Жемқорлық • 20 Желтоқсан, 2023

Жемқорлықты қалай жеңеміз?

317 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Жер-жаһанда жемқорлыққа қарсы қолға алынған шаралардың барлығы жемісті болған жоқ. Бірақ белгілі бір деңгейде жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың жүгенін тартып, қоғамдық санаға сілкініс болғандарын да жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, бюрократиясыз бизнес бастап, жұрттың адал еңбек етіп, әлеуметтік жағдайын жақсартуына жол ашып берген еуропалықтардың бойында қазір «елдің қазынасына қол салу» деген түсінік жоқ. Ал бізде қазына қаржысына қол салуды қанына сіңдіріп, әдетіне айналдырған басшылар мен қосшылар көп.

Жемқорлықты қалай жеңеміз?

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Құлқынның қамын күйттегендердің қолына кісен салынып жатқаны да рас. Осы жылдарда сыбайлас жемқорлыққа нақты құқықтық сипаттама беріліп, әкімшілік және қылмыстық жауаптылық бекітілді. Түсіндіру мен ағартушылық жұмыстарына көңіл бөлінді. Мектептер мен жоғары оқу орындарында арнайы дәрістер жүр­гі­зі­ліп, пәндер енгізілді. Қылмысқа қарсы күрес­­тегі алдыңғы қатарлы елдерге сарап­шы­­лар­ өз ұсынымдарын жіберіп, осы ба­ғыт­тағы алыс және орта мерзімдегі мақ­­саттар айқындалды. Осылайша, қо­ғам­­ның жоғары шенді парақорларды қор­қы­ныш­сыз әшкерелеуге көшкен құзырлы орын­дардың жұмысына көңілі тола баста­ған­дай еді. Сәтті басталған кейбір жобалар жоғары лауазымды адамдарды да жауап­кер­­­шілікке тартқызуға мүмкіндік берген.

 

215 жемқордың 137-сі басшы лауазымын атқарған

Бүгінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы жұмыс істеп жатыр. Құжат сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жүйелі түрде жоюға, жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етуге, қоғамдық сананы түбірінен өзгертуге арналған. Негізгі мәселенің бірі – шенеуніктердің заңсыз байығаны үшін жауапкершілігін енгізу. Оның ішінде фискалдық және мансаптық санкциялар шенеуніктің шығыстарын анықтауға мүмкіндік беретіні ескеріліп, жұрт талайдан бері зарыға күтіп жүрген жалпы декларация­лау мәселесін шешу көзделеді. Алайда бұл жұмыстың толық орындалу мерзіміне әлі талай уақыт бар. Сол 2027 жылға дейін жемқорлар жегенін жақындарының атына жаздырып, заңсыз ақшаларды ағайын-туысына аударып үлгеруге тырысып жатыр. Мұндай түсініктегілерді тек қана жоғары шенділердің арасынан іздеу қате. Себебі қазір қолында мүмкіндігі бар кез келген адам мемлекеттің беретін мүмкіншілігін қалтаға басып қалуға асық. Мәселен, әлеуметтік көмек алу үшін ажырасып, тегін үй алу үшін жылжымайтын мүлігін өзгелердің атына аударып, қызметте отырғанда туыс-туғанын топырлатып қол астына алудың амалын тауып келеді. Ал осындай тар түсінік тамыр жайып тұрғанда сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамдарды қорғау жүйесі жемісті боларына сенім аз. Айтпақшы, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңға сәйкес, квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірыңғай саясатты қалыптастыру мақсатында комплаенс-қызметтер туралы үлгілік ереже бекітілген. Былтырдан бастап агенттік өз ішінде де қызметкерлерін парасаттылыққа тексеру үшін «Integrity Check» қанатқақты жобасын бастаған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Превенция қызметі басшысының орынбасары Жігер Байділдин: «Агенттік қоғам өмірінің барлық саласында жемқорлықты жою бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде», деп отыр. Айтуынша, биыл жемқорлық тәуекелдеріне 86 сыртқы талдау, 132 жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізілген. Мемлекеттік органдарға 1693 ұсыным мен ұсыныс енгізіліпті. Сыртқы талдау нәтижесінде анықталған жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша 58 ұсыным әзірленген. «Агенттіктің ұсыныстары бойынша қанатқақты режімде адами факторларсыз жұмыс істейтін жаңа ақпараттық жүйелер енгізілді. Ұлттық және озық шетелдік тәжірибемен қатар қоғамның сұранысын ұдайы қарастырамыз. Биыл 10 айдың қорытындысы бойынша бюджетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне 857 млрд теңге мүліктік активтер мен ақшалай қаражат қайтарылды. Оның ішінде шетелдік юрисдикциялардан түскен 159,8 млрд теңге мемлекет бюджетіне түсті. Айталық, Аустриядан 36,8 млрд, Лихтенштейннен 116,7 млрд, БАӘ-ден 6,3 млрд, Түркиядан 253 млн теңге қайтарылды. Қайтарылған қаржы елдің әлеуметтік-экономикалық салаларына жұмсалады. Мәселен, биыл Ақтөбеде жемқорлардан кері қайтарылған қаражатқа workout алаңы мен жаңа мектеп ашылды. Бұл жұмыс жалғаса береді», дейді Жігер Еркінбекұлы.

