Жарыстың ашылу және жабылу салтанаты 78 338 көрерменге есептелген «Стад де Франс» стадионында өтеді. Бұған қоса бұл жерде жеңіл атлеттер сайысқа түседі. Сондай-ақ «Парк де Пернс», «Пари-Ла-Дефанс Арена», «Ролан Гаррос», «Париж-Берси», «Ив дю Мануар», «Зенит», «Марсель-Сердан», «Ле-Бурже», «Сен-Дени», «Жан-Буэн», «Сена», «Велодром», «Версюр-Марн», «Гран-Пале», «Версаль» және тағы басқа зәулім кешендер «жан алысып, жан беріскен» айқастарды қабылдауға даяр. Негізгі бәсекелер Парижде өткенімен, кейбір жарыстар Марсель, Лион, Тулуза, Ницца, Сент-Этьен, Бордо және Нант қалаларында ұйымдастырылады.
Қазақстан құрамасы Париж Олимпиадасында барынша зор табысқа жетуге тиіс. Себебі 2021 жылы Токиода алауы тұтанған Олимпия ойындарында жерлестеріміз тым сүреңсіз өнер көрсетіп, жанкүйерлерін жерге қаратты. Қытай елінде олар небәрі 8 қола медальды иеленіп, жалпы командалық есепте 83-орынды қанағат тұтты. Бұған дейінгі жазғы ойындардың тарихында Қазақ елінің өрендері дәл осындай мүшкіл күйге түскен жоқ еді. Сол олқылықтың орнын толтыру үшін бұл жолы спортшыларымыз барын салады деп үміттенеміз.
Париж Олимпиадасында өнер көрсетуді мақсат тұтқан спортшылар алдағы айларда лицензиялық турнирлерде бақ сынайды. Осы орайда қазақ жанкүйерлері боксшылар мен балуандардың бәсекесін тағатсыздана күтіп отыр. Өйткені төртжылдықтың басты додасында ең көп олжаға кенеліп, Қазақстан спортының абыройын асқақтатып жүргендер де – солар. Былтыр бірқатар іріктеу сайысы өтті. Өкінішке қарай, бұл жарыстарда қанжығамыз майланбады. Бокс пен күрестің үш түрі бойынша бір-бір жолдамаға ғана қол жеткізе алдық. Бұл жағдай қалың қазақ жұртының көңіліне селкеу түсіргені анық. Енді алдағы сайыстарда Алаштың өр мінезді өрендері сенім үдесінен шығу үшін барын салуға тиіс. Ал дзюдошыларды Гранд-Слэм және Гран-при турнирлері күтіп тұр. Францияның бас шаһарына кімдердің баратыны сол жарыстың қорытындысы бойынша анықталады.
* * *
Осы жылдың 19 қаңтары мен 1 ақпан аралығында Оңтүстік Кореяның Канвондо штатына қарасты Канын қаласында жасөспірімдердің қысқы Олимпиадасының жалауы желбірейді. Бұл жарыста 50 мемлекеттен келген 1 800 жас өрен бақ сынайды деп күтіліп отыр. Олар спорттың жеті түрі бойынша 81 жүлде жиынтығын сарапқа салады. Қазақ елінің спортшылары биатлон, коньки, трамплиннен секіру, шорт-трек, шайбалы хоккей, шаңғы, керлинг, шаңғы қоссайысы, фристайл және тау шаңғысынан сайысқа түседі.
Жасөспірімдердің қысқы Олимпиадасының тұсауы 2012 жылы Аустрияның Инсбрук қаласында кесілді. 67 мемлекеттің қатысуымен өткен жарысты 1 күміс және 2 қола медальмен қорытындылаған отандастарымыз жалпы есепте 23-орынға тұрақтады. 2016 жылы Норвегияның Лиллехаммерінде қос қоланы қанағат тұттық. Нәтижесінде, 26-сатыға жайғастық. 2020 жылы Швейцарияның Лозаннасынан құралақан оралдық. Бұл да қазақ спортының құлдырап бара жатқанының айқын бір көрінісі іспеттес еді. Енді Канында еңсе тіктейміз деп ойлаймыз.
