Мықтылар тізімінде атақты «Манчестер Сити» көш бастап тұр. Расында да, олар ондай құрметке лайық. Хосеп Гвардиоланың шәкірттері биыл Англия Премьер-лигасы мен Англия кубогінде, УЕФА Чемпиондар лигасы мен УЕФА суперкубогінде бас жүлдені олжалады. Күні кеше ғана «МС» клубтық әлем чемпионатында топ жарды. Екінші орынды Мюнхеннің «Бавариясы» иеленсе, Мадридтің «Реалы» үшінші сатыға жайғасты. Сондай-ақ ТОП-10-дыққа «ПСЖ» (Франция), «Ливерпуль» (Англия), «Интер» (Италия), «Лейпциг» (Германия), «Челси» (Англия), «Манчестер Юнайтед» (Англия) және «Рома» (Италия) сынды атағы алысқа жайылған клубтар енді.
Қазақстандық командалар арасында ең үздік көрсеткіш «Астанаға» тиесілі. Елордалық футболшылар 103-орынды иеленді. Қостанайдың «Тобылы» 179 және Алматының «Қайраты» 203-сатыға табан тіреді. Өзге командаларымыз мынадай орындарға тұрақтады: «Шахтер» (Қарағанды) – 362, «Ақтөбе» – 373, «Қызылжар» (Петропавловск) – 374 және «Қайсар» (Қызылорда) – 375.