«Жаһандық нарықта қалыптасқан қолайсыз факторларға қарамастан, биыл да ел экономикасы тұрақты өсіп келеді. Егер өткен жылды 3,2% өсіммен аяқтасақ, биылғы 11 айда экономиканың өсуі 4,9%-ды құрады. Ал жылдың қорытындысы бойынша бұл өсім 5%-ға жақын болады деп күтіліп отыр», деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы экономиканың барлық негізгі саласында оң динамика қалыптасып отырғанын атап өтті. Мәселен, құрылыста өсім – 13%, саудада – 11%, байланыс секторында – 8%.
«Экономикалық өсудің негізгі драйвері – инвестиция. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 15%-ға өсіп, 15 трлн теңгені құрады», деп атап өтті Премьер-министр.
Биылғы басты сын-қатерлердің бірі инфляция болды.
«Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Үкімет алдына инфляция деңгейін екі есеге төмендету міндетін қойды. Ол үшін Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, жедел және ортамерзімді іс-шараларды жүзеге асырды. Осы жылдың қорытындысында инфляция деңгейі 9,8% маңайында болады деп күтіледі. Бұл – инфляция екі есе төмендейді деген сөз. Келесі жылы инфляция деңгейін одан әрі, яғни 6-8%-ға дейін төмендету үшін жұмысты жалғастырамыз», деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Премьер-министр экономикамыздың тұрақтылығын халықаралық рейтингтік агенттіктер де растап отырғанын айтты.
«Олар Қазақстанның рейтингін инвестициялық сенімділік деңгейінде белгілеп отыр. Сондықтан біздің экономикамыз сыртқы факторларға бейімделді деп айта аламыз. Дегенмен сыртқы қолайсыз факторлар әлі де экономикаға кері әсерін тигізіп келеді. Сондықтан Үкімет әртүрлі сценарийге дайын болу және қажетті шараларды қабылдау үшін әлемдегі жағдайды бақылап отырады», деп атап өтті Премьер-министр.
Әлихан Смайылов ортамерзімді перспективада экономиканың екі есе өсуіне қол жеткізу үшін Үкімет қандай шаралар қабылдайтынын, сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында жаңа экономикалық модельге көшу жөнінде нақты тапсырмалар бергенін еске салды.
«Үкіметке 2029 жылға дейін ұлттық экономиканы 2 есе ұлғайту бойынша үлкен міндет қойылып отыр. Соған орай елдегі экономикалық белсенділікті ынталандыру жұмыстарын жалғастырамыз», деді.
Сондай-ақ инвестициялық климатты одан әрі жақсарту жөніндегі шараларды іске асыру жоспарланғанын тілге тиек етті.
«Жыл сайын кемінде 25 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартуды көздеп отырмыз. Инвестициялық жобалардың Жалпыұлттық пулын іске асыру жалғасады. Соның арқасында 160 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады», деп атап өтті Премьер-министр.
Үкімет басшысының айтуынша, өңдеу өнеркәсібінің көлемін ұлғайтуға ерекше назар аударылады. Жыл қорытындысында шикізаттық емес секторларда 1,6 трлн теңгеге 300-ге жуық жаңа жоба пайдалануға беріледі деп күтіледі, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны шамамен 800 млрд теңге болатын 170 жоба көзделіп отыр.
«Осының бәрі бізге ортамерзімді перспективада экономиканың өсуін кем дегенде 6% деңгейінде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жалпы, Мемлекет басшысының ұлттық экономика көлемін 450 млрд долларға дейін жеткізу туралы тапсырмасы орындалады», деп түйіндеді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы тікелей шетелдік инвестицияларды тарту жұмыстары туралы да айтып, қазіргі жаһандық сын-қатерлерге қарамастан, еліміз шетелдік инвесторлар үшін тартымды болып қала беретінін жеткізді.
«Біздің еліміз Орталық Азия аймағындағы тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны бойынша көшбасшы саналады. Былтыр ол 18%-ға өсіп, 28 млрд долларға жетті. Бұл – Қазақстан үшін кейінгі 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Бірінші жартыжылдықта ел экономикасына 13,3 млрд доллар тартылса, жыл соңына дейін шамамен 27 млрд доллар болады деп күтілуде. Бұл да – айтарлықтай жоғары көрсеткіш. Бұл көбінесе күрделі геосаяси шиеленіс жағдайында көптеген ықпалды ойыншымен қарым-қатынасты дәйекті түрде нығайтып келе жатқан Президентіміздің сындарлы дипломатиясының арқасында мүмкін болды. Бұл – Қытай, Еуропа, Ресей, АҚШ, Түркия, араб әлемі және басқа да елдер», деді Әлихан Смайылов.
