Салада ілгерілеу байқалады
Осы индексте биыл алғаш рет Қазақстандағы зерттеу де қамтылды. Алайда сыртқы сын-тегеуріндерге қарамастан, еліміздің зейнетақы жүйесінде тұрақтылық пен сапалы өсім байқалып отыр. 2023 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша, зейнетақы жинақтары 17,4 трлн теңгені көрсетіп, бір жыл ішінде мұның көлемі 3 трлн теңгеге немесе 20,5% мөлшерге өсті. Жеке зейнетақы шоттарының саны шамамен 12,31 млн-ды құрайды. Биыл 11 айда БЖЗҚ салымшыларының шоттарына 1,2 трлн теңгеден аса таза инвестициялық табыс түсті. Бұл былтырдың сәйкес кезеңінің көрсеткіштерінен 468,54 млрд теңгеге немесе 60,3% мөлшерге артық.
Осы орайда биыл зейнетақымен қамсыздандыру саласына қатысты БЖЗҚ қызметіне ықпал еткен негізгі жаңалықтарды атап өтуге болады. «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға сәйкес, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап мынадай негізгі көрсеткіштер белгіленді: айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3 450 теңге; ең төменгі зейнетақы – 53 076 теңге; күнкөріс деңгейі (КД) – 40 567 теңге; базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері – 24 341 теңге.
Жыл сайын ең төменгі күнкөріс деңгейінің өсуімен базалық зейнетақы көлемі де ұлғайып келеді. Жыл басынан бері БЖЗҚ-дан берілетін ең төменгі төлем мөлшері 8,5%-ға көбейіп, 28 396,9 теңгені (40 567 теңгеден 70%) құрады. Биыл 2018 жылдың 1 қаңтарынан кейін лайықты демалысқа шыққан зейнеткерлерге БЖЗҚ-дан берілетін төлемдер 5% мөлшерге өсті. Осылайша, 2023 жылы зейнетақы төлемдерінің жиынтық көлемі артты.
Тура бір жыл бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар әлеуметтік шараны көздейтін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Сонда әйелдердің зейнетке шығу жасын 2023 жылдан 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде белгілеу туралы қамтылды. Яғни осы кезең аралығында әйелдердің зейнетке шығу жасы өзгермейтін болды. Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында 2028 жылға дейін 61 жасқа дейінгі әйелдер үшін зейнеткерлік жас жолағын бекіту кең әлеуметтік сұранысты ескере отырып қабылданғанын атап өтті.
2023 жылы бірыңғай төлем мөлшерлемесі еңбекақы төлеу қорының 20%-ын (оның ішінде ЖТС үлесі – 9%) құрады. Осылайша, еңбекақы қорына салық жүктемесі 35%-дан 20%-ға дейін төмендеді. Бұл мөлшерлемені кезең-кезеңімен ұлғайту көзделген. Бірыңғай төлемге жеке табыс салығының төленуге жататын сомалары, міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), әлеуметтік аударымдар, жарналар және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар енгізіледі.
Әлеуметтік кодекстің оң әсері
Жылдың басты жаңалығының бірі – биыл 1 шілдеден бастап жаңадан әзірленген Әлеуметтік кодекстің күшіне енуі. Бұл заңның шеңберінде бірқатар негізгі инновациялар іске асырылды. Атап айтқанда, салымшылардың инвестициялық мүмкіндіктері кеңейтілді. Енді инвестициялық портфельді басқарушының (ИПБ) сенімгерлік басқаруына міндетті жарналар есебінен зейнетақы жинақтарын беру кезінде зейнетақының ең төменгі жеткіліктілік шегі ескерілмейді. 1 шілдеден бастап салымшылар өздерінің міндетті жинақтарының 50%-ына дейін ИПБ басқаруына беруге құқы бар. Сондай-ақ ерікті зейнетақы жинақтары бар салымшылар жинақтарын 100%-ға дейін ИПБ-ге бере алады. 2023 жылдың шілде-қараша айларында 6 085 қазақстандық осы құқықты пайдаланып, ИПБ-ға шамамен 9,6 млрд теңге аударды.
ИПБ басқаруынан жинақтарды Ұлттық банктің басқаруына қайтару мерзімі екі жылдан бір жылға дейін қысқарды. Осылайша, биыл 297 азамат ИПБ-дағы жинақтарын ҰБ-ға қайтаруға өтініш беріп, шамамен 1,3 млрд теңге қайтарылды.