Агенттік жергілікті атқарушы орган­дардағы жемқорлық қылмыстарға да ерекше назар аударып отыр. Себебі өңірлерде парақорлық қылмыс артып кеткен. Биыл аймақтарда істі болған 215 жемқордың 137-сі басшы лауазымын атқарған. Жемқорлыққа бейім мемлекеттік қызметшілердің ең көп саны Алматы, Шымкент қалалары, Алматы, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Ақмола, Абай және Жетісу облыстарына тиесілі. Мемлекеттік сатып алу порталының мониторингі барысында 38 млрд теңгеден аса шығынның алды алынған. Агенттік өкілінің айтуынша, бүгінде облыстарда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасын іске асыру шеңберінде 2,44 трлн теңгені құрайтын 156 әлеуметтік нысан белгіленді. Оларды жымқыруға жол бермеу үшін құрылыс барысына мониторинг жүргізіліп, жұртшылықты да осы үдеріске қатыстырып отыр. «Жалпы халықтың жемқорлыққа қарсы белсенділігі артып келеді. Биыл тамызда іске қосылған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасына 2 мың азамат қатысқан. «Бизнеске жол» жобасы қолға алынғаннан бері 24 мың бизнес субъектісіне көмек көрсетілді, 550-ден аса проблемалық кейс шешілді», дейді ведомство өкілі. Агенттік соңғы 3 жылда жемқорлық құқық бұзушылық жасаған 1 388 лауазымды адамды әшкерелеген. Алматы, Шымкент және Талдықорған қалалары, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда және Түркістан облыстарының білім беру саласының лауазымды тұлғаларына қатысты жымқыру фактілері бойынша­ бірқатар резонанстық қылмыстық іс тіркеліпті. Мектеп директорлары мен бухгалтерлері жалақы қорынан мил­лиард­таған бюджет қаражатын жым­қыр­са, 10 айдағы жемқорлыққа барынша бейім мекемелердің статистикасының көш басында жергілікті атқарушы орган­дар – 225, құқық қорғау органдары – 33, квазимемлекеттік сектордың қызмет­керлері 70 парақорымен алға шығып отыр.

 

Жаза ма, жеңілдік пе?

Қазына қаржысына қол сұққан жем­қорларға жауапкершілік күшейіп келеді. Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Адель Ешмағамбетованың айтуынша, жемқорлық қылмыстар бойынша сотты болғандардың мүлкi тәркiленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылады. Айыппұл салу, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жазалар да бар. Алайда жазаға тартылған жемқордың жеңілдікпен бостандыққа шығуына да жол беріледі. Мысалы, ҚК-тің 72-бабына сәйкес, егер сот «адамның түзелуі үшін тағайындалған жазаны толық өтеуі қажет етіл­мейді» деп танитын болса, қылмысын өтеп жатқан адамды мерзiмiнен бұрын боса­туы мүмкiн. Не болмаса келтірілген залал­ды толық өтеген және ол жазаны өтеу­дің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұз­ба­ған жағдайда, бостандыққа ерте шығады.

