Қоғам • 29 Желтоқсан, 2023

Тұрғын үй – игілік факторы

180 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Әлеуметтік орнықтылық, сапалы тұрмыс баспанамен байланыстырылатын басты қағидалар екені әркімге аян. Яғни елдегі тұрғын үймен қамту деңгейі халықтың әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Бұл тұста кез келген мемлекет өз азаматтарының игілігін қамтамасыз ететін тиімді тетіктерді іске қосады. Бүгінгі таңда елімізде тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру үшін кешенді іс-шаралар қолға алынған.

Тұрғын үй – игілік факторы

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Тұрғын үй ‒ адам қажеттілігінің маңызды шарты болуымен қатар, халықтың басым көп­шілігінің ұстатпас арманы. Қазіргі талдау­лар бойынша бізде баспанамен қамтамасыз ету әлі де жеткіліксіз деңгейде. Мәселен, БҰҰ-ның әлеуметтік стандарты бір адамға 30 шаршы метрге жетсе, 2022 жылы бұл көрсеткіш бізде 23,6 шаршы метрден келді. АҚШ пен Германия сияқты дамыған елдерде тұрғын үймен қамтамасыз ету деңгейі сәйкесінше бір адамға 70 және 50 шаршы метрді құрайды. Ал бізде бір адамның 30 шаршы метр тұрғын үймен қамтамасыз етілуіне қол жеткізу үшін тұрғын үй қорын 110 млн шаршы метрге 405-тен 515 млн шаршы метрге дейін ұлғайту қажет. Мемлекет басшысы халықтың басым көпшілігі үшін тұрғын үй  ең өзекті мәселе болып отырғанына назар аударып, тұрғын үй саясатын қайта қарауды, оның мейлінше әділ әрі икемді болуын қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Қазіргі уақытта Үкі­мет азаматтарымызды тиісті тұрғын үй­мен қамтамасыз ету жөнінде жан-жақты шаралар қабылдап жатыр.

Биылғы 10 айда республика бойынша барлық қаржыландыру көзі есебінен 13,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, 117, 3 мың отбасы өздерінің тұрғын үй жағдайларын жақсартты. Жалпы, осы жылы барлық көзді қаржыландыру есебі­нен 15,3 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспар­ланған. Жыл сайын жоспар 200 шаршы метрге ұлғайып отырады. 

Сонымен қатар биыл бекітілген Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұры­лымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырым­дамасы шеңберінде неғұрлым мұқтаж азаматтар­дың тұрғын үй мәселелерін шешу үшін мемлекеттік бағдарламалар іске қосылды. Тұжы­рымдама шең­берінде 2024-2029 жылдары барлығы жыл сайын 10 мың пәтер сатып алу көзделген. 2029 жылға дейін обли­гациялық қарыздар есебінен «Отбасы банкі» арқылы сатылатын 36,8 мың кредиттік пәтер салу қарас­тырылып отыр. Тұжырымдамада жергі­лік­ті атқарушы органдардың облигацияларын шығару арқылы кредиттік тұрғын үй салу тетігі көзделген. Жыл соңына дейін шамамен 700 мың шаршы метрді немесе 10 мыңға жуық пәтерді (141,7 млрд теңге бөлінді) іске қосу жоспарланды.

пр

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымда­масы кейіннен халықтың әлеуметтік осал топтарына жалға беру үшін мемле­кеттік бюджет есебінен пәтерлер сатып алуды білдіреді. Биыл 11 мыңға жуық пәтер сатып алынады (105,2 млрд теңге қарастырылған). Салымшыларға тұр­ғын үй қарыздарын беру бойынша «От­басы банкі» бюджеттік кредиттеу бағ­дар­ламалары іске асырылып жатыр. 2023 жылға банкке «2-10-20» (3 176 қа­рыз), «5-10-20» (3 610 қарыз) ипотека­лық бағдар­ламаларына 72 млрд теңге бөлінді.

Бұдан басқа, құрылыс компаниялары тарапынан ұсынысты ынталандыру үшін құрылыс салушылардың кредиттерін субсидиялау тетігі қолданылады. Биыл шамамен 630 млн теңге субсидияланды. «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ арқылы екінші деңгейдегі банктердің ипотекалық қарыздары бойынша сыйақы мөлшерлемелерін 7%-ға дейін субсидия­лау жүзеге асырылады. Биыл 600 млн теңге субсидияланды. Ұлттық банктің шешімімен 2029 жылға дейін «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы ұзартылды, оны іске асыруға жыл сайын шамамен 100 млрд теңге көзделген.

