Коллажды жасаған –Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Экономиканың нақты секторындағы өсім 3,5 пайыз болса, бұл көрсеткіш қызмет көрсету саласында – 5,6 пайыз. Өсім көрсеткен секторлар қатарында сауда, байланыс және ақпарат, транспорт, құрылыс бар. Өңдеу өнеркәсібі де өсім қарқынын сақтап отыр. Мұндағы өндіріс көлемі 3,4 пайызға өскен.
«Жағдай одан әрі жақсарады деп сенеміз. Халықаралық агенттіктер де біздің рейтингімізді растап отыр. Ковидтен кейінгі жағдай, былтыр басталған соғыс, әлі күнге жалғасып жатқан геосаяси қақтығыстар бар. Олар біздің экономикамызға теріс әсер етеді. Әрі Қазақстан теңізге шығар жолы жоқ ел. Әлгіндей қиындықтар туындаған кезде бізге саудаласу қиынға соғады. Қазақстан экспорттық маршруттарды әртараптандыру үшін амалдар іздестіріп жатыр. Сонымен бірге саяси, экономикалық реформалармен, соның ішінде жаңа Салық кодексін дайындаумен айналысып жатырмыз», дейді Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.
2023 жылдың қорытындысында ішкі жалпы өнім өсімі 5 пайыз деңгейінде болады деп күтіліп отыр. Республика бойынша жан басына шаққандағы ІЖӨ 11,5 мың доллардан 13,3 мың долларға дейін өскен.
Биыл бірінші жартыжылдықтағы тікелей шетелдік инвестиция (ТШИ) көлемі 13,3 млрд долларға жеткен. Бұл көрсеткіш ортамерзімді кезеңде экономикалық өсуді қолдауға кепілдік береді. Жыл қорытындысы бойынша ТШИ-ді шамамен 27 млрд доллар деңгейіне жеткізу жоспарланған. Жалпы, экономиканың барлық саласында жалпы құны 967,7 млрд теңгені құрайтын 210 жаңа инвестициялық жоба іске қосылды. Ол 19,5 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Жыл қорытындысы бойынша 1,6 трлн теңгеге 291 жоба пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр.
Жыл басында 21 пайыздан асып кеткен инфляция 2 есе, яғни 10,3 пайызға дейін төмендеді.
«Инфляция деңгейін тұрақтандыру – Үкіметтің маңызды міндеті. Мәселен, былтырдан бері жедел және ортамерзімді сипаттағы 90 іс-шараны іске асыруды көздейтін инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі жұмыстар кешенді түрде іске асырыла бастады. Бұл өз кезегінде бағаға деген қысымды төмендетуге және 2023 жылы инфляцияны бәсеңдетуге мүмкіндік берді. Биыл инфляцияны бәсеңдетуге арналған іс-шаралар кешенін іске асыру әсері (оның ішінде 2022 жылы іске асырылған шараларды ескере отырып) 4,16 пайыздық тармақ деңгейінде бағаланды. Бұл ретте өнім өндіру көлемін ұлғайту жөніндегі шаралар (2,11 пайыздық тармақ) неғұрлым тиімді болып бағаланады», делінген Үкімет мәлімдемесінде.
Сонымен қатар ІЖӨ-дегі шағын және орта бизнес үлесі де арта түскен, нақтылап айтсақ, 36,4 пайызға жетті. Биыл 9 мың жобаға субсидия беріліп, бұл сегментке бағытталған жалпы несие сомасы 669 млрд теңгені құраған. Мемлекет қабылдаған іс-шаралар нәтижесінде ШОБ өнімін шығару осы жылдың сәйкес кезеңінде 29 трлн теңгеге (2022 жылдың 6 айында 23 трлн теңге болған) дейін артты. ШОБ саласында жұмыспен қамтылған азаматтардың саны 500 мыңға өсіп, 4,3 млн адамды құрап отыр.
Сыртқы саудадағы ахуалды да тәуір деп бағалауға болады. Алғашқы алты айда өндірушілердің дайын тауар айналымы 39,4 млрд доллар болды, бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22 пайызға жоғары. Оның үштен бірін жалпы құны 12,1 млрд доллар болатын отандық шикізаттық емес тауарлардың экспорты құрады.
Отандық тауар өндірушілердің сыртқы нарықтарға шығуын қамтамасыз ету үшін Сауда және интеграция министрлігі экспорттаушыларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсетіп келеді. Бұл – сауда миссияларын ұйымдастыру, халықаралық көрмелер мен бизнес-форумдарға, оқыту жобалары мен бағдарламаларына қатысу. Акселерация бағдарламасы отандық компанияларға жаңа нарықтарды тиімді игеруге көмектеседі. Биыл бағдарламаға қатысу үшін тамақ, химия, тоқыма және қызмет көрсету салаларын экспорттайтын 111 кәсіпорын таңдалды. Сонымен қатар 2023 жылы IT-қызметтерді шетелге экспорттауға дайын біздің компаниялардың саны да едәуір өсті. Импорт категориясы бойынша ең танымал тауарлар – жеңіл автомобиль, телефон аппараттары, шанақ, дәрі-дәрмек, мұнай және мұнай өнімдері.
