Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Тұрғын үй ‒ адам қажеттілігінің маңызды шарты болуымен қатар, халықтың басым көпшілігінің ұстатпас арманы. Қазіргі талдаулар бойынша бізде баспанамен қамтамасыз ету әлі де жеткіліксіз деңгейде. Мәселен, БҰҰ-ның әлеуметтік стандарты бір адамға 30 шаршы метрге жетсе, 2022 жылы бұл көрсеткіш бізде 23,6 шаршы метрден келді. АҚШ пен Германия сияқты дамыған елдерде тұрғын үймен қамтамасыз ету деңгейі сәйкесінше бір адамға 70 және 50 шаршы метрді құрайды. Ал бізде бір адамның 30 шаршы метр тұрғын үймен қамтамасыз етілуіне қол жеткізу үшін тұрғын үй қорын 110 млн шаршы метрге 405-тен 515 млн шаршы метрге дейін ұлғайту қажет. Мемлекет басшысы халықтың басым көпшілігі үшін тұрғын үй ең өзекті мәселе болып отырғанына назар аударып, тұрғын үй саясатын қайта қарауды, оның мейлінше әділ әрі икемді болуын қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Қазіргі уақытта Үкімет азаматтарымызды тиісті тұрғын үймен қамтамасыз ету жөнінде жан-жақты шаралар қабылдап жатыр.
Биылғы 10 айда республика бойынша барлық қаржыландыру көзі есебінен 13,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, 117, 3 мың отбасы өздерінің тұрғын үй жағдайларын жақсартты. Жалпы, осы жылы барлық көзді қаржыландыру есебінен 15,3 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Жыл сайын жоспар 200 шаршы метрге ұлғайып отырады.
Сонымен қатар биыл бекітілген Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде неғұрлым мұқтаж азаматтардың тұрғын үй мәселелерін шешу үшін мемлекеттік бағдарламалар іске қосылды. Тұжырымдама шеңберінде 2024-2029 жылдары барлығы жыл сайын 10 мың пәтер сатып алу көзделген. 2029 жылға дейін облигациялық қарыздар есебінен «Отбасы банкі» арқылы сатылатын 36,8 мың кредиттік пәтер салу қарастырылып отыр. Тұжырымдамада жергілікті атқарушы органдардың облигацияларын шығару арқылы кредиттік тұрғын үй салу тетігі көзделген. Жыл соңына дейін шамамен 700 мың шаршы метрді немесе 10 мыңға жуық пәтерді (141,7 млрд теңге бөлінді) іске қосу жоспарланды.
Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
Сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы кейіннен халықтың әлеуметтік осал топтарына жалға беру үшін мемлекеттік бюджет есебінен пәтерлер сатып алуды білдіреді. Биыл 11 мыңға жуық пәтер сатып алынады (105,2 млрд теңге қарастырылған). Салымшыларға тұрғын үй қарыздарын беру бойынша «Отбасы банкі» бюджеттік кредиттеу бағдарламалары іске асырылып жатыр. 2023 жылға банкке «2-10-20» (3 176 қарыз), «5-10-20» (3 610 қарыз) ипотекалық бағдарламаларына 72 млрд теңге бөлінді.
Бұдан басқа, құрылыс компаниялары тарапынан ұсынысты ынталандыру үшін құрылыс салушылардың кредиттерін субсидиялау тетігі қолданылады. Биыл шамамен 630 млн теңге субсидияланды. «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ арқылы екінші деңгейдегі банктердің ипотекалық қарыздары бойынша сыйақы мөлшерлемелерін 7%-ға дейін субсидиялау жүзеге асырылады. Биыл 600 млн теңге субсидияланды. Ұлттық банктің шешімімен 2029 жылға дейін «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы ұзартылды, оны іске асыруға жыл сайын шамамен 100 млрд теңге көзделген.
Өтіп бара жатқан жылдың қорытындысы бойынша кезекте тұрған 8 209 адам тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Осы жылы 2 472 көпбалалы отбасы, 1 690 мемлекеттік қызметші мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, 748 жетім бала, 1 ҰОС ардагері және апатты тұрғын үйі бар 107 азамат өз пәтерлерінің кілттерін алды. Айта кету керек, бүгінде тұрғын үй алуға кезекте тұрғандардың саны 640 мыңға жуық адамды құрайды. Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында тұрғындар өздерінің тұрғын үй жағдайларын жақсартуға мүмкіндік алады. Осы жылы жергілікті атқарушы органдар халықтың әлеуметтік осал топтарына кейіннен беру үшін 2 мыңға жуық жалға берілетін пәтер сатып алды. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар «Отбасы банкі» арқылы азаматтардың белгілі бір санаттарына 2 және 5%-бен беру үшін 5 мыңға жуық пәтер сатып алды.
Үкімет азаматтарымызды тиісті тұрғын үй жағдайымен қамтамасыз ету жөнінде жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Қазір Парламентте тұрғын үй саясатын реформалау жөніндегі заң жобасы бар болса, оның шеңберінде «Отбасы банкті» трансформациялау, банк базасында кезектің бірыңғай тізімін жасау, мұқтаж азаматтарды баспанамен басым қамтамасыз ету, кезекте тұрғындардың тізімін жаңарту көзделген.
