Сұхбат • 29 Желтоқсан, 2023

«Жарқын болашақ» жобасы маман тапшылығын шешуді көздейді

249 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
«Жарқын болашақ» жобасы маман тапшылығын шешуді көздейді

– «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ қол­дауымен жүзеге асып жатқан әлеу­меттік бастамалардың ішіндегі «Жар­қын болашақ» жобасын ерекше атап өтуге болады. Менің білуімше елі­міздің ұлттық компанияларының ішін­де мектеп оқушыларына арналған жобалар жоқтың қасы. Осы ретте «ҚазМұнайГаз» компаниясы тарапынан грант бөліп, еліміздің элиталық оқу орындарында балаларды оқыту туралы бастаманың шығу төркіні туралы айтып берсеңіз?

– «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еліміздің экономикасының негізін құрушы ірі компаниялардың бірі. Компания сонымен бірге еліміздегі әлеуметтік мәселелерді шешуге де айтарлықтай көңіл бөліп отыр. Солардың бірі Жарқын болашақ» жобасы − «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевтың тікелей бастамасымен Жаңаөзен қаласы мен Маңғыстау облысындағы балалардың білім деңгейін арттыруға мүмкіндік туғызу мақсатында іске асырылып отыр. Атап өтер болсақ, былтыр ҰБТ-ның республикалық орта деңгейі 66% құраса, Маңғыстау об­лы­сының оқушыларының көрсеткіші 38%-ды көрсетті. Яғни деңгей 42,5% төмен көрсеткіштермен тіркелді. Осы көрсеткіштердің негізінде бұл өңір­де­гі білім деңгейін ескере отырып, «Қаз­Мұнай­Газ» әлеуметтік жобалардың ішін­дегі ең маңыздысы − білім беру мәсе­лесіне жете көңіл бөлуде. Осы мақ­сат­та шұғыл түрде «Жарқын болашақ» бағдарламасының механизмі дайындалды. Осылайша, 2022-2023 және 2023-2024 оқу жылдарында жобаға оқушылар қабылданды.

– Бұл жоба қазір республика аума­ғында қанша өңірді қамтып отыр? Жасөспірімдер тарапынан жобаға деген сұранысты қалай бағалар едіңіз?

– Жобаның іске қосылуы Маңғыстау облысындағы балалардың білім дең­гейін арттыру мақсатында жүзеге асы­рыл­ғандықтан, әзірге негізгі басымдық аталған облысқа берілді. Еліміздің басқа өңірлерінде басқа да кәсіпкерлердің қолдауымен балаларға түрлі бағыттарда қолдау көрсетіліп жатқанын айта кету керек. «ҚазМұнайГаз»-дың «Жарқын болашақ» бағдарламасы Маңғыстау облысы бойынша жүзеге асуда. Қазір жобаның нәтижесін білу үшін, белгілі бір деңгейге жету үшін, балалардың білімін арттыру мақсатына көбірек көңіл бөлеміз.

– ҚазМұнайГаздың грантының жеңімпазы атану үшін балаларды іріктеу барысында қандай талаптар қойылады?

– Алдымен ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Алғашында басымдықпен тек Жаңаөзен қаласының оқушылары іріктелініп алынды. Биыл Жаңаөзен қаласымен қатар Маңғыстау облысының Түпқараған, Маңғыстау және Қарақия аудандарының балалары іріктелініп алынды. Жобаға қа­тысу­шыларды іріктеуде Үкімет және Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің механизмдерін қолдана отырып жұмыс істейміз. Іріктеу кезеңінің негізгі саты­сының бірі ретінде, оқу орындары Маңғыстау облысына барып өз мүм­кіндіктерін таныстыру мақсатында жәрмеңке өткізеді. Әр оқу орнының іріктеу талаптары әрқалай. Мысалы, IQanat элиталық мектебінде іріктеу жұмыстары бір жыл бұрын жүргізіледі. Бірнеше этаптан тұрады. «Жарқын бола­шақ» жобасы аясында 2023-2024 оқу жылында маңғыстаулық 449 балаға грант беріліп, оқытылып жатыр екен. Жоба үміткерлеріне жүргізілген іріктеу нәтижелерімен бөліссеңіз.

2023-2024 оқу жылында 2000-ға жуық бала «Жарқын болашақ» жобасына қатысуға өтінім білдірді. Әр оқу орынның талабына байланысты және іріктеуден кейін 449 бала осы бағдарламаның грант иегерлері атанды. Оның ішінде 302-сі кәсіби техникалық оқу мекемелеріне және мектеп-интернаттарда оқуға 147 оқушы түсті.

Өткен оқу жылында «Жарқын бола­шақ» жобасына тек Жаңаөзен қала­сының оқушылары қатысқан болса, биыл Маңғыстау облысының Түпқараған, Маңғыстау және Қара­қия аудандарының балалары да грант иегері атанды. Аталған жоба мұнай­шы­лардың балаларына арналған немесе мұнайшылар орналасқан елді-мекен­дер­дегі талантты балаларды қамтып отыр деп айтуға негіз бар ма?

– «ҚазМұнайГаз» өз компаниясына қарасты өндіріс орындары бар ай­мақ­тардағы тұрғындарға әлеуметтік көмек көрсетуде. Бұл санатқа білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет бағытында атқарылған жұмыстарды жатқызуға болады.

