Фото: gov.kz
Астана әскери қызметшілері үйіне барған Рзағұл Байкешев 1923 жылы 18 қазанда Ақтөбе облысына қарасты Мұғалжар ауданында дүниеге келген. Ржев шайқасына, Великолукскіге шабуылдау операциясына, Польшаны, Румынияны, Венгрияны азат ету шайқастарына қатысқан, түрлі ордендермен және медальдармен марапатталған. Соғыстан кейін ол Рождественка совхозында экспедитор болып жұмыс істеп, 1983 жылы зейнетке шыққан.
Әскери қызметшілер Раиса Сафоничева тұратын елордалық қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемеге барды. Ол 1925 жылы 10 шілдеде Башқұрт АССР, Ташкент ауданы, Шинчяккуль ауылында дүниеге келген. 1944 жылы наурыз айында Горький қаласындағы Сормов аудандық әскери комиссариатынан майданға өз еркі бойынша шақырылған. Минск қаласында қысқа мерзімдік байланыс курсын тәмамдап, екінші Украина майданына жіберілген. Киев, Бессарабия, Румыния, Венгрия үшін болған шайқастарға қатысып, жеңісті Будапешт маңында қарсы алды. Ордендермен һәм медальдармен марапатталған. Соғыстан кейін 1946 жылы Ресейге оралған оны комсомолдық жолдамамен Тың жерлерді игеру үшін Қазақстанға жібереді. Жамбыл геологиялық барлау экспедициясында аспаз болып жұмыс істеді. Зейнетке шыққаннан кейін де қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі болды.
Қорғаныс ведомствосының өкілдері Рзағұл Байкешев пен Раиса Сафоничеваны құттықтап, Жеңістің 80 жылдығын жауынгерлік рухта аман-есен қарсы алуларына тілекшілік білдірді, гүлдер, естелік сыйлықтар табыстады. Оларға Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық әскери ансамблі музыканттары соғыс жылдарындағы әндерді орындап берді. Өз кезектерінде ардагерлер әскери қызметшілерге бейбітшілік, амандық, қызметте табыс тіледі.
Алматы қаласында да Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері мен материалдық қамтамасыз ету полкінің отбасымен жұмысты ұйымдастыру қызметінің өкілдері екінші дүниежүзілік соғысының ардагері Егор Долидуданы 96 жасқа толған туған күнімен және Жаңа жылмен құттықтады.
Ол да сібірлік, Красноярск өлкесінің тумасы. 1944 жылы желтоқсанда пулеметші атқыш ретінде майданға шақырылған. Қиыр Шығыстағы 184 дивизияның 297 атқыштар полкінде қызмет еткен ол жеңісті Жапония шекарасында қарсы алған. Соғыстан кейін майдангер Қазақстанға келеді. Ішкі істер министрлігінде және әскерилендірілген өрт сөндіру бөлімінде жұмыс істеді. Егор Долидуда 1983 жылы майор шенімен отставкаға шықты.
Ардагер десантшылардың ілтипаттарына ризашылығын айта келе, өзі өткен майдан жолы, одан кейінгі қызметі туралы әңгімелеп, сүйікті әнін де шырқап берді.