Қазақстан • 28 Желтоқсан, 2023

Қаралы күндер хронологиясы: 2023 жыл

185 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елімізде көптеген адамның өмірін қиған ауқымды апаттардан кейін Президенттің Жарлығымен қаралы күн жарияланады. Бұл күні мемлекеттік мекемелердегі ту төмен түсіріліп, ойын-сауық шаралары мен концерттер тоқтатылады. Мемлекеттік жиналыстар бір күндік үнсіздіктен басталады. 2023 жылы елімізде екі рет аза тұту күні жарияланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қаралы күндер хронологиясы: 2023 жыл

Фотоколлаж: Liter.kz

2006 жылдан бері Қазақстанда 13 рет ұлттық аза тұту жарияланды.

Ең алғаш аза тұту 2006 жылы 20 қыркүйекте жарияланған. Қарағанды ​​облысындағы Ленин атындағы шахтада метан жарылысы болып 41 кеншінің өмірін қиып әкетті.  

Бір жарым жылдан кейін еліміз қайта қара жамылды. 2008 жылдың 11 қаңтарында Қарағанды облысындағы «Абай» көмір кенішінде жарылыс болып, 30 кенші қаза тапты.

Үшінші қайғылы дата 2010 жылдың 11 наурызында болды. Сол күні Қызылағашта бөгет бұзылды. Сол кезде болған су тасқыны ел тарихындағы ең жойқын су тасқынының бірі саналады. Бұл табиғи апаттан 45 адам қаза тапты, оның 11-і балалар еді.

2012 жылы Қазақстанда аза тұту күні екі рет жарияланды. Біріншісі 5 маусымда болған. 28 мамыр күні «Арқанкерген» заставасында 14 шекарашы мен бір аңшы қаза тапқан еді. Екіншісі 25 желтоқсанда Шымкентте Ан-72 ұшағы апатқа ұшырағаннан кейін жарияланды. Еске салайық, ұшақ апатынан 27 шекарашы, оның ішінде жетеуі экипаж мүшесі қаза тапты.

Келесі 2013 жылдың 31 қаңтарында ұшақ апатына байланысты қаралы күн жарияланды. Алматы облысында, Қызылту ауылының маңында Көкшетау-Алматы бағытында ұшқан Челленджер-200 ұшағы апатқа ұшырады. 16 жолаушы мен бес экипаж мүшесі қаза тапты. Ұшақ апатынан зардап шеккендердің арасында Қазақстанның 20 азаматы мен бір Қырғызстан азаматы болған.

2016 жылдың 9 маусымында Қазақстан азаматтары Ақтөбеде болған жарылыстың құрбандарын еске алды. Артынша бір топ адам Ақтөбедегі екі қару-жарақ дүкенін тонап, әскери бөлімге шабуыл жасаған. Сол кезде Қазақстанда террористік қауіптіліктің сары деңгейі жарияланды. Бірнеше адам қаза тапты, оның үшеуі әскерилер еді.

2019 жылы Алматы маңында жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 12 адамның қазасына себеп болды. Соған байланысты аталған жылдың 28 желтоқсаны жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды. 

Келесі қаралы кезең 2020 жылдың 13 шілдесінде болған. Сол жылы Қазақстан халқы COVID-19 пандемиясының құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.

2021 жылдың 29 тамызы ел тарихындағы тағы бір қаралы датаға айналды. Жамбыл облысындағы әскери бөлімнің аумағындағы оқ-дәрі қоймаларының бірінен шыққан өрт ауқымды жарылыстарға әкеп соқты. Ол кезде 12 адам қайтыс болды.

Қазақстан үшін келесі қайғылы күн – 2022 жылдың 10 қаңтары. Қаңтар айының алғашқы күндері еліміздің бірнеше өңірінде орын алған лаңкестік әрекеттер салдарынан бірқатар ел азаматтары көз жұмды. Осы қайғылы оқиғаларға байланысты, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылғы 10 қаңтарды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Ал биыл республикада екі рет қаралы күн жарияланды. 12 маусымда ел «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерватында болған өртте қаза тапқан орманшыларды аза тұтты. Алдымен жоғалған орман шаруашылығының үш қызметкерінің денесі табылды. 10 маусым күні кешке Абай облысындағы өртті сөндіру жөніндегі жедел штабтың мәліметі бойынша, жедел-іздестіру шаралары барысында тағы 11 қаза тапқан адамның мәйіті табылды. Осылайша өрттен зардап шеккендердің саны 14 адамға жетті. Ел Президенті қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерін қайтыс болғаннан кейін марапаттау туралы жарлыққа қол қойды.

2023 жылдың 29 қазаны еліміз үшін тағы бір қаралы датаға айналды. Еске салайық, Костенко атындағы шахтада қаза тапқан кеншілерді еске алу үшін көк байрағымыз төмен түсірілді.

Жарылыс 28 қазан күні сағат 02:33-те болды. Тілсіз жау 46 кеншінің өмірін жалмап кетті. Өрт кезінде шахтада 252 кенші болған. Қайғылы оқиғадан кейін Президент «АрселорМиттал Теміртаумен» инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды бұйырды. Осы оқиғаға байланысты Бас прокуратура қылмыстық іс қозғады.

Осылайша 2023 жылы қызметтік борышын өтеу барысында қайғылы оқиғаға тап болған 60 жерлесімізді қайғыра еске алып, аза тұттық.