Қоғам • 22 Желтоқсан, 2023

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының жеңімпаздары анықталды

346 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қатысуымен «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын беру жөніндегі конкурстық комиссияның қорытынды отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының жеңімпаздары анықталды

Фото: gov.kz

«Дарын» сыйлығы 1992 жылдан бастап дарынды жастарды ғылыми, шығармашылық және спорттағы жоғары жетістіктері үшін мемлекеттік қолдау мақсатында тағайындалған. Әр жылдары түрлі саладағы 320-дан астам азамат аталған сыйлықты иеленген болатын.

Биыл мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктер 340-тан аса кандидатты ұсынды. Оның ішінде 110 - «ғылым», 21 - «Дизайн және бейнелеу өнері», 27 - «Спорт», 49 - «Театр және кино», 12 - «Эстрада», 10 - «Журналистика», 28 - «Халық шығармашылығы», 32 - «Креативті бастамалар», 28 - «Әдебиет», 30 - «Классикалық музыка». Өтінімнің 9-ы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын беру жөніндегі қағидалардың талаптарына сәйкес келмеді.

Өтінімдерді іріктеу бойынша отырыстар 11-15 желтоқсан аралығында өтті. Комиссия құрамына түрлі салаларда елеулі табыстарға қол жеткізген 37 белгілі тұлға кірді.

«Үміткерлердің жетістіктері мен жұмыстары жан-жақты сараланды. Әрқайсысына негізделген шешім қабылданды. 11 жүлдегердің өңірлерден келгеніне қуаныштымын. Бұл жастар үшін үлкен ынталандыру. Озық ойлы жастардың лайықты өкілдері әлі де аз емес. Біз қоғамымыздың және тұтастай еліміздің дамуына үлес қосып жүргендерді қолдап, ынталандыруымыз керек», деді министр.

Жеңімпаздарға «Дарын мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты» атағы және диплом, төсбелгі мен ақшалай сыйлық 22 желтоқсанда өтетін салтанатты марапаттау рәсімінде табысталады.

Биыл сыйлықты беру ережелеріне түзетулер енгізілді. Атап айтқанда, қатысушылар 35 жасқа дейін ұлғайтылып, «Қоғамдық қызмет» номинациясы «Креативті бастамалар» болып ауысты. Номинация креативті индустрия саласын дамытуға мемлекет тарапынан ерекше назар аударуға байланысты өзгеріске түсті. Осы бағытты ынталандыру өңірлердегі бастамаларға жүйелі түрде назар аударуға, түрлі жобаларды анықтауға және оларды көтермелеуге, ең үздік идеяларды іске асыруға мүмкіндік береді. Креативті бастамаларға ақпарат, мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы, мемлекеттік жастар және отбасы саясаты, қайырымдылық, волонтерлік қызмет салаларындағы жетістіктер жатады.