Экономика • 22 Желтоқсан, 2023

Цифрлық трансформация

269 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Еліміз цифрлық қызмет жөнінен әлемде 28-орында тұр. Көрсеткіш жылдан-жылға өсіп келеді. Биыл да бұл бағытта біршама жұмыс атқарылды.

Цифрлық трансформация

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Осы жылдың шілдесінде Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің цифрлық транс­фор­мациясындағы бес негізгі ба­сым­дықты атап өткен еді. Соның біріншісі – азаматтарға заманауи қыз­мет көрсету. Яғни мемлекеттік қыз­меттердің барлығы мүмкін­дігінше электронды форматқа көші­рілуі керек. Екінші басымдық – IT са­ласын дамытуға қолайлы жағдай жасау. IT сектор мемлекеттік қызмет­тің маңызды бағыты болғандықтан, цифрлық технологиялар, криптоиндустрия, цифрлық майнинг саласында жетекші ойыншы болуға ұмтылу аса маңызды. Үшінші басымдық – IT инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту. Бұл арқылы еліміз халықаралық деңгейде транс­шекаралық деректер ағы­ны­мен ұштасқан цифрлық инфра­құрылымды қалыптастырады. Төртінші басымдық – цифрлық экономика мен индустрияны дамыту. Бұл бағыт технологиялық жаңарту және цифрлық шешімдер қабылдау үшін инновациялық гранттар мен салықтық жеңілдіктер ұсынуды көздейді. Бесінші басымдық – адами капиталды нығайту. Көріп жүргеніміздей, цифрлық трансформация заманында IT мамандарға деген қажеттілік артып келеді. 2025 жылға қарай кем дегенде 100 мың қызметкерді даярлау міндеті де қойылған. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қолға алған бастамалар мен атқарылған жұмыстар да осы 5 басымдыққа негізделген.

Бүгінде еліміздің IT саласында 16 мың­ға жуық компания жұмыс істейді. Осы салада еңбек ететіндер саны 182 мың адамға жетті. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында IT қызмет экспорты 247 млн доллардан ас­қан. Ал Дрейпер университетімен бір­лесіп жүзеге асырылған бағдар­лама­ға 27 жоба қатысқан. Қатысу­шы компа­ниялардың бірі «Ciix» Тим Дрейперден 1 млн доллар инвестиция тартты. Ал «Google for Startups» компаниясымен бірлесіп ұйымдастырылған бағдарламаға 24 жоба қатысты. Бағ­дар­­ламаның нәтижесінде, компаниялар 4,2 млн доллар жинап, жалпы бюджеті 87,6 млн долларды құрады, ал айлық табыс көлемі 535 мың долларға жетті. Елі­мізде IT саланы реттеу мәсе­ле­лерін шешу үшін цифрлық кодекс те әзірленген болатын.

«Цифрлық кеңістік азамат­тар­дың, бизнес пен мемлекеттің өзара іс-қимылының негізгі арнасына айналды. Кодификация азаматтар мен бизнес үшін цифрлық ортада заңдарды қолдануды қолжетімді және түсінікті етеді, ауыр талаптар мен реттеуші кедергілерді жоя­ды. Цифрлық техно­ло­гиялардың даму қарқыны мен таралу ауқымы реттеуші актілерді қабылдау жылдамдығына ғана емес, сонымен қатар заңнама құрылымына да жаңа талаптар қояды. Цифрлық кодексті қабылдау цифрлық экономиканы дамыту және мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау үшін бірыңғай құқықтық кеңістік қалыптастыруға мүм­кін­дік береді», деген еді Цифр­лық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асқар Жамбақин.

Сонымен қатар IT-маман­дарды даяр­­лауды мақсат еткен «Tech Orda»­ бағ­­дарламасы жақсы нәтиже көр­се­тіп­ келеді. Биыл оған 83 IT мектеп қа­­­тысып, 3183 оқушы біліп алып жа­тыр.­ Білікті IT кадрларды даяр­лау үшін «EPAM», «Coursera», «Samsung», «Binance Academy», «Huawei», «Microsoft», «NVIDIA», «Glovo» сияқ­ты­ халықаралық IT ком­пания­лар­мен тығыз ынты­мақтастық жүргізіп, оған 70 мыңнан астам адам қатысты. Ха­лық­­тың әлеуметтік осал топтары үшін IT курстарды тегін оқыту бағдар­ла­ма­лары бар. Мысалы, «ITeachme» қо­­ғамдық қоры мүмкіндігі шектеулі жан­­дарға курстар береді. Ал «IT-Aiel» бағдарламасы аясында 2000-нан астам әйел No-Code құралдары мен фри­лансинг бойынша оқып шық­ты. «Astana Hub» базасында Apple сер­ти­­фикатталған оқу орталығын, Apple Authorized Training Center for Education ашу бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Биылғы ма­ңыз­­­ды жетістіктердің бірі 2024 жылы ICPC бағдарламалау бо­йынша бедел­ді ха­лықаралық турнирдің финалын Қазақ­­станда өткізу туралы өтінімге қол қойылды.

Цифрлық қызметтер азаматтар арасында үлкен сұранысқа ие екені мәлім. Бұл бағыттың да асығы алшысынан түсіп жүр. Мысалы, сенімхаттың бес пайызы цифрлық форматқа көшірілді. Көліктерді тіркеудің 55 пайызы, ипотека­ны рәсімдеудің 67 пайызы онлайн режімге көшті. «Электронды үкімет» әрбір азаматты туған күнімен құттықтауды немесе құжат­­тардың мерзімі өтіп кеткенін алдын ала хабарлауды үйренді.

