Табиғат • 20 Желтоқсан, 2023

Айрықша қорғалатын өсімдіктер сиреп барады

252 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Еліміздің солтүстік-шығыс өңі­рін­де жайқалған жалқарағай ор­ман­дарының ерекшелігі жайында бүгінде аз айтылып жүрген жоқ. Қарағай ормандарында «Қызыл кітапқа» енетін 7 өсімдік түрі, орман сусары және жергілікті құс­тардың 50 түрі бар. Өкінішке қарай, бұл иен байлық орман өрті­нің жиі­леуімен сирей түскен.

Айрықша қорғалатын өсімдіктер сиреп барады

«Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының бас директоры Арман Бектеміровтің айтуынша, мекемедегі ғылым, ақпарат және мони­торинг бөлімінің мамандары жыл са­йын өсімдіктер әлемін түгендеу жұ­мыс­тарын жүйелі жүргізеді. Былтыр «Шөп­ті өсімдіктер мониторингінің» қо­рытындысы бойынша резерват аума­ғында өсімдіктердің 226 түрі өсетіні, оның жетеуі Қазақстанның «Қызыл кіта­бына» енгізілгені белгілі болған. Атап айтқанда, көктемгі адонис, ұйқышөп, са­ры ұйқышөп, бұғы кладониясы, селеу, кәдімгі емен, Павлов итмұрыны. Бұған қоса орман аумағын мекендейтін жа­нуар­лар да алуан түрлі. Қарағай орманда­ры арасында бұланды жиі ұшырастыруға болады. Ал «Қызыл кітапқа» енген орман сусарын қызықтау үшін де туристер мұн­да ат ізін салып тұрады. Мамандар мұн­да құстың 50 түрі бар дейді. Бүркіт, балобан сұңқары, безгелдек, үкіні өз кө­зіңізбен тамашалап қайтуға болады. Құсбегілер нағыз қыран бүркіттердің ба­лапанын жалқарағай ормандарынан олжалап қайтатындарын да жасырмайды. Кезінде атағы Қазақстаннан асып, КСРО мен Еуропа елдеріне жайылған керекулік құсбегі Мәуия Әбікейұлы талай бүркіттің балапанын осы аумақтан алыпты.

вапр

«Өсімдіктердің генофондын сақтау біздің мекеме қызметкерлері үшін аса маңызды. Резерватта 4 адамнан құ­рал­ған ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімі жұмыс істейді. Олар 2019-2023 жыл­дарға арналған ғылыми зерттеу жос­парына сәйкес кешенді зерттеу шара­ларын жүргізіп келеді. Ағаш екпелері­нің жай-күйіне мониторинг жасау, орман аумағындағы өсімдіктерге антропоген­дік факторлардың әсерін анықтау, сирек кездесетін аң-құстардың есебін жүр­гізу, биологиялық табиғи үдерістердің да­муын кешенді түрде зерделеу және тағы басқа бағыттарда мол шаруа атқа­рыл­ды. Біздің резерватта көктемгі адонис, көктем жанаргүлі, ұйқышөп, ашық құндызшөп, Павлов итмұрыны, сарғалдақ тұқымдас өсімдіктер өте аз өсетіні белгілі болды. Жалпы, бұл сирек кездесетін түрлер ғой. Сондықтан олардың гено­фондын сақтап қалуымыз керек. Айрықша қорғау шараларын күшейте түспесек, таяу жылдарда құрып кету қаупі бар. Бұған орман өрттері мен антропогендік әсерлердің әкелетін зардабы мол», деген алаңдаушылығын жеткізді резерват басшысы.

Негізі жер бетінде ең сирек кездесе­тін мұндай жалқарағай ормандары Қазақ­станның солтүстік-шығыс өңірінде, Ресей және Канада жерінде ғана сақталып қалған. Ежелгі мұхиттың табанында, кәдімгі құм жалдарында өсіп шыққан реликті ормандардың ерекшелігі басым. Тамыры 70 метр тереңдікке бойлап, сонау шыңыраудағы жерасты суларынан қорек алатын қылқанжапырақтылар – бүгінде еліміз үшін баға жетпес табиғи байлықтың бірі. Биыл жазда Абай облысындағы алапат өрттен қаншама орман қоры жанып кетті. Мұндай нәубет Кереку өңіріне келмес үшін жергілікті жауапты мекемелер қам жасап бағуда. Өткен ғасырдың 90-жылдарының соңында Ертіс-Баян жеріндегі қарағайлардың 72 мың гектардан астамы алапат өрттен тып-типыл болған. Осыдан-ақ аймақ экологиясы мен табиғи байлығына қаншалықты орасан зор шығын келгенін білуге болады.

Алайда маман жетіспеушілігі, тех­ни­каның ескілігі сияқты бұрыннан қалып­тасқан мәселелер құлашты кең сермеу­ге мүмкіндік бермей отыр. Көк­тем мен жаз айларында маусымдық қызметкерлер, соның ішінде мұнара ба­қы­лаушылары, өрт сөндірушілер, кө­лік жүргізушілері жетпей жатады. Кадр­дың жетіспеуі мәселесінен бөлек, мұндағы техникалардың 80 пайы­зы тозып тұрғанын бұған дейін де проблема етіп көтергенбіз. Яғни қол­дағы техникалардың осыншама кө­лемі қолданысқа жарамсыз, есептен шығару керек. Оларды жұмыс қалпында ұстау үшін жыл сайын қыруар қаражат бөлі­ніп, орманшылар машина-тракторларын әупірімдеп жүргізіп отыр.

