Жыл тоғысында Жаңақорған, Шиелі аудандарындағы 5 елді мекенге табиғи газ жетіп, тұрғындар қуанышы еселене түсті. Қос ауданға жасаған сапарында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Шиелідегі Еңбекші, Жиделіарық ауылдарында ұйымдастырылған салтанатқа қатысты.
Биыл аудандағы 40 мыңнан аса тұрғын табиғи газ тұтынуға қол жеткізіпті. Аудандағы 6 елді мекенге газ тарату желілерін орнату үшін республикалық бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлініп, біраз жұмыс атқарылған. Келер жылға қаралып отырған 4 млрд теңгеге 12 елді мекенді газбен қамтамасыз ету жоспарда тұр. Осылайша, 2024 жылдың соңында облысты газдандыру деңгейі 78 пайызға жетпек.
Ауылдағылар қуанышына орай ұйымдастырылған іс-шарада «Ауыл – ел бесігі» ұлттық жобасы аясында газ жүргізуге үлес қосқан азаматтар мен аудан ардагерлері марапат төрінен көрінді.
Жаңа жылға санаулы күндер қалған осы бір сәтті Талаптан ауылдық округі тұрғындары да көпке дейін ұмыта қоймас. Олай дейтініміз, осы күні бұл ауылдық округте дәрігерлік амбулатория қолданысқа берілді. Облыстағы белді компанияның бірі – «Бақ-Береке» ЖШС салған амбулатория ғимараты жеке бу қазандығы арқылы дизель отынымен жылытылады. Тұрғындар барлық қажетті жабдығы жеткілікті жаңа нысанның ыңғайлы, сапалы салынғанына ризашылықтарын білдірді. Осы күні дәл осындай амбулатория аудандағы Ақтоған ауылдық округінде де ашылды.
Биыл көктемде Шиелімен ауылы аралас Жаңақорған ауданындағы Бірлік, Қыраш елді мекендеріне «көгілдір отын» жетіп, Қаратаудың етегіндегі қос ауылдың қуанышына куә болғанбыз.
Ал осы дүйсенбі күні аудандағы Жайылма, Шалқия, Құттықожа ауылдарының тұрғындары үйлеріне тартылған табиғи газды алғаш рет тұтатты. Келер жылы осы аудандағы Кейден, Төменарық елді мекендері тұрғындары да «көгілдір отын» игілігін көре бастайды.
Сапар аясында облыс әкімі Жаңақорған ауданының Өзгент ауылдық округіндегі 150 орындық клубтың ашылу салтанатына да қатысты.
– Мемлекет басшысы ауыл жағдайын жақсартуға баса мән беріп келеді. Мемлекеттің ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес мәдениет саласын өркендетуге қажетті жағдайлар жасалып та жатыр. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен бағаланады. Еліміздің, туған жеріміздің атын әлемге танытып жүрген талай өнерпаздар ауылдан шыққан. Сондықтан мәдениет үйлерін, клубтарды бүгінгі заманның сұранысына сай ету аса маңызды. Бүгін есігін айқара ашқан 150 орындық жаңа мәдениет ошағы өскелең ұрпақты өнерге баулу орталығына айналады деп сенемін, – деді аймақ басшысы.
Ауылдағылардың қуанышына ортақтасқан қоғам қайраткері, қаржы саласының ардагері Қалқазбек Әжібеков жерлестерін құттықтап, ауыл ардагері Құдайберген Базарбаев бата берді.
Биыл облыста 150 орындық төрт клуб салынып пайдалануға берілді. Ақжол ауылында спорт кешені, Жайылмада 150 орындық клуб ашылса, Қызылорда қаласында отбасылық құндылықтар мен салт-дәстүрді дәріптейтін «Анаға тағзым», «Отбасы» орталықтары жұмысын бастады. Облыс орталығындағы 1000 орындық «Өнер» орталығының құрылысы жуырда аяқталып, пайдалануға берілмек. Келер жылы 7 ауданда салтанат сарайы, кітапхана, музей, архив және жастар, ардагерлер мен аналар бас қосатын «Руханият» орталықтары салына бастайды.
Қызылорда облысы