Сондай-ақ ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысы сотталған жүкті және жас балалары бар әйелдер, жас бала­ларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектер, 58 жастағы және ол жастан асқан әйелдер, 63 жастағы және ол жастан асқан еркектер, бірінші немесе екінші топ­тағы мүгедектігі бар адамдардың да шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығуға мүмкіндігі бар. Ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс үшін бас бостандығынан айырылғандар мен ынтымақтастық туралы процестік келі­сімнің барлық талабын орындаған адам­ның да шартты түрде мерзімінен бұрын шығуына кедергі жоқ. Келтірілген залал­ды толық өтеген не жазаны өтеудің белгі­ленген тәртібін қаскөйлікпен бұз­ба­ған жағдайда да жемқорлар жазасын неғұр­лым жеңіл жаза түрімен ауыстыра алады. Бұл ретте ол жазаның қосымша түрін өтеуден толық немесе ішінара боса­тыла­ды. Тіпті бізде айыппұлын өтегендер мен ден­­са­у­лығы сыр берген сотталушылар да бос­­тан­дыққа шығу мүмкіндігін алуға құқысы бар.

«Әділдік жолы» РҚБ директоры Дидар Смағұлов заңнамалар барынша қатаң әрі жемқорлармен күрес қарқынды жүріп жатқанын жеткізді. Бірақ қанша жерден түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, заң қатаңдатылғанымен, жүйе­дегі кем-кетіктерді реттемей, жем­қорлықты толық жою мүмкін емес екенін айтады. Себебі мемлекет бюджетін бақылап, ол қаражаттардың қайда, қалай жұмсалып жатқанын қадағалап отыратын органдардың ресурсы аз. Осылай деген ол: «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері аудиторлар санының жеткіліксіздігімен де байланысты. Елімізде жыл са­йын миллиондаған мемлекеттік сатып­ алу келісімшарттары жасалады. Өте ауқымды салада тексерушілер аз. Қызметкерлер физикалық түрде тексеруді уақытында өткізе алмайды, одан кейін жұмыстағы ауыртпашылықтан шаршау, нем­құрай­дылық пайда болады. Бұл жалпы жұмысқа кері әсерін береді. Тура осы жағдай жол құрылысы, мектеп, музей, т.б. мемлекеттік нысандардың құрылыс сапасын тексеретін техникалық қызметкерлерге де қатысты. Кейбір нысандарды қабылдауда құзыретті мамандар тапшы. Қарапайым су тазалайтын станса құрылысында сол саланы жақсы, жетік білетін маман тексермесе орындаушының қай жерде сапасыз материал қолданып, қай жерде ақша үнемдеп қаражат жымқырғанын анықтай алмайды. Мамандар тапшылығы, олардың кәсібилігіне назар аударып, қажет салаларда цифрландыру енгізілсе, оң нәтиже беретініне сенімдімін», дейді.

Сондай ол қоғамда әлі күнге дейін жем­қорларға деген көзқарастың өзі дұрыс қалыптаспағанын тілге тиек етті. Айтуын­ша, адамдар парақорларға деген теріс көзқарасын айқын білдіргенімен, өз орта­мыздағы осындай заң бұзу­шылық­тар­дың әрекетіне көз жұма қарау бар. Бұл тіпті өз таныстарымызға тірелгенде «кім жемей жатыр?» деген пікірге алып келеді. Ал жемқорлықтың үлкен-кішісі болмайды. Себебі бүгін жалған анықтама жасап берген дәрігер ертең министр бола қалса, халық қара­жатына қол сұқпасына кепілдік жоқ. Оның үстіне сыбайлас жем­қор­лық үшін бірнеше балама жазаның болуын жеңілдік деп санайтын Дидар Смағұлов: «Өйткені олардың заңсыз тапқан табыстары көбінесе төленген айыппұл сомасынан асып кетеді. Тағы бір мәселе – сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін заңды тұлғалардың жасалған қылмысқа сәйкес санкцияларымен тиімді жауапкершілігінің жоқтығы. Тәжірибеде тек басшы ғана жазаланады, ал сыбайлас жемқорлық әрекеттерге барған компаниялардың өзі еш шығынға ұшырамай, жұмысын жалғастыра береді. Сондай-ақ пара беруге уәде беру және алуға келісу үшін қылмыстық жауап­кер­шілік әлі қарастырылмаған. Олардың төлеген айыппұлы ұрланған қаражатты толығымен өтей алмауына тағы бір себеп мынау: ұрланған ақшаның зардабы терең. Мектеп, үйірме, лагерьге бара алмай қалған мыңдаған балалардың, жолда қайтыс болғандардың, медициналық көмек ала алмағандардың шығынын өтеу мүмкін емес», деп отыр.

