Елорда әкімі Жеңіс Қасымбекке өңірлерден бас қалаға азаматтардың көшуі шектеле ме деген сұрақ қойылды.
Әкім өз кезегінде мұндай шектеу қою орынсыз екенін түсіндірді.
«Унитарлы мемлекетпіз, Астанаға көшетіндерді шектеу, ондай сұрақтар болуы мүмкін емес. Бұл барша қазақтың астанасы, олардың мұнда келуге құқығы бар. Жалғыз жауап осы болуы мүмкін», деп жауап берді Жеңіс Қасымбек.
Алайда әкімнің айтуынша, Астана инфрақұрылымы ағыл-тегіл көшті қабылдауға, келгендерге жайлы тұрмыс тартуға дайын емес.
«Расында, коммуналдық-тұрмыстық, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым бойынша көші-қон қарқынынан белгілі бір артта қалу бар, сондықтан қазір тиісті шаралар қабылданып жатыр. Жоғарыда айтылғандай, мектептер мен медициналық мекемелердің, мектепке дейінгі білім беру нысандарының көптеп салынуы. Бүгін осы мәселеге қатысты мәселелердің барлығы дерлік көтерілді, сонымен қатар тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының құрылысы: жылу, су, электр энергиясы және т.б. мәселелерді жедел шешуге тырысамыз», деді Астана қаласының әкімі.