Үкімет • 21 Желтоқсан, 2023

Жаңа формациядағы заңдар қажет

107 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев және бір топ сенатор Палатаның Жобалық кеңсесі мен Maqsut Narikbayev University-дің отырысына қатысты. Депутаттар мен университет сарапшыларының кездесуі нәтижесінде екіжақты Ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.

Жаңа формациядағы заңдар қажет

Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев еліміз­де Мем­лекет басшысының бастамасымен кешен­ді реформалар іске асырылып жат­қанын атап өтті. Олардың негізгі мақсаты – Қазақ­станды әділетті, демократиялық, инклю­зивті мемлекет ретінде қалыптастыру. Рефор­малар­­дың тиімділігі және олардың дұрыс жүзе­ге асырылуы негізінен қабыл­данған заң­дарға байланысты. Осыған орай ғылы­ми-сараптамалық қоғамдастықты оңтай­лы заңнамалық шешімдерді табуға жұмыл­дырудың маңызы артып келеді. Бұл ретте Парламент Сенатының Жобалық кеңсесі мен Maqsut Narikbayev University заң да­йындау үдерісіне академиялық ортаны тарта отырып, сараптамалық диалогтің негізгі алаңына айналуды көздейді.

«Президентіміздің барлық бастамаларын сәтті іске асырып, Әділетті Қазақстан бағдарламасын тиісті деңгейде орындау үшін заңдарымыздың сапасы өте жоғары болуға тиіс. Сондықтан бізге, ең алдымен, жаңа формациядағы заңдар қажет. Екіншіден, Әділетті Қазақстан­ды бәріміз бірге қалыптастырамыз. Ал Әділетті Қазақ­стан дегеніміз – инклюзивті Қазақстан. Осы­ған байланысты заң­дар­ды әзірлеу кезінде әлеу­меттік топтар­дың пікірлері де ескерілуі керек. Үшіншіден, заңнамалық жұмыстарға жаңа тәсілдер мен тетіктерді енгізу қажет. Бұл ретте Жобалық басқарудың маңызы зор. Ол арқылы біз заң жобаларын әзірлеуге құзы­ретті мамандарды жұмылдыра аламыз. Сол ар­қылы заңдардың өзектілігі мен сапасы ар­та­ды. Жалпы, мұндай Жобалық кеңсені тәуел­сіз алаңның негізінде қалыптастырған жөн», деген Палата спикері мүдделі тараптарды осы бағытта бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Сондай-ақ ол соңғы екі жылда Пар­ламент 170-тен астам заң қабылдағанын тілге тиек етті. Алдағы уақытта Салық, Бюджет және Су Кодекстері қабылданады. Барлық құжат саяси жүйені жаңғыртуға, экономикамызды жандандыруға және халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған.

Өз кезегінде аталған университеттің басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев оқу орны­ның нормалар шығаруға қатысты жұ­мысы мен тәжірибесіне тоқталып, Жоба­лық кеңсе қызметінің келешегіне назар аударды.

«Біз бірнеше жыл бойы заң жобаларына ғылыми және сыбайлас жем­қорлыққа қарсы сараптама жүр­гіздік. Ғалымдарымыз Парламент пен Үкіметтің шақырулары бойынша жаңа нор­маларды талқылауға арналған жұмыс отырыс­тарына белсенді қатысып келеді. Қазіргі таңда уни­верситетіміздің «think tank» форматында әртүр­лі саладағы қол­дан­балы ғылыми зерт­теу­лерді гене­рация­лауға арналған жеке зерт­теу және талдау орталығын құрып жатыр­мыз. Бұл хаб жас ғалымдарға қолайлы жағдай ту­ғы­­­зып, мотивация береді деп сенеміз. Пар­ла­мент Се­натында осындай маңызды мақсатты көз­­дей­­тін Жобалық кеңсенің жұмыс істейтіні қуан­­тады. Алдағы уа­қыт­та Сенат пен MNU-дің мүм­­кін­дік­тері және әлеуеті Қазақстан халқы­ның игі­лігін көздейтін сапалы заң жобаларын әзір­леуге тың серпін береді деп сенемін», деді Т.Нәрікбаев.

Отырыстың нәтижесінде Ынтымақтас­тық жөніндегі меморандумға қол қойыл­ды. Құжат­та заңнамалық бастамаларды әзір­леу және ілгері­летуде, бірлескен сарап­тамалық кез­десу­лер мен талқылау­лар өт­кізуде, сондай-ақ басқа да өзара іс-қимыл барысында тараптардың бір-біріне консультациялық және сараптама­лық қолдау көрсетуіне қатысты ережелер қарастырылған.

Сонымен қатар іс-шарада MNU қыл­мыстық сот төрелігі және ғылыми сараптама мәселелері жө­ніндегі ғылыми-зерттеу жобаларының жетек­шісі Марат Қоғамов, заң ғылымдарының док­торы, профессор Исидор Борчашвили, депу­тат­тар, Сенат жанындағы Жас сарапшы­лар клубы­ның мүшелері, басқа да қатысу­шы­лар сөз алып, қозғалған тақырып бойынша өз пікірлерін білдірді.