Оның сөзінше, АҚШ, Қытай және Сингапурдың сыбайлас жемқорлыққа жол берген шенеуніктеріне берілетін жазасы қатаң. Мысалы, АҚШ-та пара алғаны үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айырып, үш еселенген айыппұл төлетеді. Қытайда жемқорлар өмір бойына бас бостандығынан айырылады не өлім жазасына кесіледі. Дегенмен сарапшы «сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тиім­ділігі жазаның ауырлығына ғана емес, сот төрелігінің тәуелсіздігі, мемлекеттік орган­дар қызметінің ашықтығына да байланыс­ты» дейді.

«Жаңару» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» РҚБ төрағасы Мэлс Семғалиев: «Статистика сыбайлас жемқорлық істерінің төмендегенін көрсетеді», дейді. Мысалы, 2018-2020 жылдары 2 мыңнан аса қылмыс жасалса, соңғы үш жылда тіркелген іс 2 мыңға жетпейді. Былтыр 1724 қылмыс тіркелсе, биыл10 айда шамамен 1500 қылмыс жасалған. Мұны сарапшы мемлекет пен қоғамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз жүргізіп жатқан күресінің нәтижесі деп бағалайды.

«Қатаңдатылған заңдар мен алдын алу шараларының арқасында қоғамның имму­нитеті де нығайды. Соңғы кезде жеңіл­діктер азайып, жауапкершілік артты. Қылмыскер бұдан былай шартты түрде мерзімінен бұрын босатылмайды. Жем­қор мемлекеттік қызметке өмір бойы орна­ласа алмайды. Оның ішкен-жегені мем­лекет меншігіне қайтарылады. Жалпы, біз­дің заңдарымыз жаман емес, мәселе олар­дың орындалуында. Заң бұлжымай орын­далса, жемқор жазасын толық өтемей бостан­дыққа шыға алмайды. Қоғамың өз ішінде де жемқор деген «атақ» кетпейтін қара дақ сияқты қабылдану керек», дейді ол.

 

Сана түзелмей, ұрылар азаймайды

Парақорлыққа қарсы күрес пәрменді болса, жемқорларды жүгендеу неге қиын? Бұл сауалға жауап берген психолог Балабек Сақтағановтың сөзінше, санаға сіңіп кеткен сыбайластықты жою мүмкін емес. Бұл үшін 20-30 жыл уақыт керек, оның өзінде белгілі бір шарттар жүзеге асуға тиіс. «Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, мұқтаждықтан арылту маңызды. Адамдар ертеңгі күнге қорықпай, баласының болашағына алаңдамай, қажет еткен нәрселеріне қол жеткізе алуы керек. Таршылық көрмей өскендерде жемқорлыққа бейімділік болмайды. Себебі олардың психологиясында жоқшылыққа деген қорқыныш жоқ. Қазір таршылықта өмір сүріп, тоқшылықты армандап өскен адамдардың өзінің де, балаларының да ақша жымқыру психологиясы қатар өсіп келеді», дейді маман. Жоғары оқу орнын бітірген әрбір адам әке-көкесіз қызметке тұрып, отбасын асырау мәселесі бас ауруға айналмаса, жемқор болуға қажеттілік жоқ. Психологтің пайымынша, жоғары жалақы алатын адам 500 мың теңге үшін қолын былғамайды. Тұрақты жұмысқа кепілдік берілсе, жемқорлық азаяды. Адамдар пікірін ашық айта алатын демократиялық қоғамда жемқорлықты жоюға болады. Осы айтылғандар жүзеге асырылмаса, қоғамның санасын өзгертуге заңның қауқары аз. Өйткені қоғам қолы былғанған адамдардың неғұрлым көп ақша алып, артынша әртүрлі жеңілдіктермен бостан­­дыққа шығып жатқанын көріп отыр. «Жалпы, қоғамның ең төменгі деңгейі құл­дық сана болса, бізде ұры психология пісіп жетілген. Әркім қолдан келгенше, мүм­кін­дігі жеткенше бір нәрсе алып қалуға ты­рысады. Жемқорлықтан қорқуға себеп жоқ. Осы себептен, лауазымды тұлғалар өзі­нің жағдайы жеткілікті деңгейде болса да, адамдардың жоқшылықта өмір сүріп жат­қанын көріп, «ертеңгі балаларыма бір нәрсе қалдырайын» деген ниетпен үсті-үстіне жеп қалуды құп көреді. Қазына қар­жы­сына қол сұққандардың қалтаға басқа­нын түгел қайтартып, лайықты жазасын бергенде ғана қоғамның санасына сілкініс жасай аламыз», дейді Б.Сақтағанов.