Биыл құрылыс саласы барлық көрсеткіш бойынша өсім көрсетіп отыр. 10 айда құрылыс жұмыстарының көлемі 5,3 млн теңгені, ал құрылыс материалдарының өндіріс көлемі 1,03 трлн теңгені құрады. Бұл ретте 2022 жылмен салыстырғанда құрылыс жұмыстары көлемінің 17,8%-ға, құрылыс материалдары өндірісінің көлемі 10,2%-ға өсуі байқалады. Осы кезеңде отандық тауар өндірушілердің үлесі 62-ден 66%-ға дейін өсті. Үлестік құрылыс саласындағы бақылауды күшейту және ұзақ құрылыс тәуекелдерін азайту үшін Мәжілісте «Кейбір заңнамалық актілерге құрылыс саласын жетілдіру және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралуда, оған қатаңдату шаралары енгізілген. Мысалы, барлық үлестік құрылыс шартын ХҚКО-да міндетті тіркеу, тұрғын үй сатып алудың алдын ала шарттарын жасасуға тыйым салу, құрылысты одан әрі тоқтата отырып, үлескерлердің қаражатын заңсыз тартқаны үшін айыппұл санкцияларын ұлғайту және басқа шаралар көзделген.
Наурыз айында Үкімет тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасын өзектендірді, онда мұқтаждар үшін тұрғын үйге қолжетімділікті арттырудың түрлі тетігі көзделген. Қазір Мәжіліс қарауына азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша жаңа тәсілдер мен бағыттарды көздейтін «Кейбір заңнамалық актілерге тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралып жатыр. Барлық құрылыс саласын жүйелеу және қолданыстағы заңнамалық нормаларды жетілдіру үшін құрылыс кодексiн әзірлеу жүргізіледі. Құрылыс материалдарының отандық өндірісін дамыту мақсатында жалпы құны 1,4 трлн теңгеге жуық құрылыс индустриясы саласындағы 183 жобаны қамтитын 2027 жылға дейін іске асырылатын инвестициялық жобалардың Жол картасы бекітілді. 2023 жылдың соңына дейін пластикалық бұйымдар, керамикалық плиталар және т. б. өндіру бойынша 115 млрд теңгеге 39 жобаны іске қосу жоспарланған болатын. Биыл он айда жалпы сомасы 22,2 млрд теңгеге 21 жоба іске қосылды. 2023 жылы республикалық бюджет қаражаты есебінен 126 км жылу желілері 1,7 мың км сумен жабдықтау және су бұру желілері жаңғыртылды. Осы жылы Үкімет инженерлік желілерді жаңғыртуға 243,1 млрд теңге бөлді. Мәселен, жылумен жабдықтау желісіне – 118 млрд теңге, сумен жабдықтауға – 92,3 млрд теңге, су бұруға 32,8 млрд теңге бөлінді.
Әкімдіктер жергілікті бюджет және табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық бағдарламалары есебінен 429 км жылу желілерін, сондай-ақ 702 км сумен жабдықтау және су бұру желілерін жөндеді. Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасы аясында 2025 жылдың соңына дейін халықты 100% таза сумен қамтамасыз ету жоспарланған. Бүгінгі таңда сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік 96,8%-ге жетсе, оның ішінде қалаларда – 98,4%, ауылдарда 96,3%-ды құрайды.
Бүгінде 12 миллион адамның ауыз суға қолы жетті. Биылғы жылдың соңына дейін 97,6%, оның ішінде қалаларда – 98,8%, ауылдарда 96,3% қолжетімділікті қамтамасыз ету жоспарланған. Ол үшін республикалық бюджеттен 402 жобаны іске асыруға 280 млрд теңге бөлінді. 89 қалалық елді мекеннің 64-і 100% орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Кезеңдік жоспар шеңберінде қалған 25 қаланы 2025 жылдың соңына дейін қамтамасыз ету жоспарланған. 6 295 ауылдың 4 900-і сумен қамтамасыз етілген, оның ішінде 4 159 ауыл орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген және 741 ауылда кешенді блок-модульдер орнатылған. Қалған 1 395 ауыл бойынша 432-сінде орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесін салу жоспарлануда және 963 ауылда жергілікті бюджет қаражаты есебінен КБМ белгіленеді.
Осы жылы Астана қаласында 3 603 үлескер, ал 2024 жылдың басында тағы 484 үлескер өз пәтерлерінің кілтін алады. Елордада барлығы 16 проблемалық үлестік құрылыс нысаны бар, бұл – 4 087 үлескері бар 32 үй. Бұл мәселені шешу үшін республикалық бюджеттен Уәкілетті ұйым – «Елорда құрылыс» компаниясының жарғылық капиталын ұлғайтуға 28 млрд теңге сомасында қаражат бөлінді. Кілттер 1,7 мың үлескері бар 17 үйге берілді, оның ішінде «Тұран Сығанақ» ТК, «Хазар» ТК 1-кезегі, «Шығыс» ТК 4-тобының 1-кезегі, «Арыстан» ТК 3-кезегінің 1-блогі, «Комсомольский» ТК, «Айсанам де люкс», сондай-ақ «Алтын Бұлақ» ТК-де 2, 3 және 4 блоктері бар. Қалған 18 үйде (шамамен 2,4 мың үлескері бар) құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. 10 үйді тапсыру 2024 жылдың I тоқсанында жүзеге асырылады деп жоспарланған. Астана қаласында 2019-2023 жылдар кезеңінде үлестік құрылыс проблемаларын шешу үшін барлығы 214,6 млрд теңге бөлінді. Мәселен, Ұлттық қордан 60 млрд теңге, республикалық бюджеттен жарғылық капиталды толықтыру жолымен – 38,5 млрд теңге, жергілікті бюджеттен – 38 млрд теңге бөлінді, сондай-ақ 50,1 млрд теңге кредиттік қаражат берілді. Сондай-ақ мемлекеттің қатысуымен елорданың 120 проблемалық тұрғын үйінің құрылысы аяқталып, 14 мыңға жуық үлескердің тұрғын үй мәселелері шешілді. Проблемалық объектілер құрылысының аяқталуы әкімдіктің тұрақты бақылауында тұр.
Алматы