Сонымен қатар міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) салымшылардың барлық санаты үшін міндетті болды. Атап айтқанда, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар (АҚСШ) бойынша жұмыстарды атқаратын және табыс алатын жеке тұлғалар, Қазақстанда тұратын және халықаралық ұйымдардың өкілдіктерінде, аккредиттелген шет мемлекеттердің дипломатиялық және консулдық мекемелерінде жұмыс істейтін жеке тұлғалар МЗЖ төлейді. Бұрын бұл салымшылар МЗЖ төлеуге құқылы, бірақ міндетті емес еді. Бұл қадам алдағы уақытта халықты зейнетақымен қамтуды ұлғайтуға ықпал етеді.
Еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнетке шыққан азаматтарға тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге ақы төлеуге МЗЖ есебінен жиналған зейнетақы жинақтарының барлық сомасын пайдалануға құқық берілді. Шілдеден бастап 37 757 азамат 72,33 млрд теңге сомасындағы жинақтарды пайдалана отырып, осы құқықты пайдаланды. Еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдеріне құқығы бар адамдардың толық тізімі Әлеуметтік кодекстің 212-бабында айқындалған.
Сондай-ақ БЖЗҚ-да зейнетақы жинағы бар адам қайтыс болған жағдайда жерлеуге арналған біржолғы төлем сомасы ең төменгі айлықтық есептік көрсеткіштің (АЕК) 52,4 еселенген мөлшерінен 94 еселенген мөлшеріне дейін ұлғайтылды. Бірақ қайтыс болған адамның жеке зейнетақы шотындағы қаражаттан артық болмайды. Жерлеуге арналған біржолғы төлем мөлшері 2023 жылы 324 300 теңгені құрайды. Ол қайтыс болған адамның отбасы мүшелеріне төленуі мүмкін. Осы әлеуметтік төлемді ұлғайту жерлеу шығындарын барынша толық өтеуге бағытталған.
Бұған қоса салымшылардың мүддесі үшін БЖЗҚ комиссиясының мөлшері төмендеді. Бұл 1 шілдеден бастап зейнетақы активтерінің 0,01%-ынан айына 0,008%-ға дейін төмендеді. Сондай-ақ қосымша шектеу енгізілді: комиссия міндетті зейнетақы жарналары бойынша 0,04 еселенген АЕК көбейтіндісі және зейнетақы жинақтары бар жеке зейнетақы шоттарының саны ретінде айқындалатын шамадан аспауға тиіс.
Әлеуметтік кодексте «Платформалық жұмыспен қамту» ұғымы айқындалды. Бұл интернет-платформаларды және ұялы қосымшаларды пайдалана отырып, қызмет көрсету түрі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша, Қазақстанда 500 мыңға жуық адам платформалық жұмыспен қамтылған. Платформалық жұмыспен қамтуды жүзеге асыру үшін тапсырыс беруші мен орындаушы интернет-платформада немесе ұялы қосымшада тіркеледі. Оператор мен тапсырыс беруші, сондай-ақ орындаушы арасындағы өзара қарым-қатынас Азаматтық кодекске сәйкес реттеледі. Осы жұмысқа орналастыру құралын енгізудің мақсаты – жұмыспен қамту нысандарына қарамастан, барлық қызметкерге әлеуметтік құқықтар беру, сондай-ақ интернет-платформалар арқылы жұмыспен қамтылғандарды әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру жүйесіне тарту. 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап іске қосылған «Яндекс.Такси» жаңа жұмыс құралының дамуына серпін береді.
Жаһандық трендтерге сүйене отырып, БЖЗҚ халыққа қашықтан қызмет көрсету арналарын дамытады және барлық операцияны цифрлық форматта жүзеге асырады. БЖЗҚ-ның цифрлық зейнетақы қызметтерінің деңгейі шамамен 92%-ды құрайды. 2023 жылы БЖЗҚ салымшылар үшін уақытты және барынша қолайлылықты үнемдеу мақсатында көрсетілетін цифрлық қызметтер желісін кеңейтуді жалғастырып жатыр.