Өз кезегінде Үкімет инвестициялық белсенділік деңгейін сақтап тұру үшін қажетті шараларды қабылдап жатыр. Атап айтқанда, жалпы құны 32 трлн теңгеден асатын 1000-ға жуық жобадан тұратын Жалпыұлттық пул құрылды. «Біз оларды жүйелі түрде жүзеге асырып жатырмыз», деді Премьер-министр.
Сондай-ақ Үкіметте Инвестициялық штаб жұмыс істейді, оған таяуда ғана Президенттің тапсырмасымен арнайы өкілеттіктер берілді. Енді онда қабылданған шешімдерді орындау міндетті.
Премьер-министр 2024 жылы бизнесті тексеруге мораторий алынып тасталғаннан кейін отандық кәсіпкерлерді не күтіп тұрғаны туралы да айтты.
«Біз бизнес-қауымдастықпен бірлесіп, кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін шектен тыс талаптарды анықтауда үлкен жұмыс атқардық. Нәтижесінде, 10 мыңнан астам негізсіз талапты анықтадық. Бүгінде оның 9 мыңының күші жойылды. Қалғаны келер жылдың басында Парламентте тиісті заң қабылданғаннан кейін алынып тасталады», деді.
Оның айтуынша, тәуекелдерді басқару жүйелерін автоматтандыру бойынша да жұмыстар жүргізілді. Бұл адам факторын жоя отырып, тексерулерді жоспарлауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, олардың саны 2 есе қысқарады. Жалпы, заңға бағынатын кәсіпкерлерге әкімшілік қысым азаяды.
«Осылайша, мораторий аяқталғаннан кейін елде жаппай тексерулер болмауы керек. Адал кәсіпкерлердің алаңдауына еш негіз жоқ», деді Премьер-министр.
Сонымен қатар өңірлерде жылу, энергия және сумен жабдықтау саласында жинақталған проблемаларды шешу үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын сөз етіп, инфрақұрылымды жаңғырту мәселелеріне жеткілікті көңіл бөлінбегенін атап өтті. Мемлекет осы желілердің барлығын жаңғыртуға және күрделі жөндеуге шамамен 300 млрд теңге жұмсады. ЖЭО-ның меншік иелері де тиісті жұмыс жүргізіп, энергия көздерін жөндеуге 19 млрд теңге салды.
«Мұндай жұмысты бір жылдың ішінде жасау мүмкін емес. Жұмыс тұрақты негізде жүруі керек. Ол үшін біз арнайы «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын қабылдадық. Тозуды нормативтік деңгейге дейін төмендету үшін бұл жұмыстардың барлығы ең кемі 5-6 жыл бойы жүруі керек. Жағдай біртіндеп түзеледі», деп түйіндеді Премьер-министр.
Әлихан Смайылов Үкіметтің 2023 жылы Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін дамыту бойынша атқарған жұмыстарына тоқталып, логистика жақын арада ел экономикасының жаңа «өсу нүктесіне» айналуға тиіс екенін жеткізді.
«Қазақстан территориясы арқылы 13 халықаралық дәліз өтеді, оның 5-еуі – теміржол, 8-і – автомобиль бағыттары. Биыл транзиттік тасымалдардың жалпы көлемі 21%-ға өсіп, 30 млн тоннаға жетті», деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ ол елімізде 4 жаңа теміржол желісінің құрылысы басталғанын еске сала кетті. «Егер кейінгі 30 жылда елімізде небәрі 2500 км теміржол төселсе, алдағы 3-4 жылда 1300 км астам теміржол саламыз», деді Әлихан Смайылов.
Премьер-министр теңіз көлігін дамыту мәселесіне тоқтала келе, Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы тасымалды арттыру бойынша шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.
«2025 жылға дейін Ақтауда контейнерлік хаб салынады. Құрық портында астық терминалы іске қосылды. Сондай-ақ мұнда «Саржа» көпфункционалды терминалының құрылысы жүріп жатыр», деді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, автокөлікпен жүк тасымалы да ерекше маңызға ие. Бүгінде олар 42 елге 8 транзиттік автомобиль дәлізі бойынша жүзеге асырылады. Сонымен қатар Әзербайжан, Грузия және Түркия елдерімен Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) дамыту бойынша бірлескен жұмыс жалғасуда.
«Біз олармен бірге тиісті жол карталарына қол қойдық. Мақсат – дәліз бойынша Каспий теңізі порттарындағы, Әзербайжан мен Грузиядағы теміржолдар бойындағы және Түркиядағы барлық «тар» жерлерді жою. Қазір бұл жұмыстар белсенді жүргізіліп жатыр», деп түйіндеді Премьер-министр.