Жоба тек мұнайшы отбасылардың балаларына ғана арналмаған. Жаңаөзен қаласы, Маңғыстау облысының Түп­қараған, Маңғыстау және Қарақия аудандарында тек мұнайшылар ғана тұрмайтынын айта кету керек. Бұл бастама жалпы осы өңірлерде тұратын балаларға арналды. Арнайы жүргізілген талдаудың нәтижесі бойынша аз қамтылған, жұмыс­сыз қалған, толық емес отбасының балалары, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар «Жарқын болашақ» бо­йынша грант иегері атанып отыр. Жобаға қатысушылардың басым бөлігі қарапайым жұмысшылар мен өндірісте жұмыс жасайтын азаматттардың отбасынан.

– Грант иегерлері еліміздің қай аймақ­­тарында, қандай оқу орындарында және қандай бағыттар бойынша білім алуда?

«Жарқын болашақ» бағдарламасының биылғы грант иегерлері еліміздің әртүрлі бағыттағы 33 білім мекемелерінде оқып жатыр. Олар республиканың 10 облысындағы ірі қалаларда орналасқан. Мысалы, Астана, Алматы, Қарағанды, Тараз қалалары мен солтүстік облыстарды да қамтып отырмыз. Жақында бағдарлама қатысушыларымен кездесу кезінде Лобанов ауылдық округіндегі «Zeinep» жоғары көпсалалы колледжінде болдым. Бұл Cолтүстік Қазақстан облысындағы Almaty Management University базасында құрылған оқу ғи­мараттары мен жатақханасы қайта жөн­деу­ден өткізілген, орманды алқапта, таби­ғаты тамаша, кең жерде орналасқан білім ордасы. Онда балалардың оқуы мен жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған. Осы оқу орнында келесі жылы тағы да балалар санын арттыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар медицина бағытында «Қарағанды медицина университетіне» тапсырған оқушылар саны да артып отыр. Өздеріңізге мәлім, тек Маңғыстау облысында ғана емес, сонымен қатар еліміз бойынша медицина мамандары тапшы. Өнер ордасы саналатын Алматы қаласындағы оқу орындарына түскен оқушылар өнер бағытын таңдады. Астана қаласындағы IT және техника саласын таңдаған оқушылар бар. Жалпы алғанда биыл оқуға түскендердің 63-і – техникалық бағытта, 52-сі – гуманитарлық бағытта, 51-і – медициналық бағытта, 25-і – спорт және мәдениет саласында, 11-і – экономика және бизнес бағытында оқуға түсті. Осы ретте, айта кетерлігі балалардың техника саласын таңдауы расымен де қуантарлық жағдай. Себебі бұл – біздегі кадр тапшылығы туындап отырған салалардың бірі.

– Жоба аясында грант иегерлеріне қандай жағдайлар жасалған, қандай қаржылық қолдау көрсетіледі?

– Жоба ұйымдастырушысы «Қаз­МұнайГаз» ұлттық компаниясы АҚ тарапынан грант иегерлеріне бағдарлама аясында оқу ақысы, жатақхана ақысы, жол шығындары мен жоғарылатылған шәкіртақы және тамақтану шығындары төленеді.

– «Жарқын болашақ» бағдарламасы түлектерінің елдегі кадр тапшылығы мәселесін шешудегі орны қандай бол­мақ?

– Балалардың нақты сұранысқа ие салаларды таңдауы үшін тиісті ақпараттар беріледі. Жобаға қатысқан балаларды елдегі қажет мамандықтарға бағыттау туралы міндет қойылған.

Балаларды оқуды бітіргеннен кейін де жұмысқа орналастыру мәселесі назардан тыс қалған жоқ. 2022-2023 оқу жылында Бағдарлама аясында Теміржол көлігінде тасымалдауды ұйымдастыру және қозғалысты басқару мамандығы бойынша Нұрлан Қалыбаев және Сақтар Беріков оқуды аяқтап, «Қамқор Локомотив» ЖШС Қарағанды локомотив жөндеу депосына жұмысқа орналас­ты. 2023-2024 оқу жылында 64 грант иегері оқуын аяқтайды. Оның ішінде 31 мектеп оқушысы болса, 33 колледж студенті бар. Қазіргі таңда түлектерді ЖОО мен жұмысқа орналастыру бойынша келіс­сөздер мен жұмыстар жүргізілуде. Бұған қоса, «Серпін» бағдарламасына жобаның түлектерін қосу туралы ұсыныс әзірленуде.

– Сұранысқа ие мамандықты иге­ріп, сапалы білім алуға мүмкіндік беруді жалғастыру мақсатында «Қаз­МұнайГаз» тарапынан алдағы жыл­дар­ға бөлінетін грант санын арттыру көзделген бе?

– Маңғыстау облысы бойынша бірінші жылы 227, екінші жылы 449 бала грант иегері атанса, келесі жылы 600 балаға дейін қамту жоспарланып отыр. Қазір алдағы уақытқа арналған жобаның бюджеті нақтылану үстінде. Негізі бұл ұзақмерзімді жоба ретінде қарастырылып отыр. Болашақта грант санын 4-5 мың балаға дейін жеткізсек деген ниетіміз бар. Ең бастысы балалар өздеріне берілген мүмкіндікті тиімді пайдаланып, негізгі білім базасын қалыптастырып, алдағы уақытта өздерін дамыта алатын деңгейге жетіп жатса, бағдарламаның бас­ты мақсаты мен міндеті орындалды деп айтуға болады.

 

Әңгімелескен –

Амангелді ҚИЯС,

«Egemen Qazaqstan»