2024 жылы Қазақстанда ең төменгі зейнетақы, жалақы және ең төменгі жалақы көрсеткіштері өзгереді.
2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға сәйкес ең төменгі жалақы 85 мың теңге, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 28 215 теңге, ең төменгі зейнетақы 57 853 теңге, айлық есептік көрсеткіш 3 692 теңге болады. Базалық әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін күнкөріс минимумы 43 407 теңгені құрайды.
Айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің ұлғаюына байланысты мемлекеттік баждың мөлшерлері өзгереді.
Осылайша, Қазақстан Республикасы азаматының паспорты үшін мемлекеттік баж келесідей болады:
24 бет – 14 768 теңге (4 АЕК) (16 жасқа дейінгі балалар үшін);
36 бет – 29 536 теңге (8 АЕК);
48 бет – 44 304 теңге (12 АЕК);
Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты – 738,4 теңге (0,2 АЕК). Қазақстан Республикасы азаматының бір жыл ішінде екі реттен артық куәлік жоғалуына байланысты – 3 692 теңге (1 АЕК), азаматтығы жоқ адамның жеке куәлігі үшін – 29 536 теңге (8 АЕК).
Ең төменгі жалақының өсуі жалақысы төмен жұмысшыларға әсер етеді. Сондай-ақ жалақы деңгейлерін белгілеу кезінде ең төменгі жалақы көрсеткішін пайдаланатын жұмыс берушілер басқа санаттағы жұмыскерлердің жалақысын санатаралық біліктілік жүйесін ескере отырып қайта қарайды.
Осының арқасында әртүрлі меншік нысанындағы кәсіпорындарда барлық салаларда жұмыс істейтін 1,8 миллионға жуық жұмысшының, оның ішінде 350 мыңға жуық бюджеттік қызметкердің ақшалай кірісі артады.
2024 жылдың 1 қаңтарында жалпыға бірдей декларациялау науқанының үшінші кезеңі басталады. Елімізде мемлекеттік қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалар, квазимемлекеттік сектор қызметкерлері мен жұбайларға қатысты жалпы декларациялаудың екі кезеңі өтті. Барлығы 2,6 миллион адам қамтылған.
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің бір бөлігін балаларға есептеуді көздейтін «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске асыру басталады.
Ұлттық қордан балалардың арнайы жинақ шоттарына аударылған қаражатты болашақта тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе білім алуына жұмсауға болады. Тұрғын үй сатып алуға немесе жақсартуға Қазақстан аумағында ғана рұқсат етілген, ал білім алу үшін шетелдік оқу орнында оқуға мүмкіндік бар. Бала 18 жасқа толғанға дейін есепке жазылған қаражат Ұлттық қорда болады және Ұлттық банк қаржы құралдарына инвестициялауды жалғастырады. Баланың туған күнінен немесе Қазақстан азаматтығын алған күнінен бастап 18 жасқа толғанға дейін оның бағдарламаға қатысқан тиісті мерзімі үшін әрбір баланың шотына бірдей сома аударылып тұрады. Шотта жинақталған қаражатты балалар 18 жасқа толғаннан кейін ғана пайдалануға мүмкіндік беріледі. Алайда балалар азаматтықты өзгерткен жағдайда бұл құқығынан айырылады.
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлерге өнеркәсіп пен салаларды дамытуға қосқан қомақты үлесін ескере отырып, зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін 55 жастан бастап арнайы әлеуметтік төлемдерді енгізу жоспарлануда. Қызметкердің денсаулығына келтірілген зиянның дәрежесі ескеріледі.
Осыған байланысты «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында тәсілдер әзірленді.
Заң жобасында төрт төлем көзінен тұратын МКҚК қарастырылған, оның бірі республикалық бюджеттен төленетін арнайы кәсіби мемлекеттік жәрдемақы.
Сонымен қатар қызметкерлерге қолданыстағы зейнетақы жинақтарын ескере отырып, міндетті зейнетақы жарналары арқылы БЖЗҚ-дан төлемдер алу құқығы берілген.
