді. Тегі жалған ақпарат жарға жығады дейтін ақиқатшыл сөз шын-ау тәйірі.

 

Ақмола облысы