Қоғам • 20 Желтоқсан, 2023

Қыста автокөлік әйнегін артық шығынсыз мұздан тазартудың ең оңай 5 тәсілі

3891 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Автокөліктің алдыңғы әйнегі ауа райының барлық «тосын сыйларын» алғаш болып қарсы алатын жабдық. Жазда шаң-тозаң жиналса, қыста мұз қатады. Біздің елдің климаттық жағдайында қыста алдыңғы әйнектерді жиі мұз «жаулап» жатады. Автокөлік әйнегіндегі мұндай жағдай сырттағы және машина ішіндегі температураның сай келмеуінен туындайды.

Қыста автокөлік әйнегін артық шығынсыз мұздан тазартудың ең оңай 5 тәсілі

Фото: ашық дереккөз

Автокөлік иелерінің 10-нан 9-ы қыста бастан өткеретін қиындықтың бірі – алдыңғы әйнекті қардан тазалау, мұздан аршу. Біз бүгін алдыңғы әйнектегі осы бір кедергілерді оңай әрі жылдам жеңудің тексерілген 5 тәсілімен бөлісеміз. Оң, теріс тұсын саралаймыз.

  1. Автөлік әйнегіне арналған қорғаныш қаптар.

Әйнекті қардан тазалау тез тынатын әрі ұнамды іс емес. Жетер жерге асығып, уақыт таяғанда қапылмау үшін арнайы әйнек қабын пайдалансаңыз болады. Осы тұрғыдан алғанда арнайы қаптамалар қолайлы. Тек су өткізбейтін, тығыз, ылғал мен желден қорғайтын материалдан жасалғанына көз жеткізіңіз. Осындай қаптама қолдансаңыз, көлікке жайғаспас бұрын, қорғаныш құралын аласыз да, жүйіткіп кете бересіз.

Артықшылығы: уақыт үнемдейсіз, көп күш жұмсамайсыз.

Иә. Қорғаныш қаптаманың кері тұстары жоқ емес. Кемшіліктері: нақты автомобильдің параметрлеріне сәйкес тиянақты таңдау жасау, қаптаманы мұқият, мығым орнату, сырғып немесе қатты желге ұшып кету қаупі де жоқ емес.

  1. Артық шығын мен қосымша қозғалыссыз алдыңғы әйнекте мұз қатудың алдын алу үшін көлікті жабық тұраққа орналастырмас бұрын іштегі температураны қалыпқа келтіру. Терезе мен есікті ашу немесе пешті алдын ала өшіру ұсынылады.

Артықшылығы: артық қаржы жұмсамайсыз.

Кемшілігі: бірашама уақыт қажет, температура күрт өзгерсе көмектеспейді. Жүргізушінің салқын тиіп ауырып қалу қаупін жоғарылатады.

  1. Алдыңғы әйнекке жылы ауа жіберу.

Алдыңғы әйнекке мұз қатқан жағдайда ең қауіпсіз тәсіл – мұзды табиғи жолмен еріту. Бұл процесті күтуге уақыт тығыз болса жылдамдату үшін жылы ауа ағынын қосып, оны әйнекке бағыттауға болады. Ескеретіні бұл әрекет қозғалтқыш іске қосылғаннан кейін лезде жасалу керек.

Артықшылығы: қосымша шығындарды қажет етпейді, әйнекті зақымдамайды.

Кемшілігі: қатқан мұз қабаты қалың болса көмектесу ықтималдығы едәуір төмендейді.

  1. Көпшілік қолданатын арнайы щеткаларды пайдалану.

Шұғыл көлік жүргізу қажет болғанда таптырмас құрал. Десе де арнайы щеткаларды  көлікте пешті қосып және әйнек ішінен жылы ауа бағыттаумен бір мезетте пайдалану керек.

Артықшылығы: ыңғайлы, әйнекті тез тазалауға болады.

Кемшілігі: өте мұқият қолданбаған жағдайда әйнекке сызат түсіруі мүмкін.

  1. Мұзды тазалауға арналған автохимиялық ерітінділер.

Бұл алдыңғы әйнектен мұзды кетіруге арналған ең инновациялық тәсіл. Химиялық реагенттер мен су арасындағы реакция принципі бойынша жұмыс істейтін автохимиялық өнімдерді әйнекке шашып щетка немесе арнайы материалмен дереу сүрту керек.

Артықшылығы: жылдам, ыңғайлы әрі әрқашан қолжетімді.

Кемшілігі: автохимилық өнімдер түрлі градусқа лайықталып жасалады. Сондықтан оны таңдарда құрамы мен пайдалану ережесіне аса сақ болу қажет.