Бүгінгі таңда алдыңғы толқынның өкшесін басып келе жатқан жастармен бірге балалардың да болашағына айрықша назар аударылып келеді. Олардың білімді, білікті болуымен қатар, рухани кемелденіп, таным көкжиегі кеңеюіне, жаратқан ие сыйлаған қабілеттерінің арқасында өнерлі болып өсуіне қолайлы жағдай туғызу ең алдымен ел ертеңін ойлағандық. Ауылдың байырғы тұрғындарының бірі Флорентина Келлердің айтуына қарағанда, ол сонау 1982 жылы пионерлер үйіндегі үйірмелерге қатысқан екен. Кейін бұл үй шіркеуге айналған. Одан соңғы жылдары село тұрғындары бауыр еті балаларының жан-жақты дамуын аңсаумен күн кешкен. Көп тілегі қабыл болып, қос бірдей шығармашылық мекеменің ашылуы ертеңге деген ел сенімін нығайтып отыр. Аудандық білім бөлімінің меңгерушісі Арай Әбенованың айтуына қарағанда, балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығындағы үйірмелерге 120 бала жазылған. Ал музыка мектебіне 60 талапкер қатысады, 18 ұстаз дәріс береді. Балалар шығармашылық үйінде сегіз үйірме жұмыс істейді. Ал музыка мектебінде бес бағытта білім беру ұйымдастырылған.
Жалпы көлемі 828 шаршы метрді құрайтын ғимаратқа 195 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалған екен. Құрылыс жұмысы 2022 жылы басталып, биыл аяқталған. Облыстық бюджеттен 25 миллион теңге қаражат бөлініп, балалар мекемелеріне қолайлы жағдай туғызу үшін игерілген. Ата-аналар балаларының ел қатарлы өнерлі де өнегелі болып өсеріне сеніп, көңілдерін демдеп отыр.
Ақмола облысы,
Сандықтау ауданы