Ғылым • 26 Желтоқсан, 2023

Елдің тағы бір журналы Scopus-қа енді

83 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «ҚазҰУ хабаршысы. Математика, механика және информатика сериясы» ғылыми журналы Scopus ғылыми деректер базасына енгізілді.

Елдің тағы бір журналы Scopus-қа енді

Scopus – рецензияланған ғылыми әдебиеттердің ауқымды ғылыми-метриялық мәліметтер базасы. Онда 5000 халықаралық баспаның 20 мыңнан астам жария­ланымы бар. Scopus деректерінің сапасы ғылыми-зерттеу жұмысын бағалау үшін дерекқорды пайдаланатын жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдар, сондай-ақ университеттердің әлемдік рейтингтерін құрастыру үшін рейтингтік агенттіктер тарапынан мойындалған. Ғылымға бет бұрғандар үшін Scopus-пен жұмыс істеу маңызды. Зерттеудің халықаралық ғылыми басылымдарда жариялануы ғылыми беделді арттырады.

Ал Scopus базасына енген «ҚазҰУ хабаршысы. Математика, механика және информатика сериясы» ғылыми басылымы математика, механика және ақпараттық технологиялар саласындағы жаңалықтарды, өзекті мәселелер мен жетістіктерді жариялайды. Журнал жылына 4 рет электронды форматта шығарылады. Бірінші саны жылдың 20 наурызына дейін, екінші нөмірі – 20 маусымға дейін, үшінші шығарылым – 20 қыркүйекке дейін, төртінші шығарылымы 20 желтоқсанға дейін жарияланады. Scopus мәліметтер базасына «ҚазҰУ хабаршысы. «Математика, механика және информатика сериясының» бірінші хабаршысы және жалпы үшінші ғылыми басылымы еніп отыр. Бұған дейін бұл ірі дерекқорға университеттің International Journal of Mathematics and Physics және Physical Sciences and Technology журналдары енгізілген.

Scopus деректер базасындағы мазмұнды іріктеу бойынша Сараптамалық кеңестің саясатына сәйкес, өзекті ғылыми мақалаларды жариялау және оны дерекқорға енгізу халықаралық аудитория үшін аса маңызды әрі негізгі көрсеткіш. «ҚазҰУ хабаршысы. «Математика, механика және информатика сериясы» зерттелетін салаға академиялық үлес, Scopus журналындағы мақалаларға сілтеме жасау, редакторлар мен авторлардың географиялық таралуы, жариялау этикасының анық және жалпыға қолжетімді мәлімдемелері сияқты бағалау көрсеткіштері негізінде рецензияланып таңдалып алынған.

Басылымға авторлар тарапынан бұрын жарияланбаған, қазақ, орыс немесе ағылшын тілдерінде журналдың тақырыптық бағыттарына сәйкес келетін және қолжазба форматының талаптарына сәйкес әзірленген мақалалар қабылданады. Сондай-ақ Creative Commons Attribution лицензиясының шарттары бойынша авторлар қолжазбаларына моральдық құқықтарын сақтайды, сонымен бірге басқаларға мақаласын еркін жүктеуге, қайта пайдалануға, қайта бастыруға, өзгертуге, таратуға немесе көшіруге мүмкіндік бере отырып, осы жұмыстың авторлығын міндетті түрде растай отырып және осы журналдағы бірегей басылымға сілтеме жасай алады. Осы әрекеттердің барлығы үшін журналға сілтеме көрсетілген кезде авторлардан немесе баспадан рұқсат талап етілмейді.

Журналдың редакциялық алқасы жетекші отандық және шетелдік ғалымдардан құралған. Scopus-пен қатар, журнал CrossRef, EBSCO, DOAJ, Ресейлік ғылыми дәйексөз индексі, Web of Science сияқты белгілі ғылыми-метриялық деректер қорларында да индекстеледі. Былтыр журнал Web of Science деректер базасына енгізіліп, биыл индекстеу базасының бірінші импакт-факторын алды. Журнал жария­ланымдарына беделді халықаралық конференциялардың жинақтарында және рейтингі жоғары ғылыми журналдарда сілтеме беріледі.

«ҚазҰУ хабаршысы. «Математика, механика және информатика сериясы» ғылыми басылымының Scopus-қа енуі – ұлттық университеттің интернационалдандыру және зерттеу университетін қалыптастыру бағытындағы нәтижелі жұмыстарының айқын көрінісі. Аталған журналдағы ғылыми мақалалар университеттің халықаралық ғылыми беделін көтеруге лайықты үлес қосып келе жатқаны Scopus деректер базасының Сараптамалық кеңесі тарапынан жоғары бағаланып отыр.