– Шолпан Таңатқызы, партия жұмысына енді ғана кірісіп жатырсыз. Жалпы, саяси жұмысқа қай кезден бастап араласа бастадыңыз?
– Партияға жоғары оқу орнын бітіріп, ауыл мектебінде мұғалім болып жұмысымды бастаған кезде мүшелікке кіргенмін. Мектептегі бастауыш партия ұйымының белсенді мүшесі болып, саяси партиялық құрылымның дамуына үлесімді сол кезден бастап қосып келемін. Осы тұста партиялық жарна төлеу туралы да бірер сөз айта кетейін. Жарна төлеу ең алдымен адамды жауапкершілікке тәрбиелейді, онымен қоса өзіңді елдік істің бөлшегі ретінде сезінуге, ортақ күш болып бірігуге, үлкен саяси үрдіске қатысың бар екенін ұғынуға әсер етеді. Мен оны партияға мүше болған алғашқы жылдардан бастап-ақ ұқтым.
Содан бері ширек ғасырға жуық уақыт өтті. Әрине, өзім сүйіп таңдаған мұғалім мамандығы бойынша басты мақсатым – балаға білім мен тәрбие беру. Алайда мұнымен шектелмей, сол кезден-ақ қоғамдық-саяси жұмысқа араласа бастадым. Ауыл ішінде, аудан мен облыс көлеміндегі түрлі жиналыста, мемлекеттік ұстаным бойынша пікір айтып, қоғамдық пікір қалыптастыру үшін еңбектендім. Елдік іске немқұрайды қарамай, белсенді, жауапты болу сала қызметкері ретінде кәсіби өсуге де себепші болғаны анық. Сондықтан мұғалімдер партияға мүшелікке кіру қажет пе деп кеңес сұраса, кідірместен «иә» деп жауап берер едім. Бұл – адамның өзі үшін, қоғам мен мемлекет үшін игі іс.
– Қазір қоғам трансформация кезеңінде тұр. Жаңа қызметте сізге қандай міндеттер жүктеліп отыр? Партияның бағыт-бағдарына да тоқтала кетсеңіз.
– Партия басшылығында маған тапсырылған бағыттар – Саяси менеджмент академиясын, Республикалық қоғамдық қабылдаулар жұмысын, үш республикалық кеңес жұмысын үйлестіру. Сонымен қатар биыл алғаш рет құрылған партияның Әйелдер қанатын дамыту. Аталған бағыттарда атқарылып жатқан жұмыстың бәрін бірдей айту көп уақыт алады, сондықтан кейбіріне тоқталайын.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев түбегейлі бетбұрысқа жол ашқан ауқымды мемлекеттік реформаларды іске асырып келеді. Мемлекет басшысы былтыр жариялаған қоғамдық-саяси трансформация аяқталды. Сайлау жүйесіне партиялық тізіммен ғана емес, бір мандатты округтерден сайлану енгізілді. Ауылдық округ, аудан, қала әкімдерінің сайлауы өтті. Конституциялық сот қайта құрылып, Жоғарғы аудиторлық палата жаңа мәртебе мен құзыреттерге ие болды. Осылайша, демократиялық институттарды нығайтуға және елімізді дамытуға бағытталған елеулі өзгерістер жасалды. Ал «Amanat» ең ірі саяси қозғаушы күш ретінде Президенттің реформалық бағытын жүзеге асыруда маңызды функция атқарды және партия да өз жұмысын жан-жақты жаңғыртты.
Соның бір дәлелі ретінде партия төрағасы Ерлан Қошановтың партияның Әйелдер қанатын құру туралы бастаманы қолдағанын айтуға болады. Себебі бұл – ең алдымен қоғамның сұранысы. Тарихи ұстанымда әйел заты әділдік, тазалық, тәртіппен байланыстырылады. Сондықтан қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық, балаларға қатысты қатыгездік белең алып тұрған шақта партияның бұл қадамы идеология тұрғысынан дұрыс шешім болды. Бұл шешімді қоғам оң қабылдады. Осы арқылы партия елімізде әйелге әлімжеттік жасауға жол берілмейтінін жария етті. Сонымен қоса Әйелдер қанаты қыз-келіншектерді толғандыратын өткір де, өзекті мәселелерді шешу жолын іздеуді жоспарлады. Бұл – партия идеологиясының халық игілігіне бағытталған басым бағытының бірі.
– Партия идеологиясы деп қалдыңыз, оның өзегі не?
– Біздің партия – қоғамдық пікір мен азаматтардың саяси мәдениетін қалыптастыратын алаң. Халық пен билік арасындағы алтын көпір. Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда ұрпақ тәрбиесіне ерекше назар аударып, идеология жұмысындағы басты бағыттың бірі – кітап басып шығару ісін ерекше атап өткен болатын. Осы орайда партия «Кітап-Amanat» жобасын қолға алып, маңызды идеологиялық мәні бар іс бастады. Себебі Президент айтқандай, еліміздің кітап нарығында шетел өнімдері басым, әдеби кітаптардың 90 пайызға жуығы сырттан келеді. Бұл ретте Мемлекет басшысының ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп басып шығару өте маңызды деген тапсырмасын орындау мақсатында партия осы жобаны қолға алды. Мұнымен қоса, бұл рухани маңызды бастама қоғамның да сұранысы екені анық. Кітап – ақыл-ойдың сарқылмас кені. Біз жасанды интеллект дәуірінде өмір сүргенімізбен, кітаптан бір сәт қол үзбеуді мемлекеттік идеологияға айналдыруымыз керек. Оқу сауаттылығы адамның жалпы барлық бағытта сауатты болуының негізі, оның дәлелін халықаралық салыстырмалы зерттеулердің қорытындылары көрсетіп келеді. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастырып, зияткер эко-қоғам құрамыз десек, төрде кітап тұруға тиіс.
