Фото: olympic.kz
Биыл боксшыларымыз Өзбекстанда өткен әлем чемпионатында 4 алтын, 1 күміс медальға қол жеткізіп, жалпыкомандалық есепте 2-сатыға тұрақтады. Десе де Ташкент шәрінде өткен әлем чемпионатына кейбір ел әлемдік саясаттың салқыны тиетіндіктен боксшыларын жіберген жоқ. Көктемде осындай толайым табысқа жеткен жуан жұдырық жігіттер қоңыр күзде жазғы Азия ойындарында ойсырай ұтылғаны еңсемізді еңкейтті.
Семсерлесуден Италияда өткен әлем чемпионатында Руслан Құрбанов қазақ спортының тарихында тұңғыш рет қола медаль иеленді.
Түркияда өткен әлем кубогінде командалық сайыста Қазақстан құрамасы тұңғыш рет жеңіске жетті. Руслан Құрбанов, Эльмир Әлімжанов, Ерлік Сертай, Вадим Шарлаимов бастаған семсерлесушілер әлем кубогінде барлық қарсыласты айқын ұтты. Семсерлесушілер Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен жазғы Азия ойындарынан күміс медальмен оралды.
Каратэшілер Азия чемпионатында жалпыкомандалық есепте көш бастады, стенд ату мен нысана көздеуде мергендеріміз әлем кубогінде олжалаған медаль саны бойынша топ бастады.
Жекелей сында Әсем Орынбай Қатардың Доха қаласында өткен әлем кубогінің финалдық кезеңінде алтын медаль иеленді. Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарындарында қола жүлдеге қол жеткізді.
Нысана көздеп атудан Әзербайжанда өткен әлем чемпионатында Фатима Ерназарова мен Александра Сәдуақасова жеңіске жетті. Мергендеріміз Бакудегі әлем чемпионатынан 2 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль еншілеп қана қоймай командалық сайыста топ жарды.
Грек-рим, еркін һәм әйелдер күресінен де балуандарымыз жастар мен ересектер арасында өткен Азия чемпионаты, әлем біріншілігі сынды айтулы додалар мен халықаралық турнирлерде олжа салды.
Күрестегі жетістікті айтқанда 92 келі салмақта әлем чемпионы атанған Ризабек Айтмұханның абадан еңбегін айырықша атау керек. Еркін күрестен қазақ елінің тұңғыш әлем чемпионы. Күрестің осы түрі қазақ даласына қазығын қаққанына 70 жылдың жүзі десек, әлем чемпионатының алтыны бұйырмай келді. Осы кетікті бүтіндеген тұңғыш балуан Ризабек Айтмұқанның еңбегі «Жылдың үздік спортшысы» аталымына татымапты-мыс, содан кейін «Спорттағы үздік серпін» атанды. Сербияның Белград қаласында өткен әлем чемпионатында еркін күрестен Азамат Дәулетбеков пен әйедер күресінен Жәмила Бақбергенова қола медаль иеленді. Грек-рим күресінің балуандары жаппай жеңіліп әлем чемпионатынан медальсіз қайтты.
Дзюдо күресінен әйелдер арасында Әбиба Әбужақынова тұңғыш рет Гран-при додасында топ жарды. Қазақтың қос қызы әлемдік доданың финалында күресіп, Ғалия Тынбаеваға күміс медаль бұйырды.
Астана қаласында алғаш рет ғаламдық Grand Slam турнирі өтті. Балуандарымыз 1 алтын, 1 күміс, 5 қола медаль иеленді. 60 келіде Мағжан Шамшадин жеңіске жетті, 66 келі салмақта Ғұсман Қырғызбаев күміс медаль алды. Дзюдошыларымыз биылғы жылы 27 медаль иеленді. Оның ішінде 2 алтын, 8 күміс, 17 қола жүлде бар.
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы келесі жылы Германия елі өткізетін Еуропа чемпионатының іріктеу туры аясында толайым табысқа жетті. Жүз жылдан аса тарихы бар қазақ футболы Еуропа чемпионаты, әлем біріншілігіне іріктеу болсын дәл биылғы деңгейге жете алған емес. Ресейлік маман Магомед Әдиев баптайтын ұлттық құрама іріктеу туры аясында өткізген 6 матчта жеңіске жетті, 4 ойында жеңіліс тапты. Десе де әлі де Еуропа чемпионатына қатысу мүмкіндігі бар. Ол үшін келер жылдың көктемінде алдымен 2004 жылғы Еуропа чемпионы Грекия құрамасын ұтуы тиіс.
Спортшыларымыз күшін келер жылдың басты додасы – Париж жазғы Олимпиада ойындары мен паралимпиадасында сынайды.