Қоғам • 22 Желтоқсан, 2023

Қазақстанда 1 қаңтардан бастап қандай төлемдер өседі, не өзгереді?

16323 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап, елімізде айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 7 пайызға, яғни, 3450 теңгеден 3692 теңгеге өседі. Осыған байланысты әлеуметтік жәрдемақылар мен бюджетке төленетін салық, айыппұл мөлшері де артады, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстанда 1 қаңтардан бастап қандай төлемдер өседі, не өзгереді?

«2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңда 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енетін қаржылық көрсеткіштердің жаңа мөлшері бекітілген.

Мәселен, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап  айлық есептік көрсеткіш мөлшері былтырғы бағадан 7 пайызға артады. Яғни, келер жылы АЕК 3692 теңгені құрайды. Осыған байланысты мемлекеттен берілетін әлеуметтік жәрдемақылар, көпбалалы отбасыға берілетін көмек мөлшері көбейеді.

Сондай-ақ ең төменгі күнкөріс мөлшеріндегі базалық көрсеткіш - 40 567 теңгеден  - 43 407 теңгеге артады. Осы негіз бойынша  мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша тағайындалатын төлем ұлғаяды.

1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы (ЕТЖ) сомасы - 70 000 теңгені құрайды.

Бала туғаны үшін берілетін жәрдемақы мөлшері: бірінші, екінші және үшінші бала туғанда – 38 АЕК-ке көтеріледі. Бұл 2023 жылы 131 100 теңге болса, жаңа жылдың 1 қаңтарынан бастап 140 296 теңге болады. Төртінші және одан да көп балаға – 63 АЕК жәрдемақы беріледі. Биыл бұл сома 217 350 теңге болса, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап 232 596 теңге болады.

Келер жылдан бастап алғаш рет ұлттық қорға инвестициялық табыстан түскен 50 пайыз қаржы еліміздегі 18 жасқа толмаған балалардың есепшотына аударылып отырады. Бастама «Ұлттық қор - балаларға» жобасы аясында жүзеге асады. 1 қаңтардан бастап балаға ақша түсіп отыру үшін ата -ана істеу керек әрекеттерді мына жерден біле аласыз. 

2024 жылдан бастап жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары енгізіледі. Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын өз қаражаты есебінен 2024-2028 жыл аралығында 1,5%-дан 5%-ға дейін кезең-кезеңімен жұмыскерлерінің пайдасына аудару басталады. Осылайша, зейнеткерлікке шыққан кезде бұл жұмыскерлер қосымша жинақтаушы зейнетақы төлемімен қамтамасыз етіледі.

Базалық зейнетақы мөлшерінің ең төменгі мөлшері - 28 215 теңгеге, зейнетақы - 57 853 теңгеге көтеріледі.

«2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет» туралы заң жобасында «жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдеріне бағытталған қаражат олардың мөлшерін 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 9,0 пайызға арттыруды ескере отырып көзделгені белгіленсін» деп көрсетілген.

Жаңа жылдан бастап шәкіртақы да артады. Жауапты мекеме пайыздық мөлшер 2024 жылы мынадай ақша жиынтығын көрсететінін айтты:

  • бакалавриат – 47 135 теңге (педагогикалық бағытта – 75 600 теңге);
  • магистратура – ​​107 061 теңге;
  • докторантура – ​​240 000 теңге.

2024 жылы балабақша тәрбиешілерінің жалақысын 30 пайызға көтеру көзделген. Ол үшін бюджеттен 96 миллиард теңге бөлінген. 242 миллиард теңге ғылымды қаржыландыруға бағытталмақ. Бұл 616 азамат жетекші ғалымның жалақысын артатынын аңғартады.

Сондай-ақ БАҚ өкілдерінің де жалақасы 30 пайызға көбейеді. Бұл үрдіс 2025 жылға дейін жалғасады.

Келер жылғы 1 қаңтардан бастап су саласындағы қызметкерлердің жалақысы 25 пайызға көбейеді. Биыл құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігі осы бағытта тиісті шараларды қолға алған.

2024 жылы жаңа тұрғын үй бағдарламасы «9-20-25» іске қосылады. Бағдарлама бойынша жыл сайын 8 мың отбасыны баспанамен қамту жоспарланған. Бағдарлама негізінде үй беруде жастарға басымдық берілмек.

Сыйақы мөлшерлемесі – 9%, бастапқы жарна – 20% және несие мерзімі 25 жылға дейін. Осы шарттар бойынша келесі жылдан бастап тұрғын үйді ипотекаға алуға болады. Жобаны жүзеге асыруға 100 млрд теңге бөлінбек.

2024 жылдан бастап Қазақстанда автокөліктерді сақтандыру құны өзгереді. Енді автокөлікті сақтандыру бағасы өңірге қарай бекітіледі. Компаниялар жылына бір мәрте сақтандыру құнын түзетіп отыруға құқылы.

Көліктің жылдамдығын сағатына 10-20 шақырымға асырғаны үшін айыппұл 5 АЕК құрайды. 2023 жылы 17250 теңге болса, келесі жылы 18460 теңге болады.

Білім беру саласында да біршама өзгерістер болады. Оқу-ағарту министрлігі 2024 жылы мектеп бағдарламаларын жаңартуды жоспарлап отыр. Министрлік жалпы білім беретін пәндер мен бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім деңгейлерін таңдау курстары бойынша үлгілік оқу бағдарламаларына өзгерістер мен толықтырулар әзірледі. Осылайша, жаңа типтік оқыту бағдарламалары қабылданбақ.