Жобаның негізгі мақсаты – отандық әдебиетке деген қызығушылықты арттыру, отандық авторлар мен кітап шығарушыларды қолдау. Біз жоба арқылы қандай нәтижеге қол жеткіземіз? Біріншіден, бұл руханиятымыздың көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік береді. Осылайша, қазақ тіліндегі кітап шығару мен кітап айналымының үлесін ұлғайтуға жол ашамыз. Екіншіден, қаламгерлердің өз кітаптарын нарыққа шығаруына, шығармашылық белсенділігін арттыруға көмектесеміз. Баспаханалар дүкендерді қолжетімді бағадағы кітаптармен қамтамасыз етіп, оқырманға кедергісіз жетуін қамтамасыз етеміз. Сондай-ақ ең маңыздысы, біз осы бастама арқылы жас ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, көп оқитын, білімді ұлт қалыптастыруды көздейміз.
– Халық арасында да, БАҚ-та да бізде мемлекеттік идеология жоқ деп жиі айтылады. Партия идеологиясы мен мемлекеттік идеологияны байланыстыра отырып түсіндіріп бере аласыз ба?
– Партия басшылығындағы жаңа тұлға ретінде атқарылып жатқан қыруар жұмысқа сырт көзбен қарайтын болсам, партиямыздың «Ауыл аманаты», «Жер аманаты», «Қарызсыз қоғам» жобалары көптеген азаматтың отбасылық мәселелеріне қатысты шаруалар дер едім. Осы жобалар аясында бірнеше алаңда көтеріліп, шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер партиялық алаңда біртіндеп шешімін тауып жатыр. Халық оған куә.
Мәселен, партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне осы жылдың 11 айында 87,4 мың адам жүгінді. Қабылдауға келген азаматтарды толғандырған мәселелердің 55 пайызы оң шешімін тапса, өтініштердің 39 пайызы бойынша түсіндіру жұмысы жүргізілді, 6 пайызы қазір бақылауда тұр. Барлық мәселе бірден шешіле салмайтыны да түсінікті. Кей проблеманы шешуге уақыт керек, бірнеше мекеменің күшін біріктіру қажет. Мәселе шешіліп жатса, адамдар риза болып, алғысын айтып жатады. Шешілмей жатса, әрине, наразылық танытады.
Партияның күнделікті жұмысының өзі жеңіл емес, ол жылдар бойы қордаланған мәселелерді реттеуге бағытталып отыр. Тек сайлау науқанында ғана белсенді болмай, мемлекеттік аппаратпен қатар халықтың мұң-мұқтажына құлақ түріп, мәселесін шешу үшін қызмет жасап келеді. «Amanat» еліміздегі жетекші партия ретінде жауапкершілігі жоғары, еңбектеген баладан бастап, еңкейген қарияның да мүддесін қамтитын, ел ертеңі үшін маңызды жобалардың жүгін мойнына алып отыр. Сондықтан осы істерді жүзеге асыруда қиындықтың болатыны, сын айтылатыны, әрине, заңды. Күрделі мәселелерді күрмеуі қиын деп қарамай, халықтың көтерген проблемасын соңына дейін жеткізуге жұмыстар істеліп келеді. Партияның басты көздегені, негізгі идеологиясы да осы. Партияны адам қай кезде қолдайды? Партияға сенім қай кезде болады? Әрине, адамның өзіне қатысты мәселесі шешілсе, сол жерде сенім пайда болады. Біз – сол сынды көтеріп, қиындыққа төтеп бере алатын партиямыз.
– Қазақстан халқын біріктіретін идеология – мемлекет құрушы ұлттың құндылықтары мен мемлекеттік тілдің қолдану аясының кеңеюіне тікелей байланысты. Елімізді мекен ететін басқа этностар да мемлекеттік тіл мен қазақтың мәдениетіне, дәстүріне құрметпен қарайтыны белгілі. Атап айтсақ, мысалдар өте көп. Осы бағытта партияның қандай жоспарлары бар?
– Қазақ халқының ұлттық құндылықтарын дәріптеу мен мемлекеттік тілді дамыту – басым бағыттар. Көп жағдайда осы ұғымдар отансүйгіштік, тәрбиелік, жоғарғы азаматтық ұстаныммен қатарлас келеді. Бұл – әр адамның өз әрекетімен, өз үлгісі арқылы дәлелдейтін ісі. Дегенмен де, партиямызда іске асырылып жатқан жобалардың ішінде «Сөйле» жобасы нәтижелі істердің бірі екенін, әріптестерімнің «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауын, «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысын жүйелі түрде өткізіп келе жатқанын айту қажет. Бұл алаңдарда жаңа есімдер анықталып, өнер мен мәдениетте өз шеберліктерін шыңдап келе жатқандардың қарасы көбейіп келеді. Әрине, мұндай жұмыстар жалғасын табады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Жадыра МҮСІЛІМ,
«Egemen Qazaqstan»