Облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық тамақтандыру орындарындағы ас мәзірлерінің мемлекеттік тілдегі лингвистикалық базасын қалыптастыру» атты әлеуметтік жобасы шеңберінде зерттеу жүргізген Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары Алдажар Әбілов, Аман Абасилов, Болат Боранбай, Ербол Бекіш әзірлеген «Мемлекеттік тілдегі ас мәзірі мен тағам түрлері: қазіргі жағдайы, проблемалары» атты монография-анықтамалық пен «Тағам атаулары» атты сөздік ел бойынша осы бағыттағы алғашқы еңбек болып отыр.
Тіл жанашырлары мен облыстық кәсіпкерлік палата басшылығы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті магистранттарының қатысуымен облыстық Жастар ресурстық орталығында өткен іс-шарада облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Артур Қамбаров қазақ топырағына алғаш аяқ басып келген шетел азаматы алдымен көрнекі ақпараттарға, жарнамалар мен ас мәзіріне назар аударып, сол арқылы ел туралы пікір қалыптастыратынын атап өтті.
– Сондықтан мұны қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайға әсер ететін фактор ретінде қарауымыз керек. Жоба аясында жергілікті ғалымдарымыз көп еңбектенді. Осының арқасында елімізде алғаш рет қоғамдық тамақтану орындарында ас мәзірін мемлекеттік тілде ұсыну базасы жасалды, – деді ол.
Монография-анықтамалық пен сөздіктің таныстырылым рәсімінде филология ғылымдарының кандидаттары Алдажар Әбілов пен Аман Абасилов анықтамалық пен сөздікте қамтылған мәселелерге тоқталды. Ғалымдардың зерттеуінше, облыс аумағындағы қоғамдық тамақтандыру орындарындағы ас мәзірлерінің 80 пайызы орыс тілінде, қалған 20 пайызы қазақ-орыс тілдерінде жазылғандығы анықталыпты.
Аман Абасиловтің айтуынша, әуелі қазақша-орысша әзірленген сөздік тұтынушылар ыңғайына байланысты орысша-қазақша да дайындалды. Еңбекті дайындау барысында бұрын-соңды терминологиялық комитет бекітпеген 2052 сөз облыстық қоғамдық даму басқармасы арқылы мемлекеттік терминология комиссиясына ұсынылыпты.
Таныстырылымда «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалы төрағасы Сәдуақас Аңсат, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздық, қоғамдық тамақтану қауымдастығының төрағасы Ақмарал Әбдіразақова пікір білдіріп, елге керекті еңбекті насихаттау жұмыстарын күшейтуді ұсынды.
Қызылорда