Қоғам • 26 Желтоқсан, 2023

Кооперациядан ұтарымыз көп пе?

59 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Осыдан 7 жыл бұрын, дұрысы 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» заң қолданысқа енді. Ондағы мақсат – ауыл шаруашылығы кооперативтері мүшелерінің құқықтық жағдайын, заңды міндеттерін, сондай-ақ ауыл шаруашылығы кооперативтері мен олардың қауымдастықтарының құқықтық жағдайын, олардың құрылу қызметі, қайта ұйымдастырылуы және таратылуы тәртібін айқындау.

Кооперациядан ұтарымыз көп пе?

Жалпы, ауыл шаруашылығы саласында құрылған кооперативтер коммерциялық ұйым болып есептеледі. Тауар өндіруші ретінде оны өткізу, сату неме­се сатып алушы ретінде өз заң­ды құқықтары бар. Демек өз-өзін қар­жыландыру арқылы пайда табуға болатын дербес шаруа­шы­лық. Сондай-ақ олар ауыл шар­уашылығында өнім өндірудің бір­неше түрімен де айналыса ала­ды. Қазір осы саладағы коо­перативтер қызметінің негізгі түрлері – мал мен егін, балық пен құс өнімдерін өндіру және өңдеу болып отыр. Ал оны құру тәртібі кооперативі құрылтай жи­на­лы­сы­ның шешімімен қаралу көз­делген. Кооператив кемінде үш құ­рылтайшының шешімі бойынша құрылады.

 

Бірігу табысқа бастай ма?

Мамандардың пікірінше, атал­ған заң шаруалардың табысын молайтады. Құрылған коо­пе­ра­тивтердің мақсаты сол, табыс тауып, сол табысты кооператив мү­ше­лері арасында бөліп беру. Бұған қосымша кооперативтің дамуына үлкен жол ашылмақ.

Бірігуден келер пайда көп еке­нін шаруалар да мойындайды. Бірақ жеке бас мүддесі аяққа тап­­талмай ма деп қорқасоқтайды. Ал сарапшылардың сөзінше, ұжымдық шаруашылықтардың көп­­теген артықшылығы бар. Мы­­салы, өсімдік шаруашы­лы­ғын­да, дақылдарды өсіріп, жинап, оны сатып, қаржыға айналдыруда олардың бәсі жоғары. Дәл қазіргі қымбатшылық жағ­дайда мұндай іріленген шаруа­шылықтар әбден қажет. Өкінішке қарай, қазір мұндай майда шаруа­шы­лықтардың басын біріктіру тым қиын сияқты.

«Майда шаруашылықтарды ірілендіру, яғни ұжымдастырудың өзіндік мәселелері жетерлік. Менің ойымша, ұжымдастырудан ұта­ры­мыз көп. Себебін айтсақ, бір ірі шаруашылық маусымдық егін­ді жи­нау кезінде өз техникасымен жұмысын бастап, уақтылы аяқ­­­­­тайды. Қалған уақытта ар­на­йы орында бос тұрады. Ал майда шаруашылықтарда мұн­­дай көп техника болмауы мүм­кін. Сондықтан кейбірінен жал­ға алып, жұмыстарын жүргі­зіп жатады. Жалпы, осы ұжым­дас­ты­рудың белгілі бір тетік­те­рі дұрыс заңдастырылса, бұдан көп пайда көреміз. Қазір шағын қожа­лық­тар­да мынадай қор­қы­ныш бар. Олар өздеріне тиісті үлесті ала алмай қаламыз ба деп ойлайды. Бұл жерде тәртіп пен заңдылық қатаң сақталуға тиіс», дейді ауыл шаруашылығы ғылым­дарының кандидаты Самалбек Қосанов.

Ғалымның айтуынша, бірігу жетістікке жетелейді. Мысалы, егін шаруашылығында бір зиянкес жәндік немесе тұ­қым­да ауру пайда болса, шағын шаруашылық сол қиыншылықпен бетпе-бет жалғыз өзі күресуіне тура келеді. Ол ойланып, шешім қабылдаймын дегенше кешігуі мүмкін.

«Сондықтан да ұжымдық мә­се­леде олар барлығын бірге шеше алады. Екіншіден, өнімділік те артады. Техника жаңарту, тауарды сату жағында да кедергілерді бірлесе жеңеді. Сондай-ақ мал бордақылау, жүгері егу, бақша өсіру деген сияқты әртүрлі шаруа­шылыққа қолайлы елді ме­кендер бар. Олар бірігіп, ұжымдық шарт жасасып, кооператив құрса, онда көп нәрсе алға жылжиды. Осы­ның ішінде әрқайсысының өз міндеті болуы керек. Мысалы, ұжымдағы бірінші топ тек малды бағып, семіртіп, келесі бір топ оны сату жағымен айналысып, өздеріне жүктелген жұмысты тиімді атқарса ғана нәтиже мен сапа деңгейі арта бермек. Ал қазір көбіне егіс егіп, мал баққан майда қожалықтар өздері өсіріп-бағып, өздері өнімге айналдырып, өздері нарыққа сатылымға шығарып жүр­гені рас. Ал өзі шағын ғана шаруашылықтың өнімі де аз болатыны белгілі ғой. Ойындағы бағаға да келмей жатуы мүмкін. Ал ірілендірілген шаруашылықтарда өнімге ғана жұмыс істеп, белігілі бір компаниялармен келісімшарт аясында тауарды өз бағасына жөнел­­тіп отырған жағдайы бар», дейді ол.