Төлемдер зейнеткерлік жасқа дейін төленеді. Арнайы әлеуметтік төлемдерді алу үшін сізге зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыстан шығу қажет болады. Яғни, қызметкерлер жеңіл жұмысқа ауыса алады (еңбекақы мен жәрдемақы алады) немесе еңбек демалысына шығып, зейнетақы тағайындалғанға дейін төлемдерді ала алады.
Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге салынған мораторий мерзімі 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін ұзартылды.
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын және микро бизнесті тексеруге арналған мораторий тоқтатылады. Осылайша, бақылаудың барлық салаларында тәуекелдерді басқару жүйесі енгізіледі.
Сондай-ақ жаңа жылдан бастап Қазақстанда Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) жойылады. Ол жылдық табысы 4,1 миллион теңгеден аспайтын азаматтар үшін енгізілді. Бірыңғай жиынтық төлем 2019 жылдан 2023 жылға дейін, яғни уақытша қабылданған еді. Ол 2023 жылдың 31 желтоқсанында аяқталады.
Осыған байланысты Бірыңғай әлеуметтік төлемді төлейтін азаматтар 2024 жылдан бастап жеке кәсіпкер болып, тиісті салық режимін таңдауы қажет.
Айта кетейік, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын өз қаражаты есебінен 2024-2028 жылдар аралығында 1,5%-дан 5%-ға дейін кезең-кезеңімен жұмыскерлерінің пайдасына аудару басталады.
Осылайша, зейнеткерлікке шыққан кезде бұл жұмыскерлер қосымша жинақтаушы зейнетақы төлемімен қамтамасыз етілетін болады.
Бұл шара жас буынды қолдауға бағытталған, олардың зейнетақы мөлшері олардың зейнетақы аударымдарына тікелей байланысты болады. Олардың зейнетақысы үш компоненттен: мемлекеттен базалық зейнетақы, жинақтаушы зейнетақы – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударымдар есебінен және шартты-жинақтаушы зейнетақы – жұмыс берушілердің жарналары есебінен болады.
ЖМЗЖ енгізу, әсіресе, ынтымақты өтілі жоқ (1998 жылға дейін) немесе ынтымақты жүйедегі өтілі аз азаматтар үшін өзекті.
Сонымен қатар жаңа жылдан бастап газ жабдығы бар көліктерде арнайы сәйкестендіру белгісі болуы керек. Өзгеріс Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы бұйрығымен бекітілген Жол қозғалысы ережелерінде болды.
Леп белгісі және «GAS» деген жазуы бар, сары түсті үшбұрыш нышан газ баллонды жабдығы бар көліктердің барлығына жапсырылуы тиіс. Сондай-ақ бұл белгі жабық паркингтерге кіргенде автокөлік оңай танылатындай етіп орнатылуы қажет. Бұл газбен жүретін көліктердің жабық тұрақтарға қойылмауын бақылап, тұрғындардың қауіпсіздігін сақтауға көмектеседі.
Сонымен қатар жеке басын куәландыратын құжаттарды алған кезде саусақ іздерін тапсыру рәсімі басталады. Әзірге бұл процесс Қазақстан азаматтары үшін ерікті болады. Бірақ елімізге келетін шетелдіктер үшін бұл міндетті болмақ.
1 қаңтардан бастап Қазақстанда ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін төлемнің жаңа мөлшерлемесі енгізіледі. Бұл «Бурабай» мемлекеттік ғылыми-өндірістік кәсіпорнына да әсер етпек.
2024 жылға арналған алым мөлшерлемелері мыналарға негізделеді:
– жаяу жүргіншіден – 0,1 АЕК (369 теңге);
– мотоцикл, мопед, квадроцикл үшін – 0,2 АЕК (738 теңге);
– жеңіл автокөлікке – 0,3 АЕК (1 108 теңге);
– сыйымдылығы 16 орынға дейінгі шағын автобустар мен жүк көліктері үшін – 1 АЕК (3 692 теңге);
– 32 орынға дейінгі автобустар үшін – 2 АЕК (7 384 теңге);
– 32-ден астам орындық автобустар үшін – 3 АЕК (11 076 теңге).
Оның ішінде жеке/заңды тұлғалардың автокөліктерінен төлем ұлттық парк аумағында болған әрбір күн үшін алынады.