Өтіп бара жатқан жылдың қорытын­дысы бойынша кезекте тұрған 8 209 адам тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Осы жылы 2 472 көпбалалы отбасы, 1 690 мемлекеттік қызметші мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, 748 жетім бала, 1 ҰОС ардагері және апатты тұрғын үйі бар 107 азамат өз пәтерлерінің кілт­терін алды. Айта кету керек, бүгінде тұрғын үй алуға кезекте тұрғандардың саны 640 мың­ға жуық адамды құрайды. Мемлекеттік бағдар­лама­лардың арқасында тұрғындар өздері­нің тұрғын үй жағдайларын жақсартуға мүмкін­дік алады. Осы жылы жергілікті атқару­шы органдар халықтың әлеуметтік осал топтарына кейіннен беру үшін 2 мыңға жуық жалға берілетін пәтер сатып алды. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар «Отбасы банкі» арқылы азаматтардың белгілі бір санаттарына 2 және 5%-бен беру үшін 5 мыңға жуық пәтер сатып алды.

Үкімет азаматтарымызды тиісті тұр­­ғын үй жағдайымен қамтамасыз ету жөнінде жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Қазір Парламентте тұрғын үй сая­сатын ре­формалау жөніндегі заң жо­басы бар болса, оның шеңберінде «От­басы банкті» трансформациялау, банк базасын­да кезектің бірыңғай тізі­мін жасау, мұқ­таж азаматтарды бас­па­намен басым қамтамасыз ету, кезекте тұрғындардың тізімін жаңарту көзделген.

Биыл құрылыс саласы барлық көрсет­кіш бойынша өсім көрсетіп отыр. 10 айда құрылыс жұмыстарының көлемі 5,3 млн теңгені, ал құрылыс материалдарының өндіріс көлемі 1,03 трлн теңгені құрады. Бұл ретте 2022 жылмен салыстырғанда құрылыс жұмыстары көлемінің 17,8%-ға, құрылыс материалдары өндірісінің көлемі 10,2%-ға өсуі байқалады. Осы кезеңде отандық тауар өндірушілердің үлесі 62-ден 66%-ға дейін өсті. Үлестік құрылыс саласындағы бақылауды күшей­ту және ұзақ құрылыс тәуекел­дерін азайту үшін Мәжілісте «Кейбір заңнамалық актілерге құрылыс саласын жетілдіру және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу тура­лы» заң жобасы қаралуда, оған қа­таң­дату шаралары енгізілген. Мысалы, бар­лық үлестік құрылыс шартын ХҚКО-да міндетті тіркеу, тұрғын үй сатып алудың алдын ала шарттарын жасасуға тыйым салу, құрылысты одан әрі тоқтата  отырып, үлескерлердің қаражатын заңсыз тартқаны үшін айыппұл санкцияларын ұлғайту және басқа шаралар көзделген.

Наурыз айында Үкімет тұрғын үй-комму­налдық инфрақұрылымды дамыту тұжы­рымдамасын өзектендірді, онда мұқтаждар үшін тұрғын үйге қол­жетімділікті арттырудың түрлі тетігі көзделген. Қазір Мә­жі­ліс қарауына азаматтарды тұрғын үймен қам­та­масыз ету бойынша жаңа тәсілдер мен ба­ғыттарды көздейтін «Кейбір заң­намалық актілерге тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралып жатыр. Барлық құрылыс саласын жүйелеу және қолданыстағы заңнамалық нормаларды жетілдіру үшін құрылыс кодек­сiн әзірлеу жүргізіледі. Құрылыс материал­дарының отандық өндірі­сін дамыту мақсатында жалпы құны 1,4 трлн теңгеге жуық құрылыс индустриясы саласындағы 183 жобаны қамтитын 2027 жылға дейін іске асырылатын инвестициялық жобалардың Жол картасы бекітілді. 2023 жылдың соңына дейін пластикалық бұйымдар, керамикалық плиталар және т. б. өндіру бойынша 115 млрд теңгеге 39 жобаны іске қосу жоспарланған болатын. Биыл он айда жалпы сомасы 22,2 млрд теңгеге 21 жоба іске қосылды.  2023 жы­лы республикалық бюджет қаражаты есебінен 126 км жылу желілері 1,7 мың км сумен жабдықтау және су бұру же­лілері жаңғыртылды. Осы жылы Үкімет инже­нер­лік желілерді жаң­ғыртуға 243,1 млрд теңге бөлді. Мәсе­лен, жылумен жабдықтау желісіне – 118 млрд теңге, сумен жабдықтауға – 92,3 млрд теңге, су бұруға 32,8 млрд теңге бөлінді.