 

Егер мүмкіндік көбейсе...

Кей сарапшылар майда ша­руа­шы­лықтың да көтерер жүгі бар деп есептейді. Мысалы, бау-бақша, жеміс-жидек өсіретіндер үшін тиімді. Ал 100-200 гектар жерге күріш немесе бидай, сондай-ақ мал азығы дақылдарын егетін мұндай шаруашылықтар үшін қиындық көп кездеседі. Расымен де, 100 гектар егетін шаруашылық та, 1000 гектар егетін серіктестіктің де егіс егуде қолданатын технологиясы бір. Бірақ аз жерге астық сеуіп жүрген ағайынның ірі шаруашылықтармен иық те­ңес­тіруі тым қиын. Техника же­тім­сіздігі, өнім экспорттауға қау­қарсыздық сияқты мәселелер жиі туындайды. Екіншіден, жерді ауыстырып егуге де олардың мүм­кін­ді­гі жоқ. Жыл сайын бір жерге егіс еге беру – топырақтың тозуына бірден-бір себеп.

«Ауыл шаруашылығы түрлі саладан тұрады. Экономикалық тұрғыда орта шаруашылықтардың мүмкіндігі көп. Майдаланған шаруа­­шылықтардың дамуына мүм­кін­дік аз. Ауыл шаруашылығы үлкен болса да, кіші болса да ауыл шаруашылығы техникасын пайдалануы қажет. Техни­ка­­ның қымбаттығы мен майда шаруа­шылықтардың қаржылық мүмкіндігі – олардың дамуына мүм­кіндік бермейтін негізгі фак­тор. Мысалы, бір шағын шар­уашылық шамамен 365 млн теңгеге заманауи комбайн сатып ала ала ма? Әрине, жоқ. Со­нымен қатар елге қосымша табыс әкелетін өнім көлемін орта, ірі шаруашылықтар ғана беретінін көріп отырмыз. Дұрысы, ұсақ шаруашылықтардың бірігуіне Үкі­мет тиімді экономикалық жағ­дай жасау керек деп санаймын», дейді Қызылорда облыстық қо­ғам­­дық кеңесінің мүшесі Ерұлан Өмірсеріков.

Ал егінмен қатар мал өсіретін шағын қожалықтардың көбісі «ортақ өгізден оңаша бұзауды» артық көретіндей. Мұнда екіжақты пікір бар. Бірі көз алдындағы төрт түлігін өзі түгендегенді жөн көрсе, енді бірі ұсақ қожалықтар ұжым­даса тірлік етсе, жерді пай­далануға, субсидия алу жағы­нан мол мүмкіндік болатынын айтады. Тек ұжымдық ереже заңдылықпен бекітілгені жөн.

Мал шаруашылығының арда­гер­лері де селекциялық жұмыс­тар мен қымбат асыл тұқымды түлік санын көбейтуде кооперативтің тиімді екенін айтып отыр. Бұған қоса жұқпалы аурулардың алдын алу, емдеу, карантиндік ша­ралар жасау жеке әрі шағын қожа­лық­тар­ға тым ауыр. Мәселені тек бі­рік­­кен жағдайда ғана шеше ала­ды.

«Ауылдағы мал өсіріп отырған 3-4 шағын қожалық біріктіріліп, ұжымдық бірлестік болғаны жақсы-ақ. Бірақ оған алдымен саланы жетік меңгерген білікті басшы керек. Сондай-ақ асыл тұқымды мал басын көбейту, жем-шөп қорын әзірлеуге қажетті техникаларды алу, оған төменгі пайызбен несие қарастыру сияқты қолдауларға Үкімет назар аударса екен. Бұған қосымша тері мен жүн өңдейтін шағын өндіріс цехтары ашылғаны тиімді. Мал басын көбейткенімен, оның өнімін сұрыптайтын кәсіпорындар жоқ болса, басталған іс кері кетеді. Әсі­ресе  ауылдық жерде бор­да­қылау алаңы, сүт өнімдерін өң­дей­тін шағын кәсіпорын ашуға мемлекет қолайлы жағдай туғызып, сол тауарларды дүкен сөрелеріне дейін жеткізуге мүмкіндік болса, елдегі басы құралған ұжымдық бірлестіктердің де айы оңынан туары анық», дейді Қазақстан ауыл шаруашылығы ардагерлер корпорациясының Құрметті ардагері Жаппарберді Бержанов.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды екенін айтқан болатын. Сондай-ақ жеке қосалқы шар­уа­шы­лық иелерінің өзара бірігуін және соған қажетті жағдай жасалуы керектігін атап өтті.

Десек те, елімізде біріккен ауыл шаруашылығы кооперативтерінің саны артып келеді. Ұлттық статистика бюросынан алынған мә­лі­метке сүйенсек, былтыр Қа­зақ­станда жұмыс істеп тұрған 3284 кооператив бар екен. Ескеру керек, бұл – былтырғы көрсеткіш. Ең көбі, яғни 794 кооператив Түркістан облысында тіркелген. Одан кейінгі орында Жамбыл (363) және Батыс Қазақстан (270) облыс­та­ры. Ең азы Алматы қаласында. Мұнда 7 кооператив қана жұмыс істейді.

 

Ержан ҚОЖАС,

журналист

 

Қызылорда облысы