Табиғат • 21 Желтоқсан, 2023

Бурабай қыста да қызықты

321 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Көкшенің көз тоймайтын табиғаты туристерді жазда ғана емес, қыста да қызық­тыра алады. Мысалы, Бурабайға қыс маусымында келетін қонақ­тар­дың қатары жыл санап көбейіп келеді. Есесіне, туристерге қызмет көр­се­ту сапасы артып, кәсіпкерлер маусымға алдын ала қамданатын болған.

Бурабай қыста да қызықты

ФОТО: someplace.kz

Бірер күн бұрын аймақтың туриз­мін дамытуға үлес қосып жүрген «Бура­бай Даму» серіктестігімен қоса «Visit Aqmola» туристік ақпараттық орталығының мамандары бастап, бір топ журналист Бурабайдағы қыс маусымын тамашаладық.

«Бурабай Даму» серіктестігі – Пре­зидент Іс басқармасына қарасты компания. Сегіз жылдан бері Щучинск – Бура­бай курорттық аймағындағы туризмді дамыту міндетін жемісті атқарып келеді. Демалыс орнындағы нысандарды күтіп ұстап, сапалы қызмет көрсетеді.

Сапар барысында аудан орталығы­нан шамамен 10 шақырым қашық жатқан Президент Іс басқармасы «Бура­бай» ұлттық паркінің марал өсі­ре­­тін шаруашылығына аялдадық. Мұн­да мүйізі мен сүті мың да бір сыр­қат­қа ем марал шаруашылығының тыныс-тіршілігі көпті қызықтырады. Шаруа­шы­лықтағы мамандардың ай­туын­ша, осы маңды мекендейтін марал­дың­ тарғыл бұғы тұқымдасы Қызыл кітап­қа енген. Орманшылар жүрісі қиын­дап, қалжыраған маралды топтан бөліп, емдейді. Бүгінде шаруашылықта 200 бас шамасын­да марал бар. Олар 600 гек­тар аумақ­ты алып жатқан қалың орман алқа­бын мекендейді. Осы маңдағы Панто­­терапия орталығында шипалы дәрі-дәрмектің небір түрі жасалады екен.

«Бурабай» мемлекеттік ұлттық паркіне қарасты 10 орман шаруашылығы бар болса, біз соның ішіндегі «Мирный» орман шаруашылығына аялдадық. Онда 30 жылдық тәжірибесі бар орманшы Бауыржан Мұқанов бастаған бірнеше жұмысшы бұғы, елік сынды аңдардың азығын қамдап жүр екен. Иә, орман шаруашылығында Қызыл кітапқа енген өсімдіктер жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрған аң-құсты қорғау – оңай шаруа емес. Өйткені қасқыр секілді жыртқыш аңдар шамадан тыс көбейсе, өзге жануарлардың санын күрт азайтуы мүмкін ғой. «Мирный» орман шаруашылығының аумағы 18 394 гектар болса, әр гектарда бір-бір астаудан қойылған.

Қысқы шөбін бастырмаларда жиып дайындаған орманшыларға табыс тілеп, курорттық аймақтағы «Қазақстан Лапландиясына» аяңдадық. Қыс мау­сымында Аяз ата резиденциясының аумағына келген үлкен-кішілерге бұғы, хаски иттерін жеккен шанамен, атшанамен серуендеуге болады. Ертегілерде кездесетін бақсының да үйі – осы маңда. Зау биіктен шанамен зулап, коньки, шаңғы тебуге келгендерге жағдай жасалған. Бұл маңда қарда жүретін көліктер де жүйіткиді. Ең бастысы, қызмет көрсету сапасы жақсарған.

Ақмола облысы бұрыннан туризмге таптырмайтын өңірлердің бірі саналады. Өткен 8 ай бойынша айтар болсақ, облыс аумағына келген туристердің саны шамамен 956,7 мыңға жеткен. Оның ішінде 17,2 мың қонақ курортты аумаққа демалуға келсе, Мемлекеттік ұлттық паркке 535,3 мың адам аялдаған. Жыл соңына дейін туристер саны 1,2 миллионнан асады деген болжам да бар. Оның ішінде ел азаматтарының үлесі – 940,8 мың адам шамасында. Ал қаңтар-қыркүйек аралығында курорттық аймаққа 15 838 шетелдік турист келген. Енді жақын беріде Ақмола облысының туризм басқармасы «Visit Aqmola» туристік ақпараттық орталығымен бірлесіп Бурабайда «Мұз қалашығы» фестивалін өткізуге ниеттеніп отыр екен. Біз дәстүрлі іс-шара аймаққа туристерді тартудың тағы бір сәтті қадамы деп түйдік.

 

Ақмола облысы