Әкімдіктер жергілікті бюджет және табиғи монополиялар субъектілері­нің ин­вестициялық бағдарламалары есе­бі­н­ен 429 км жылу желілерін, сон­дай-ақ 702 км сумен жабдықтау және су бұру желілерін жөндеді. Мем­лекет басшысының сайлауалды бағ­дар­ла­масы аясында 2025 жылдың соңы­на дейін халықты 100% таза сумен қам­тамасыз ету жоспарланған. Бү­гін­гі таңда сумен жабдықтау қызмет­те­рі­не қолжетімділік 96,8%-ге жетсе, оның ішінде қалаларда – 98,4%, ауыл­дарда 96,3%-ды құрайды.

Бүгінде 12 миллион адамның ауыз суға қолы жетті. Биылғы жылдың соңы­на дейін 97,6%, оның ішінде қала­лар­да – 98,8%, ауылдарда 96,3% қолже­тім­ділікті қамтамасыз ету жоспарланған. Ол үшін республикалық бюджеттен 402 жобаны іске асыруға 280 млрд тең­ге бөлінді. 89 қалалық елді мекеннің 64-і 100% орталықтандырылған сумен қам­тамасыз етілген. Кезеңдік жоспар шеңберінде қалған 25 қаланы 2025 жылдың соңына дейін қамтамасыз ету жоспарланған. 6 295 ауылдың 4 900-і сумен қамтамасыз етілген, оның ішінде 4 159 ауыл орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген және 741 ауылда кешенді блок-модульдер орнатылған. Қалған 1 395 ауыл бойынша 432-сінде орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесін салу жоспарлануда және 963 ауылда жергілікті бюджет қаражаты есебінен КБМ белгіленеді.

Осы жылы Астана қаласында 3 603 үлескер, ал 2024 жылдың басында тағы 484 үлескер өз пәтерлерінің кіл­тін алады. Елордада барлығы 16 проб­лемалық үлестік құрылыс нысаны бар, бұл – 4 087 үлескері бар 32 үй. Бұл мәсе­лені шешу үшін республикалық бюджеттен Уәкілетті ұйым – «Елорда құ­ры­лыс» компаниясының жарғылық капи­талын ұлғайтуға 28 млрд теңге сомасында қаражат бөлінді. Кілттер 1,7 мың үлескері бар 17 үйге берілді, оның ішінде «Тұран Сығанақ» ТК, «Хазар» ТК 1-кезегі, «Шығыс» ТК 4-тобының 1-кезегі, «Арыстан» ТК 3-кезегінің 1-блогі, «Комсомольский» ТК, «Айсанам де люкс», сондай-ақ «Алтын Бұлақ» ТК-де 2, 3 және 4 блоктері бар. Қалған 18 үйде (шамамен 2,4 мың үлескері бар) құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. 10 үйді тапсыру 2024 жылдың I тоқсанында жүзеге асырылады деп жоспарланған. Астана қаласында 2019-2023 жылдар кезеңінде үлестік құрылыс проблемаларын шешу үшін барлығы 214,6 млрд теңге бөлінді. Мәселен, Ұлттық қордан 60 млрд теңге, республикалық бюджеттен жарғылық капиталды толықтыру жолымен – 38,5 млрд теңге, жергілікті бюджеттен – 38 млрд теңге бөлінді, сондай-ақ 50,1 млрд теңге кредиттік қаражат берілді. Сондай-ақ мемлекеттің қатысуымен елорданың 120 проблемалық тұрғын үйінің құрылысы аяқталып, 14 мыңға жуық үлескердің тұрғын үй мәселелері шешілді. Проблемалық объектілер құрылысының аяқталуы әкімдіктің тұрақты бақылауында тұр.

 

Алматы