2023 жылы БЖЗҚ салымшылар мен алушыларға қызмет көрсету бойынша 22,8 млн операция жүргізді. Оның ішінде 15,8 млн – электронды форматта, 5,1 млн – автоматты режімде. Қор азаматтар мен ұйымдарға кері байланыс пен өтініш беру үшін әртүрлі мүмкіндіктер береді. Қазіргі уақытта қордың кез келген қызметіне БЖЗҚ сайтындағы немесе мобильді қосымшадағы жеке кабинет арқылы жүгінуге болады.
Жинақтаушы зейнетақы жүйесіне – 25 жыл
Биыл Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесіне 25 жыл толды. Жүйе қалыптасу жолының жартысынан астамын өтті, өйткені жүйенің толық циклі 40 жыл деп саналады. Сондықтан оған кем дегенде бір ұрпақ еңбекке жарамды кезеңде қатысады.
Осы уақыт аралығында Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесі өзінің тұрақтылығын дәлелдеді. Мұны Mercer CFA институтының халықаралық рейтингі растады. Соған сәйкес Қазақстан 2023 жылы талдау жүргізілген 47 елдің ішінде 20-орынға ие болды. Қазақстанның зейнетақы жүйесінің қорытынды бағасы 64,9 балды (C+ бағасы) құрады және сәйкестік, орнықтылық және тұтастық критерийлері бойынша меншікті салмағы өлшенген суб-индекстік бағалау нәтижелерін жинақтау жолымен қалыптастырылды.
Allianz компаниясының 2023 жылғы жаһандық зейнетақы есебінде негізгі шарттар, тұрақтылық және барабарлық өлшемдеріне сәйкес, Қазақстанның зейнетақы жүйесіне API рейтингінің 3,5 балы (талдау жүргізілген әлемнің 75 елі арасында 34-орын) берілді.
2023 жылдың 28 қыркүйегінде зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы өзекті мәселелерді талқылау мақсатында жетекші шетелдік сарапшыларды біріктірген, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығымен (ХӘҚҚ) бірлесе ұйымдастырған «Міндетті жинақтаушы және аралас зейнетақы жүйелерін дамыту перспективалары» атты жоғары деңгейдегі халықаралық дөңгелек үстел өтті. Конференцияда қатысушылар зейнетақымен қамсыздандырудың негізгі міндеттерін және үздік әлемдік тәжірибелерді, сондай-ақ зейнетақы жүйелерінің болашағын ескере отырып, оларды шешудің заманауи жолдарын талқылады.
Жылдың маңызды көрсеткіштерінің бірі – зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы халықтың қаржылық сауаттылығының деңгейі, сондай-ақ «Стратегиялық зерттеулер орталығы» жүргізген жыл сайынғы тәуелсіз социологиялық зерттеу нәтижесінде айқындалған халықтың жинақтаушы зейнетақы жүйесіне және «БЖЗҚ» АҚ-ға деген сенім деңгейі сияқты көрсеткіштердің жоғары нәтижелері. Зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы қаржылық сауат деңгейі екі деңгей бойынша талданды: базалық және озық. Халықтың зейнетақы жүйесіне деген сенім деңгейінің орташа көрсеткіші 5,80 балл деңгейінде қалыптасты. Бұл көрсеткіш орташа деңгейден жоғары деген зерттеу гипотезасын растайды. Ал БЖЗҚ-ға деген сенімнің орташа деңгейі Қазақстанның зейнетақы жүйесіне деген сенім деңгейінің орташа көрсеткішімен (5,80% балл) сәйкес келеді.
Осылайша, Қор жұмысының маңызды мақсаты халықтың жалпы қаржылық сауатын және зейнетақы капиталын қалыптастыруды арттыру болып саналады. Шын мәнісінде, азаматтар болашақ зейнетақыларының мөлшері көп жағдайда өздеріне тәуелді екенін, өз жинақтарын басқаруға және олардың көбеюіне ықпал етуге, инвестициялық табыстың өсуін байқауға, төлем алу көзін таңдауға мүмкіндік бар екенін бірте-бірте түсіне бастады.