Ол биыл Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін дамыту және қолдау бойынша қандай жұмыстар жүргізілгені туралы да айтып берді.
«Қиын жағдайда мемлекет шаруаларды қолдаусыз қалдырған жоқ. Президент тапсырмасына сәйкес Үкімет диқандарға жан-жақты көмек көрсетуде», деді Әлихан Смайылов.
Атап айтқанда, Жамбыл облысы фермерлерінің 3 млрд теңге шығыны өтелді. Сондай-ақ астықты кептіру үшін жеңілдетілген бағамен дизель отыны бөлінді. «Бәйтерек» холдингі тарапынан тауар өндірушілердің қарыздарын өтеу мерзімі ұзартылды», деді.
Оған қоса еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жүйелі шаралар қабылданып жатыр.
«Биыл 65 сүт фермасын ашу үшін 100 млрд теңге бөлінді. Алдағы екі жылда ішкі нарықты сүтпен толық қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ құс фабрикалары мен сақтау қоймаларын салуға келесі жылы тағы 100 млрд теңге бөлінетін болады. Бұл бізге құс еті экспортын арттыруға мүмкіндік береді», деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар өткен екі жыл ішінде мемлекет меншігіне пайдаланылмай жатқан және заң бұзушылықпен берілген 10 млн га жер қайтарылғанын айтып өтті. Қайтарылған жер бірінші кезекте диқандарға беріліп жатыр.
Үкімет басшысы мемлекет меншігіне оралған Қарағанды металлургия комбинатына тоқталды.
«Өткен жылдың желтоқсан айынан бастап осы компанияның шетелдік меншік иесімен күрделі келіссөздер жүргіздік және инвестициялық имиджге нұқсан келтірмей, ел үшін тиімді шарттар негізінде келісімді аяқтадық», деді Премьер-министр.
Сондай-ақ ол биыл «Астрахан –Маңғышлақ» су құбырын жаңғырту аяқталғанын атап өтті. Жоба Атырау және Маңғыстау облыстарының тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін шешуге көмектеседі.
Батыс энергия торабында жаңа электр желілері салынды. Осылайша, Қазақстанның бүкіл батыс аймағының тұтынушыларын энергия қуатымен қамтамасыз ету едәуір артты. Бұл – энергетикалық қауіпсіздік үшін де, ел экономикасының дамуы үшін де маңызды.
Премьер-министр мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерінің барлығын орындап жатыр деп, отандастарымызды әлеуметтік қолдау саласында биыл қабылданған шаралар туралы айтты. Оның айтуынша, жалпы бюджеттің жартысынан астамы осы әлеуметтік бағытқа бөлінуде.
«Биыл зейнетақы мен әлеуметтік төлемдердің барлығы өсіп, 4,5 млн адамды қамтыды, оған 4,6 трлн теңге бөлінді. Мемлекет көмекке мұқтаж адамдарды, оның ішінде асыраушысынан айырылғандарды, көпбалалы аналарды қолдап отыр. Жыл басынан бері 1 млн-ға жуық адамға әлеуметтік қызметтер проактивті түрде көрсетілді және бұл жұмысты әрі қарай жалғастырамыз», деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының айтуынша, биыл 3 млн-нан астам адамның, оның ішінде мұғалімдердің (25%-ға), дәрігерлердің (30%), азаматтық қызметшілердің (20%) және т.б. жалақысын көтеру үдерісі жалғасын тапты. 943 мың адам жұмысқа орналастырылды, олардың 70%-ы – тұрақты жұмыс орындары.
«Ауыл аманаты» ауыл халқының табысын арттыру бағдарламасына 100 млрд теңге бөлінді. Оны тұрғындар өз кәсібін дамытуға, техника алуға, мал өсіруге, т.б. жұмсай алады. Келесі жылға да осынша қаражат қарастырылған», деді Премьер-министр.
Сондай-ақ алғаш рет өз бизнесін ашуға бел буған жастар жеңілдетілген несие алды. Оған қоса еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі басты назарда болды. Осыған байланысты зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғау үшін Мемлекет басшысы тиісті заңға қол қойды.
«Білім және денсаулық сақтау саласында да оң өзгерістер орын алды. Биылдан бастап 1,5 млн оқушы ыстық тамақпен қамтылды. 180 мың студенттің стипендиясы артты, гранттар саны да өсті, жатақхана мәселесі кезең-кезеңмен шешімін тауып келеді», деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының айтуынша, жыл басынан бері 165 мектеп, 90 медициналық мекеме салынды. Олардың көбі ауылдық жерлерде орналасқан. Оған қоса «Жайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобалары іске асып жатыр.
«Жалпы, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін Үкімет жүйелі жұмысты жалғастырады», деп түйіндеді Премьер-министр.