Медицина • 26 Желтоқсан, 2023

Медицина университетінде шеберлік сағаты өтті

62 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Медицина саласында толайым табысқа жеткен шетелдік мамандар Астана медицина университетінде шеберлік сабағын өткізді. Он күнге созылған семинарға 700-ден астам медицина маманы қатысып, білім көкжиегін кеңейтті.

Медицина университетінде шеберлік сағаты өтті

Фото автордікі

Шеберлік сабағына акушер және гинекология, урология, травматология, психиатрия және медицинаның басқа да бағыттары бойынша танымал жетекші сарапшылар шақырылған. Шетелдік сарапшылардың арасында Ресей, Израиль және Германия секілді бірнеше елдің ғалымдары мен мамандары болды.

Астана медицина университетінің проректоры Меруерт Газалиеваның айтуынша, медицина саласы жыл өткен сайын дамудың үстіне дамып келеді. Әр жылдары аурудың диагностикалау, емдеу, алдын алудың жаңа тәсілдері пайда болады. Дәрі-дәрмектің де түр-түрі шығып жатыр.

арасына

– Елімізде ең жаңа деген жабдықтармен жарақтандырылған және штатында қажетті бейіндегі мамандары бар клиникалар саны артып келеді. Бұл елдің денсаулық сақтау саласын жақсартуға және ел азаматтары үшін сапалы медициналық көмекке қол жеткізуді қамтамасыз етуге ұмтылысын көрсетеді. Мамандардың кәсіби деңгейін арттыру, клиникалық практикаға озық технологиялар мен емдеу әдістерін енгізу мақсатында осындай іс-шараны ұйымдастыру туралы шешім қабылданды», деді семинар барысында сөз сөйлеген М. Газалиева.

Шеберлік сабақтары Қалалық көпбейінді ауруханалардың, қалалық психикалық денсаулық орталығының, академик Нұрлан Батпенов атындағы травматология және ортопедия ғылыми орталығының сондай-ақ Астана қаласының емханаларының операциялық блоктары мен клиникалық базаларында жалғасты.

Шеберлік сабағына келген медицина мамандары өз бейіні бойынша бірнеше операцияға қатысқан. Практикалық жұмыс клиникалық бөлімшелерде, анестезиология, реаниматология және қарқынды терапия бөлімшелерінде өтіпті. Сонымен қатар практикалық сабақтар клиникалық базалардың операциялық блогында, Астана медицина университетінің симуляциялық орталығында жалғасқан. Семинар барысында білім алушыларға лапароскопия мен гистероскопияның асқынуларын, преэклампсия, эклампсия, тромбоэмболиямен ауыратын науқастарды бақылау үлгілерін, сондай-ақ кесір тілігінен кейін пайда болатын жағдайларды және одан кейінгі жүктілікті бақылау тәжірибесін зерделеуге мүмкіндік берілді.

Ғалымдар қатысушылармен бірге аяқ, жамбас, тобықтың және тізенің күрделі сыну жағдайларын талдады. Сонымен қатар реконструктивті урология және ерлер денсаулығы медицинасы мәселелері талқыланды. Осы бағыт бойынша практикалық мастер-класта үрпіге жасалатын микрохирургиялық операциялар, қуық ісігінің лазерлік резекциясы талданды. Осы күні Астана медицина университетінің проректоры медициналық көмек көрсету стандарттарының тұрақты дамуы жағдайында білім мен тәжірибені таратуда шеберлік сабақтарының маңызы зор екенін атап өтті. 

астына

– Халықаралық сарапшыларды шақыру университеттің стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу параметрлерінің бірі саналады. Бұл қадам білім алушылардың клиникалық даярлығын интернационалдандыру процесіне, тәлімгерлердің, оқытушы-профессор құрамның, дәрігерлердің, елорданың практикалық денсаулық сақтау саласының орта медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға ықпал етеді, - деп түйіндеді М.Газалиева.