Тауарларды ілгерілетудің тағы бір өзекті құралы – халықаралық Alibaba.com электрондық сауда платформасы. Мемлекет отандық тауар өндірушілер мен сауда компанияларына өз өнімдерін осы алаңда сатуға мүмкіндік береді. 2023 жылы Қытайдың ең ірі В2В маркетплейсіне «Алтын жеткізуші» премиум мәртебесі бар 70 жеткізуші қол жеткізді. Alibaba платформасы арқылы сату көлемі бүгінде 300 млн доллардан асады.
Электрондық коммерцияның қарқынды дамуын ескере отырып, экспортқа бағытталған компанияларға арнайы мамыр айында В2С алаңы – JD.com ашылды. Оның негізінде отандық тауарлардың Ұлттық павильоны құрылды. Отандық азық-түліктің бірінші партиясының бір апта ішінде сатылып кеткендігі сапалы азық-түлік тауарларына деген жоғары сұранысты және отандық тамақ өнімдерінің жоғары бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді. Қазір жаңа жеткізушілерді іздеу және таңдау жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралар кешені шикізаттық емес тауарлардың экспортын ұлғайтуға бағытталған.
Еліміз негізінен мыс және мыс катодтары, ферроқорытпа, уран, мұнай өнімдері, өңделмеген мырыш пен алюминий, ыстықтай прокатталған жалпақ бұйымдар, табиғи газ экспорттайды. Сонымен қатар шетелдік тұтынушылар бізден бидай ұнын, күнбағыс майын, минералды тыңайтқыштарды белсенді түрде сатып алып жатыр. Экспорттық жеткізілімдердің ең көп көлемі – Ресей, Қытай, Өзбекстан, Түркияға, алыс шетелдерден – Нидерланд, Ұлыбритания, Жапонияға жөнелтіледі. Биылғы алты айда отандық дайын өнімді импорттаушы елдердің географиясы 114-тен 125-ке дейін кеңейген.
Жоғарыда министрдің экспорттық маршруттарды әртараптандыру туралы сөзін келтірдік. Бұл өз кезегінде мұнай экспортына айрықша қатысты. Биыл Қазақстан Баку арқылы мұнай тасымалдауды алты есе ұлғайтты. Қаңтар-қараша аралығында Ақтау портынан Бакуге 1,238 млн тонна қазақ мұнайы жеткізілген.
«2023 жылдың 11 айында Ақтау портынан қазақ мұнайының экспортталуы 3 млн 62 мың тонна болды. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 50 пайызға жоғары. Ақтау портынан тасымалданатын мұнай көлемінің артуына Баку бағытына қарай жіберілетін шикізат көлемінің өсуі түрткі болды. Ақтаудан Бакуге мұнай жіберу 205 мың тоннадан 1 млн 238 мың тоннаға дейін, 6 есе артты», делінген «ҚазТрансОйл» хабарламасында.
Есте болса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Транскаспий дәлізі бойынша мұнай тасымалын көбейтуді тапсырған еді. Соның ізін ала «ҚазМұнайГаз» бен әзербайжандық «SOCAR» компаниясы арасында Теңіз кен орнынан Баку – Тбилиси – Джейхан бағытымен жылына 1,5 млн тонна тасымалдау туралы келісімге қол қойылды.
Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, биыл сыртқы сауда айналымы 91 млрд доллардан асты. Соның ішінде экспорт көлемі – 51,2 млрд доллар. Ал өңделген тауарлар экспортының құны 16,2 млрд долларға жетіпті. Импорт көлемі – 39,8 млрд доллар. Басты сауда серіктестеріміз болып саналатын ЕАЭО-дағы елдермен сауда айналымы 7 айдың қорытындысы бойынша 5,6 пайызға, 16,5 млрд долларға дейін ұлғайды. Қазақстанның сыртқы сауда айналымының 20,8 пайызы ЕАЭО-ға тиесілі. Еліміз сауда серіктестерден 10,1 млрд доллардың тауарын сатып алып, 6,4 млрд доллардың тауарын сатқан.
Жалпы алғанда, ел Үкіметі дағдарысқа қарсы іс-шараларды тиімді іске асырып жатыр деуге негіз бар. Биыл қолға алған бастамалар сыртқы күйзелістердің бетін қайтарып, берік экономикалық дамуға жол ашса, онда Үкімет жұмысы нәтижелі деген сөз. Президент Үкімет алдына ұлттық экономика көлемін 2 есе арттырып, 450 млрд долларға жеткізу міндетін қойды. Бұл іргелі межеге қол жеткізу үшін жыл сайын кемі 6 пайыздық экономикалық өсімді қамтамасыз ету қажет.