«Бүгінгі таңда Орман шаруашылы­ғы және жануарлар дүниесі комитеті орман шаруашылығы мекемелерін, соның ішінде «Ертіс орманы» резерватын 2025 жылға дейін материалдық-техникалық базамен және жабдықтармен жарақтандыру жобасын әзірледі. Биыл «Камаз» базасында 3 өрт сөндіру автомашинасын сатып алу жоспарланған. Сондай-ақ бір патрульдік автокөлік пен орман күзеті үшін төрт мотоцикл сатып алуға өтінім берілді. Орман қорларын молықтыру және орман өсірудің кешенді жоспарына сәйкес биыл 2 828 гектарға қарағай көшеттерін ектік. Бұл мақсатқа 125,7 мың данадан астам отырғызу материалы жұмсалды», деп жалғастырды әңгімесін резерваттың бас мемлекеттік инспекторы.

Павлодар облысы әкімдігінен алын­ған мәліметтерге сүйенсек, биыл орман қорғау саласына бюджеттен 882 млн теңге бағытталып, орман шаруашылықтары 5 өрт сөндіру автомашинасын, шағын жинақты 5 орман патрульдік кешенін, 33 мотоцикл, 101 рация, 11 ағаш отыр­ғызу машинасы мен 6 түрен сатып алын­ған. Мұндай жарақтандырудың нәти­жесінде жыл соңында өңірдегі орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасы 58-ден 78 пайызға дейін жақсара түседі деп күтіліп отыр. Ал келер жылы автоцистерналы тағы 4 машинаны сатып алу жоспарда тұр. Өңірлік жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаеваның айтуынша, осылайша облыстағы шаруашылықтарды өрт сөндіру көліктерімен жарақтандыру 100 пайызға жеткізіледі. Ал арнайы техникаларды сақтау үшін орман өртіне қарсы стансалар салу қажет. Павлодар аймағында Қарағанды облысындағы тәжірибеге сүйеніп, модульдік типтегі стансалар тұрғызу жоспарланып қойған. Мұндай нысандарға жобалық-сметалық құжаттар қажет емес, сәйкесінше оларды орнатуға аз уақыт жұмсалады.

Республикалық маңызға ие орман­ ша­руашылықтарына биыл 4 млрд тең­­­ге­дей қаражат бөлініп, оның 1,5 млрд теңгесі материалдық-техникалық базаны жақ­сартуға, 2,4 млрд теңгесі орман өрт­теріне мониторинг жасайтын жүйені орнатуға жұмсалыпты.

Жыл басынан Павлодар облысы аума­ғында ағашты заңсыз кесуге қатысты 41 оқиға тіркелген. Олардан келген шығын өткен жылғымен салыстырғанда үш есеге кем. Табиғи байлыққа келтірілген шығынның орнын толтыру үшін жыл сайын мыңдаған көшет отырғызылады. Ағаш көшеттерін егу – Ертіс-Баян өңірі үшін аса өзекті. Себебі орман алқаптары аймақтың небәрі 2 пайызын ғана құрап отыр.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осыдан үш жыл бұрын ел аумағында 2 млрд түп ағаш отырғызу туралы тапсырмасы бар. Өңірде орманды көбейту және орман өсіру­дің кешенді жоспары әзірленген. Бес жыл ішінде 15,6 мың гектарға 106 млн түп қарағай көшеті отырғызылуы керек. Нәтижесінде, облыстағы орман жамылғыларын 7 пайызға дейін көбейте аламыз. 2021-2022 жылдары аймақта 32,5 млн түп қарағай отырғызылған. Ал биыл 3 мың гектарға жуық жерге 16 млн көшет егілді. Жергілікті нарықта отырғызу материалдарының тапшылығы да байқалады. Оның үстіне өндірістік кәсіпорыннан өніп шығатын көшеттердің сапасына қатысты да мәселе бар», дейді Ә.Қабылтаева.

Айтып өтейік, биылғы шілде айынан орман шаруашылығындағы қызмет­керлердің жалақысы 200-250 мың тең­ге­ге дейін өсті. Алайда маусымдық жұ­мыстарда жалданатын қызметкерлер мен әкімшілік бөлікте еңбек ететіндердің табысы көтерілмеген. Бұл мәселені де жауапты министрлік алдағы жылы ескереді деп үміттенеміз.

Сөз еткен мәселелер – жергілікті орман шаруашылықтарындағы проб­лемалардың бір парасы ғана. Мұның сыртында кейінгі жылдары орманға қасақана өрт қоюшылық, орман ұрлығы, орман шаруашылықтарындағы қызметкерлердің біліктілік талаптарына сәйкес келмеуі, өртке қарсы заңнама талаптарының ескерілмейтіні, шаруашылықтардағы орман алқаптарының ұласып өсу көр­сеткішінің төмендеп кетуі, орман ша­руа­шылығын ұйымдастыру мен жүр­гізудің ескірген кешенді жоспарын пай­далану, орман күзетінде жаңа техно­логияның жетімсіздігі, тағысын тағы мәсе­лелер бар. Орман қорғау мекеме­ле­рінің жұмысы алдағы уақытта «қайта жүктеуді» қажетсініп тұрғандай.

 

Павлодар облысы