Қоғам • 28 Желтоқсан, 2023

Саяси оқиғалардың салиқалы жылы

149 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биыл ел өмірінде болған елеулі өзгерістер көп. Ішкі саясаттағы реформалардың іске асырылуы сайлау жүйесіне қан жүгіртсе, алыс-жақын елдермен арадағы әріптестігіміз де әлемдік алаңдағы абыройымыздың артуына сеп болды. Жыл басындағы Сенат пен Мәжіліс, одан кейін мәслихат сайлауының соңы қарашада аудан, облыстық маңызы бар қала әкімдерінің қанатқақты сайлауымен жалғасты. Бұл саяси үдеріс осы жылы мемлекеттік басқару жүйесінің барлық орталық органын ауқымды қайта жүктеуді толығымен аяқтауға мүмкіндік берді.

Саяси оқиғалардың салиқалы жылы

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Елдегі саяси сарапшылар жылдың ең маңызды саяси оқиғасы осы болғанын айтады. Президент жанындағы Қазақстанның Стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) Стратегиялық талдау бөлімінің басшысы Ермек Тоқтаровтың пайымынша, Қазақстанның қазіргі саяси жүйесінің маңызды ерекшелігі – көппартиялық жүйе, парламенттік плюрализм, аралас сайлау жүйесі, Конституция кепілдік берген жоғары биліктің ауыспалылығы. Осы арқылы азаматтардың саяси өмірге бел­сенді қатысуы үшін құқықтық негіз­дері нығайды. Елдің саяси өмірі­не қатысу және жергілікті немесе рес­пуб­ликалық деңгейде де шешімдер қа­былдауға үлес қосу мүмкіндіктері көбейді. «Саяси реформалардың ең ма­ңызды нәтижесі аралас сайлау жүйе­сін қалыптастыру және жергілікті жер­лерде әкімдердің тікелей сайлануы болды. Бұл жетістіктер жергілікті биліктің қалыптасу тәсілін түбегейлі өзгертетінімен маңызды. Қазір ауыл, аудан әкімдері тікелей сайланып, олардың халық алдындағы жауапкершілігі арта түсті. Бұл мәслихаттарға да қатысты, де­путаттар тек саяси партиялардан емес, партиядан тыс азаматтардан да сайлана алады. Осының барлығы мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың жаңа мәдениетін қалыптастырады. Ішкі саясаттағы тағы бір маңызды оқиға – Президенттің Қазақстан халқына Жол­дауында жариялаған Әділетті Қазақ­станның экономикалық бағыты болды», дейді сарапшы. Дегенмен ол жаңа форматта жұмыс істейтін мемлекеттік органдардың арасындағы өзара іс-қимылдың сапалы жаңа жүйесін құру қажет екенін айтады. Сондай-ақ олардың жұмысын әрбір азамат сезіне алуға тиіс. Себебі бұл – заманауи мемлекеттер дамуы­ның негізгі қағидасы.

Еліміздің сыртқы саясатында да ауыз толтырып айтатын дүние көп. Президент жанындағы ҚСЗИ халықаралық қауіп­сіздік бөлімінің басшысы Дәурен Әбен: «2023 жыл еліміздің сыртқы саясаты үшін өте бай және нәтижелі жыл бол­ды», дейді. Нәтижесінде, сауда-эко­номикалық, инвестициялық, көлік-ком­муникациялық, су-энергетикалық және гуманитарлық салалардағы өңірлік өзара іс-қимыл кеңейді. Бірлескен күш-жігермен Орталық Азия бестігі «ОА+» халықаралық серіктестермен ынты­мақтастық форматын едәуір ны­ғайтты. Қазақстанның төрағалығымен Астанада өткен Түркі мемлекеттері ұйы­мының мерейтойлық саммиті Орталық Азия, Әзербайжан және Түркияның бауырлас халықтарының саяси, эко­но­микалық және мәдени өзара іс-қи­мылын жаңа деңгейге көтеретін түр­кі әлемін одан әрі интеграциялауға ба­ғыт­талған біздің бағытымыздың мыз­ғы­мастығын дәлелдеп отыр. Бұдан басқа көпжақты алаңда да белсенді дип­ломатия жүргізіп отыр. Мәселен, отандық дипломаттардың күш-жігері ЕҚЫҰ-дағы келеңсіз жағдайды ең­се­руге және осы ұйымның бірнеше құрылымдары басшыларының мандаттарын ұзарту туралы келісімге қол жеткізуге ықпал етті. Ядролық қаруды сынау құрбандарына көмек көрсету және радиациямен ластанған аумақтарды оңалту туралы бастама қолдау тапты. «Президенттің жетекші мемлекеттердің, орта державалардың және дамушы ел­дер­дің басшыларымен дипломатиялық бай­ланыстары бір мақсатқа қызмет етті. Бұл – еліміздің өңірлік және жаһандық саясаттың субъектісі ретіндегі рөлін ны­ғайту. Сонымен қатар Ресей, Қытай, АҚШ және Еуропа елдерімен әріптестік байланыстарды жалғастыра отырып, Орталық Азия мемлекеттерімен жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аудара бастады», дейді Дәурен Әбен.

Саясаттанушы Сайын Борбасовтың айтуынша, аралас сайлау жүйесінің нәти­жесінде Парламентке өзіндік пі­кірі, батыл ойларымен ерекшеленетін жаңа депутаттар келді. Солардың қата­рында Ермұрат Бапи, Абзал Құспан, Ринат Зайытов, Бақытжан Базарбек, Жұлдыз Сүлейменова секілді бір топ депутаттың есімін ерекше атап өтті. Яғни осындай де­путаттар Парламенттің қоғамның сая­си өміріндегі маңызын көтере білді. Халыққа қажетті өзекжарды мәселелер Парламенттің мінберінде ашық айтыла бастады. Әйткенмен, әлі де болса саяси партиялардың рөлін күшей­тіп, әлемдік тәжірибеге сай саяси партия­лар халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналуға тиіс. Осылай деген ол: «Бұл үшін билік халықпен сөйлесу мәде­ниетін қалыптастырып, барлық әлеу­меттік дабылдарды дер кезінде сараптап отыру ма­ңызды», дейді.

Саясаттанушы Ерлан Ахмедидің ойын­ша, елдегі саналы рационалды демократия қалыптасып келеді. Мәселен, былтыр енгізілген өзгерістер биыл теориядан тәжірибеге өтіп, нәтижесін беріп жатыр. Нәтижесінде, Парламенттің төмен­гі палатасы шынайы плюрализмнің алаңына айналды. Ал сыртқы саясатта Орталық Азия әлемдік геосаяси аренада өзіндік ерекше орынға ие болғанын атап өтті. Одан бөлек, алып державалар мен ха­лық­аралық қауымдастықтар Орталық Азиямен бірлесіп саммит өткізуі де көп дүниені көрсетеді.

Саяси оқиғаға толы жыл табысты болды. Саясаттанушылардың пікірі де ортақ мүдде жолында іске асырылған рефо­рмалардың толықтай жүзеге аса баста­ғанын растап отыр. Демек бізге бү­гінгі өзгеріс елдік мүдденің орындалып, мемлекеттің мерейін өсіруге септігін тигізе бергені керек. Билік пен халықтың мұраты ортақ, қолға алған ісі бір арнаға тоғысса, құба-құп.