Қоғам • 26 Желтоқсан, 2023

Еріктілер қатары 5 есеге артты – министр

91 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғамды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру бойынша бірқатар жүйелі шараларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Egemen.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Еріктілер қатары 5 есеге артты – министр

Фото: gov.kz

Іске асырылатын іс-шаралардың қатарында дамудың институционалдық негіздерін құру, өзара іс-қимылдың диалогтық форматын құру, үкіметтік емес сектор мен волонтерлер қоғамдастығын өзекті мәселелерді шешуге тарту жүйесін жетілдіру бар.

«Бірінші бағыт бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «Қоғамдық бақылау туралы» жаңа Заң және оған ілеспе Заң қабылданды. Олар қоғаммен қатар талқыланып, сарапталып дайындалды. Заңдарда субъектілер мен объектілердің базалық қағидалары мен қағидаттары, құқықтары мен міндеттері, қоғамдық бақылау нысандары айқындалған. Алғаш рет заңнамалық деңгейде петициялар институты енгізілді. Оған қоса 21 желтоқсанда азаматтардың бірлестіктер құрудағы еркіндік құқықтарын кеңейтуге бағытталған «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Заңға өзгерістер енгізу туралы ҚР Заңына қол қойылды», деді А. Балаева Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Қоғамдық кеңестердің қызметін қайта форматтау бойынша қарқынды жұмыс жүргізілді. Олардың құрамындағы азаматтық сектордың өкілдігі 23,5%-ға өсіп, 86%-ды құрап отыр. Кеңестердегі жастардың үлесі 10%-ға дейін өсті.

Айта кетсек, министрлік волонтерлер қозғалысын белсенді дамытып жатыр. 2020 жылдан бастап республикалық және өңірлік фронт-офистер жұмыс істейді. Ауқымды жұмыс нәтижесінде волонтерлер ұйымдарының саны 3 есеге, белсенді волонтерлер саны  5 есеге артты.

Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылдың әртүрлі диалогтық форматтары қамтамасыз етіліп жатыр.

«Осындай алаңдардың бірі – 2023 жылдан бері жүйелі негізде жұмыс істеп келе жатқан Қазақстанның Азаматтық форумының платформасы. Маңызды диалог алаңы – Ұлттық құрылтай. Құрылтайдың екінші отырысында Мемлекет басшысы жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру, «Әділетті Қазақстан» құру, сондай-ақ «Адал азамат» қалыптастыру жөнінде нақты тапсырмалар берді. Осы міндеттерді шешу үшін біз жұмыс істеп жатырмыз», деді министр.