«Big data нәтижесінде 50 млн анықтама тапсыру қажеті жойылды. Мысалы, жылда 106 мың студент оқу орнынан, емханадан анықтама алып, военкоматқа тапсыруға 2 апта жұмсайтын. Енді студент мәртебе­сін дәлелдеудің қажеті жоқ. Үш министр­лік базаларын интеграциялап, студенттер анықтама жинамай-ақ автоматты түрде әскерден босатылады. Цифрлық сервистер халық­тың үлкен сұранысына ие болды. Бұған дейін 700 мыңға жуық адам келісімшарт жасауға жылына 30 күн жұмсайтын, ал біз бұл уақытты 5 минутқа дейін қысқарттық. Енді жаңа пәтер иесіне SМS-хабарлама келіп, коммуналдық шарттардың барлығы онлайн режімде жасалды. Жоба республика бойынша таратылады», деді Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин.

Жыл сайын аэроғарыш саласында экономиканың түрлі саласы үшін ғарыштық мониторинг жүргізіледі. 2023 жылдың қорытындысы бо­йынша 1 миллион гектар пайдаланылмайтын егістік, 45 заңсыз ағаш кесу, қоқыс жинаудың рұқ­сат етілмеген 5552 пункті, пайдалы қазбаларды өндірудің рұқсат етілмеген 1587 нысаны анықталды. Бұған қоса, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жер қойна­уын пайдаланушыларға арналған Minerals.gov.kz бірыңғай платформасы құрылды. Платформа жер қойнауын пайдаланушыларға «бір терезе» қағидаты бойынша­ мемлекеттік қызметтерді алуға мүм­кін­дік береді. Қазір платформада қатты пайдалы қазбаларды өндіруге және барлауға лицензия алу бойынша 2 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. 2343 пайдаланушы тіркелді, олардан барлау бойынша 1941 өтінім және өндіруге қатысты 59 өтінім жіберілді. Олардың ішінде 66 лицензия берілді. Барлық жұмыс тек электронды түрде онлайн жүр­гізіледі.

Биылғы статистикалық дерек­тердің қорытындылары Қазақ­стан­­ның инновациялық даму сала­сын­дағы оң өзгерістерін ай­қын­дады. Инно­ва­циялық өнім көлемінің 2021 жылғы 1,4 трлн теңгеден 2022 жылы 1,9 трлн теңгеге дейін ұлғаюы байқалады. Сондай-ақ біз Жаһандық инно­ва­циялық индекстің халықаралық рейтингінде біздің ел екі позицияға – 83-тен 81-ге дейін көтерілді.

Сондай-ақ инновациялық грант­тар аясында жобалар мен стар­таптарға жан-жақты қолдау көр­се­тіледі. Бар­лық конкурстың қоры­тындысы бо­йынша 34 өтінім ма­құл­данды, оның ішінде жалпы сомасы шамамен 2 млрд теңгеге жететін 31 өтінім бойынша шарттар жасалды. Гранттар сомасы 1 млрд 198 млн теңгені, жеке сектор тара­пынан қоса қаржыландыру 924 млн теңгені құрады. 2023 жылы өңір­­лерде бизнес-инкубаторларды дамыту бағдарламасы іске асырылды. Осылайша, 10 сәуір мен 12 мамыр аралығында «Qazinnovations» АҚ бизнес-инкубацияны қолдау бойын­ша өтінімдерді қабылдады, ұсы­ныл­ған 37 өтінімнің 21-і мақұл­­данды.

«Министрлік байланыс қызмет­те­рінің сапасын үнемі қадағалап, жетілдіріп отырады. Биыл ауылдық елді мекендерде интернет сапасын жақсарту бойынша қарқынды жұмыстар жүр­гізілді, бүкіл ел ­б­­о­йынша 251 ауылға интернет желісі қосылды, 1463 ауылда интернет сапасын жақсарту жұмыстары атқарылды. Бұл жүргізілген жұмыс көрсеткішінің 14,4 пайызға артқанын көрсетеді. Жоспарға сәйкес 2027 жылға қарай тағы 250 ауылдық елді мекенді интернетпен қамту көзделіп отыр. Биыл 176 ауыл KazSat интернет спутнигіне қосылған. Өздеріңіз білетіндей, біз қанатқақты режімде Starlink арқылы 10 мектепті интернетпен қамтамасыз еттік. 2024 жылы 2000 мектепті қамту жоспарда бар. Биыл 3000 базалық станса орнатылды. Бүкіл ел аумағы бойынша 723 5G базалық станса іске қосылды», деді Б.Мусин.

Министр байланыс операторларына қатысты айыппұлдарға тоқ­талды. Оның айтуынша, айып­пұлдардың ұлғаюы опера­тор­лардың нұсқаманы сақтауының 33 пайыздан 65 пайызға өсуіне әсер етті. 2023 жылы 3 млрд 18 млн теңгеге айыппұл салынды және жоспардан тыс 763 тексеру жүргізілді.

Жылдың басында ұялы бай­ла­­ныс­та 67 «ақ дақ» мекенжайы анықталды. Тұрғындармен ақпа­рат­тық-түсіндіру кездесулері тұрғын үй кешендерінің 92 пайызында өткізілді, оның ішінде 24 тұрғын үй кешенімен байланыс стансасын орнату бойынша келісім жасалды, ал 13 тұрғын үй кеше­нінде монтаждау кезеңі аяқталды. «Қолжетімді интернет» ұлттық жоба­сы 2024-2027 жылдар аралығында іске асырылады. Жоба аясында халық пен бизнесті жоғары жылдамдықты интернет­пен қамтамасыз ету жоспарла­­нып отыр. 2027 жылы тұрғын үй желі­­­лері кең­жолақты интернетпен 100 пайызға дейін қамтылады деген болжам бар.