Жаңа жыл жаңалықтан басталады
Осы орайда 2024 жылы іске асырылатын зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы жаңалықтарға тоқтала кеткен жөн. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Ұлттық қор – балаларға» жобасы басталады. Мұның аясында Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ы жыл сайын 18 жасқа дейінгі барлық жастағы балалар арасында бөлінеді. Бұл ретте табыс есепті жылдың алдындағы он сегіз жыл ішінде орташаланады. Балаларға есептелген сомалар Ұлттық қор активтерінің құрамында инвестициялауды жалғастырады және оларға қосымша инвестициялық табыс есептеледі. Бағдарламаның негізгі мақсаты – жас ұрпақты қолдау және оған тұрғын үй жағдайларын жақсартуға немесе ұлттық жинақтар есебінен білім алуға мүмкіндік беру. Осылайша, балалар кәмелетке толғанға дейін есептелетін Ұлттық қордың қаражатын екі мақсатқа пайдалана алады: білім алу және тұрғын үй сатып алу.
Нысаналы талаптарды (міндеттемелерді), нысаналы активтерді, нысаналы жинақтау шоттарындағы нысаналы жинақтарды есепке алу, нысаналы жинақтарды төлеуді жүзеге асыру жөніндегі оператор болып «БЖЗҚ» АҚ айқындалды.
Сонымен қатар 1 қаңтардан бастап қолданыстағы жинақтаушы жүйе жаңа құрамдауышпен – жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарымен (ЖМЗЖ) толықтырылады. ЖМЗЖ мөлшері қызметкердің ай сайынғы табысына байланысты болады және жұмыс берушілердің қаражаты есебінен қаржыландырылады. Жұмыс берушіге теңгерімді жүктемені ұстап тұру мақсатында ЖМЗЖ жарнасы кезең-кезеңімен ұлғайта отырып аударылады:
2024 жылы – 1,5 пайыз;
2025 жылы – 2,5 пайыз;
2026 жылы – 3,5 пайыз;
2027 жылы – 4,5 пайыз;
2028 жылы – 5 пайыз.
ЖМЗЖ-ны кезең-кезеңімен енгізу, сондай-ақ оларды салық салынатын кірістен шегерімдерге жатқызу жұмыс берушіге жүктемені теңестіру үшін көзделген. Сонымен қатар заңнамаға сәйкес, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары барлық жұмысшы үшін емес, тек 1975 жылы және одан кейін туғандар үшін төленеді.
2024 жылдан бастап ЖМЗЖ енгізу мемлекет, қызметкер және жұмыс беруші арасындағы жауапкершілікті бөлу жолымен зейнеткерлікке шыққаннан кейін қызметкердің зейнетақымен қамсыздандыру деңгейін арттыруға, сондай-ақ барабар зейнетақы төлемдерімен қамтамасыз етуге, оның ішінде зейнетақы жүйесінің ортақ құрамдауышын біртіндеп қысқартуды ескере отырып, ықпал етеді.
Бұған қоса 1 қаңтардан бастап БЖЗҚ салымшылары жеке қатысуынсыз сақтандыру компанияларымен зейнетақы аннуитеті шарттарын жасай алады. Салымшы, өмірді сақтандыру компаниясы (ӨСК), Мемлекеттік кредиттік бюро (МКБ) және БЖЗҚ арасындағы өзара іс-қимыл онлайн түрде жүргізіледі.
Аталған инновациялар азаматтар үшін түрлі сервистердің ыңғайлылығы мен қолжетімділігін арттыру және елде Цифрландыру бағдарламасын, оның ішінде онлайн-форматта дамыту мақсатында қабылданды. ӨСК-ге зейнетақы жинақтарын аударуды автоматтандыру елдің сақтандыру нарығын дамытуға, ӨСК арасындағы бәсекелестікке, салымшыларға зейнетақы төлемдерін алудың баламалы тәсілдерін ұсынуға, сондай-ақ халықтың қаржылық сауатын арттыруға ықпал етеді.
Жалпы, жинақтаушы зейнетақы жүйесін дамыту әрі қарай жалғаса береді. Тиісінше, нормативтік-құқықтық база да жетілдіріледі. Мысалы, ЖМЗЖ жинақтау есебінен зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыстарда істейтін азаматтарға зейнетақы төлемін жүзеге асыруды реттейтін нормативтік құжат әзірленіп жатыр. Осы жобаға сәйкес, зейнетақы төлемдері 84 ай ішінде ЖМЗЖ төлеу жүзеге асырылған 55 жасқа толған адамдар үшін көзделеді. Бұл норманы енгізу 2024 жылдан бастап жоспарланып отыр.
Бұған қоса жарналарды төлеу және БЖЗҚ-дан төлемдер алу кезінде азаматтардың әртүрлі санаттары үшін салық шегерімдерін қолдану мәселесі де талқыланып жатыр.