Пікір • 24 Желтоқсан, 2023

Марафон

342 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бір сәт күйбең тірліктен арылып, ми­да­ғы мың-сан ойдан алыстап, сәл тоқтап, ты­ныш­тық тауып айналаңа қара­саң, өмірдің қалай өтіп жатқанын көре­сің. Зымырап жатқан уақыт. Сол уа­қытпен жарысып, жете алмасын білсе де құл­шына қуып бара жатқан адамдар. Ешкімнің артық уақыты жоқ – бәрі бір жаққа, яки бір мақсатқа жетуге асығады. Әлеуметтік желіні байқасақ та жай жүрген адам көрмейсің: бәрі бірдеңе іздеп жүр – бақыт, байлық, тыныштық, үйлесім, бәлки, өзін. Қазір өзі сондай заман болды ма, ешкім тыныш, қарапайым өмір сүргісі келмейді екен. Ешкім өз өміріне риза емес: бәрі бірдеңе өзгерткісі келеді, бәрі бәрін басынан бастағысы келеді, бәрі басқа адам болғысы келеді.

Біреу таң алагеуімнен тұрып, медитация жасайды: «Менде бәрі жақсы болады, мен бай боламын, мынау – менің үйім, мынау – менің жап-жаңа көлігім, мына бір әлемнің керемет нүктесінде күнге қыздырынып, демалып жатырмын». Соған сенеді. Бәрі өз-өзін дамытуға, түпсанасымен жұмыс істеуге, өздерінің тілімен айтқанда, ішкі даусын тыңдауға, өзін табуға құмар (бұған дейін адасып жүрген екен). Олардың ойынша, адамның өміріндегі кез келген сәтсіздік, жоқшылық, жетіспеушіліктің бар себебі – өз ойында жатыр. Яғни түпсана дұрыс жұмыс істесе, бәрі күшті болады деседі. Міне, коучтардың күрт байып кеткен бүгінгі уақытында осы мақсатқа ұмтылған жан жетерлік. Өз әлемдерінде өз мақсаттарына – жақсы ойлап, жақсы өмір сүруге талпынып бағады. Негізгі жұмысынан бөлек йогамен айналысады, түрлі тренингтерге қатысады, саздан құмыра жасайды, сурет салады, би билейді, тіл үйренеді, мидағы шектеулерін бұзады, бала кездегі жанына тиген «соққыларын» шығарады... Содан кейін ғана өзін толыққанды бақытты сезінеді.

«Қайтсем табысты болам, қандай бизнес ашам, қайтсем байып кетем» деген ойлар да маза бермейді. Ұйықтауға уақытты әрең табатын секілді. Жарқ-жұрқ өмір. Бір күндік жоспарлары сұмдық қауырт. Қайтсем өзімді дамытамын деп жанұшырып жүрген жандар. Қоғамның мұндай қатты ағысына ілесемін деп бір тынбайды. Дәл бір бәрін өзгертуге арналған жаппай марафон басталып кеткендей. Бір жағынан, жақсы өмірге жетемін деп, жақсы адамға айналамын деп аласұрып жүрген сол жандарды көргенде кейде аяйсың. Тынышсыз өмірлеріне қарап жаның ашиды.

Айналамызда күрт белең алған бұл «енді өзгеремін, дамимын» деген бастаманың себебі, әрине, әлеуметтік желі. Сондағы жарқылдаған өмір. Дәлірек айтсақ, бәрі қы­зығатын табыс­ты адамдардың «тәтті» өмірі. Иә, ТикТок деген бір «өсекші» болды. Ешкімнің өмірі бейжай қалмайды. Бәрі не істеп, не киіп, не ішіп жатқанын көрсетуге, бұл бақытты күніне қалай жеткенін, жетіс­тіктерін қалай бағындырғанын айтуға шебер болды. Тып-тыныш өмірін сүріп, барына шүкіршілік етіп жүрген жанның көзін қыздырады. Олардың иммунитеті әлсіз бе, әлеуметтік желідегі «тәтті» өмірге қызықпай қоймайды. Өзін неге сондай болмасқа деп қайрайды. Содан солар сияқты өмір сүруге талпынады. Өзінің қалауы емес – экранның арғы жағындағы ел-жұрттың істегенін іс­тейді. Бір тоқтамайды. Өзінің ойынша, дамып жатыр. Өзінің бе, әлде өзгенің бе, әйтеуір бір мақсатқа ұмтылады. Біреудің арманын өз арманына ұқсатады.

Өз өмірлері өздеріне ұнамайтын көп қауымның осы кейпіне параллель көз ал­ды­ма түу шалғайдағы тағы бір өмір елес­тейді. Мәселен, еліміздің шығысындағы Қатон­қарағай ауылы. Қалың қар баяғыда-ақ түс­кен. Жұрт көмір түсіріп, от жағуды бастап кеткелі қай заман. Таудың суығы қойын-қонышыңа кіріп, денеңді тоңазытады. Қоңыр тіршіліктерін кешіп, тыныш өмірлерін сүріп жатқан халық. Ешкім ешқайда асықпайды. Біреуден қалдым деп ентелемейді. Уақытпен жарыспайды. Аса бір үлкен армандары да жоқ. Ең бастысы, осы өмірлеріне риза. Әр сәттен ләззат алып, әр істен жақсылық көріп, гар­монияда ғұмыр кешіп жатыр. Олар да өздерінше бақытты.

Иә, адам қандай болса да, ең алдымен өзін жақсы көруі керек. Өзінің қалауын, өзінің көзқарасын құрметтеуге тиіс. Өзінің жақсы мінездерін, азды-көпті талантын бағалауы қажет. Қоғам қандай арнаға бұрылса да адам өзін, өз құндылығын жоғалтпаса дейміз. Өмірінің әр сәтін, әр қадамын сезініп, өзінің жер басып жүргенін, тірі екенін, қоғамда, отбасында, ортасында белгілі бір орны бар екенін түйсінген жан арман-мақсаттарынан да адас­пайды. Әрине, тірі жан, тірі организм табиғи қалпына сай қателеседі, адасады, түңіледі, жылайды, қайта тұрады, қайралады. Мұның бәрі адамды адам етер табиғи құбылыс емес пе? Әлеуметтік желінің жылтыр әлеміне қызыққандар осы табиғи өсуден, табиғи дамудан неге қашады? Неге өз жанын, өз тәнін «лақтыра сала» біреудің өміріне еніп кетуге дайын тұрады?