Психологтің сөзін әлеуматтанушы Айдар Хамит те толықтай растап отыр. Оның айтуынша, халықтың табысы мен әлеуметтік-экономикалық жағдайын, елдегі әділдік қағидаттарын орындау арқылы жемқорлықты азайта алған елдер бар. «Қазір халық көп тұтынатын салаларда қалтаға қол салу, сыбайластық көп. Оның бір ұшын құлдық санадан іздеген дұрыс. Тәуелсіздіктің маңызын түсінбеу де мемлекеттік бюджетке деген қарым-қатынасты қалыптастырады. Жауаптыларда жанашырлық жоқ. Халық­­тың мемлекет беретін әлеуметтік игілік­терді алу үшін түрлі амалға баруы осыдан. Ондай қоғамда өскен адамдардың бойындағы ұрлық сананы өзгерту тәуел­сіз­діктің қадірін түсіндіруден бас­т­алу керек. Себебі тәрбие мен білімі, мәдениеті қалыптасқан қоғамда ұры-қары азаяды. Әйтпесе, қазіргідей қатаң жазаны жеңілдетіп алуға қолы жететін қоғамда жастар аға буынға қарап өсіп келе жатыр», дейді әлеуматтанушы.

Сыбайлас жемқорлық барлық елде бар. Бірақ бұл кесел бір елдің жапырағында, бірінде бұтағында бар. Ал бізде тамырына дейін еніп бара жатыр. Сондықтан сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға әл-дәрменіміз келмей отыр. Халық соңғы үміт ететін судьяларға да сенбейді. Себебі соттардың ішінде де сыбайлас жемқорлық бар. Жоғарғы соттың отставкадағы судьясы, мемлекеттік әділет кеңесшісі Рақымбек Мамырбаев осылай дейді. Оның айтуынша, бұл қылмысқа қарсы күресетін күштік құрылымдардың өзі осындай кеселге шалдыққан. Ал өз ішіндегі қылмыс ішінара ғана ашылады. Сол үшін күштік құрылымдардың жұмысын бақылайтын жекеменшік ұйым жұмыс істеуге тиіс. Мәселен, жұрт жекеменшік детективтік агенттік секілді мемлекетке тәуелді емес ұйымға заңсыздық туралы хабарлап, әшкерелеп отырса құқық қорғау органдары да аяғын аңдап басатын еді. «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» деген тәмсілге сенетін халық олардың арасындағы тексеріске бәрібір күмән келтіреді. «Ел бюджетіне орасан шығын келтірген жемқорларға жеңілдік болмау керек. Бізде түйені түгімен жұтқандарға берілген жаза мерзімі аз. Өкінішке қарай, «айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылғанды» да көрдік. Бұл ертең қоғамның ой-санасын өзгертеді», дейді ол. 

Түйін: Сарапшылардың сөзіне сенсек, жемқорларға қарсы ілкімді істердің өзін­де­ ілік көп. Содан да болса керек, қанша жерден заңды қатайтып, жаза мерзімін арт­тырғанмен жемқорлықтың жолын кесіп, парақорлардың қылмысқа қарсы имму­ни­те­тін арттыруға қол жеткізе алмай келеміз. Кресло арқылы байығысы келетіндер бақ-дәулетке жетудің жолын мем­ле­кет­тік қызметтен іздеді. Сыбайлас жемқорлық ауыр қылмыс санатына жатса да, денсаулығы сыр бергені расталған да неге жауапкершіліктен ерте боса­тылады? Демек жазадан құтылудың түрлі амалдары қоғамдық сана­ға теріс әсер етіп, жемқорлыққа қарсы күрестің пәрменін әлсірете береді.