* * *
Ұлу жылы Астанада екі бірдей дүбірлі доданың жалауы желбірейді. Алғашқысы – бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты. Осыдан сегіз жыл бұрын төрткүл дүниенің әр қиырынан жиналған былғары қолғап шеберлері Арқа төсінде бас қосқан еді. Сол кезде бұрымдыларымыз 4 алтын мен 2 қоланы олжалап, командалық есепте жеңіске жетті. Биыл да сол көрсеткішті қайталауды көздеп отырмыз. Оның үстіне елорда төрінде өтетін жарыстың жүлде қоры да мол. Бұл 4,8 млн долларды құрап отыр. Тарқатып айтсақ, бас жүлдені олжалағандар 200 мың долларды иеленеді. Сондай-ақ күміс және қола медальды мойнына ілген боксшылардың да есепшотына қомақты қаржы аударылады.
* * *
Екіншісі – самбодан ерлер мен әйелдер арасында өтетін әлем чемпионаты. Бұл жарыста да кезінде Қазақстанда дүркіреп тұрып өткен. Әлі есімізде, 2005 жылы Астанадағы додада жерлестеріміз 1 алтын, 3 күміс және 6 қоланы еншілеп, жер жаһандағы ең мықты командалардың санатына қосылды. Міне, енді арада 19 жыл өткеннен кейін белді балуандар қайта Алаш топырағында айқасып, кімнің мықты, кімнің осал екенін анықтайды.
Жаз айларында Германияда футболдан Еуропа чемпионатының жалауы желбірейді. Қазірдің өзінде аталған жарысқа қатысатын командалардың басым бөлігі белгілі. Ал тағы бірнеше елдің аяқдоп шеберлерін алда аса маңызды матчтар күтіп тұр. Солардың қатарында Қазақстан құрамасы да бар. Жасыратыны жоқ, осы іріктеуде жерлестеріміз керемет өнер көрсетіп, жарыс кестесінде үшінші орынға тұрақтады. Бұрын-соңды ондай көрсеткішке қол жеткізе алған жоқ едік. Бұл жағдай сан миллион жанкүйердің ел футболына деген сенімін қайта оятты. «Еуро-2024» додасына жолдама алу үшін жерлестерімізге әуелі Грекияны ұту қажет. Ежелгі Эллада елінің өкілдерін еңсерген жағдайда Грузия мен Люксембург арасындағы бәсекеде жеңіске жеткен командалардың бірімен шеберлік байқасамыз.
* * *
Күзде Ташкентте футзалдан әлем чемпонатының шымылдығы түріледі. Іріктеу турнирін өте керемет өткізген Қазақстан құрамасы өз тобында жеке-дара көш бастады. Бұл аз десеңіздер, жарыста барлық бәсекелестен басым түсіп, 100 пайыздық көрсеткішке қол жеткіздік. 2021 жылы Литвада ұйымдастырылған дүбірлі додада отандастарымыз жеңіс тұғырына сынық-сүйем ғана жетпей, төртінші орынға табан тіреген еді. Бәлкім, Өзбекстанның бас шаһарында бақ жұлдызымыз жанып, жүлделі орындардың біріне иелік етерміз.
* * *
Бүгінгі таңда барша жанкүйер Қазақстанның үш спортшысының әр қадамына айрықша назар аударып отырғаны анық. Біріншісі – Шавқат Рахмонов. Аралас жекпе-жектегі ең белді промоушен UFC-де өнер көрсетіп жүрген 29 жастағы қандасымыз осы күнге дейін 18 мәрте октагонға шығып, барлық қарсыласын айқын басымдықпен жеңді. Рахмоновқа қарсы шыққан екі спортшы ғана үшінші раундқа дейін шыдады. Қалғандары бәсеке басталған тұста немесе бел ортаға жетпей жер құшып жатты. Қазіргі кезде ол жартылай орта салмақтылардың рейтингінде үшінші орында тұр. Енді біз Шавқатты чемпиондық тұғырдан көргіміз келеді. Ұлу жылында қазақтың қайсар ұлы UFC-дің чемпионы атанса, барша Алаш жұрты бөріктерін аспанға атып қуанатын еді.
* * *
Екінші мықтымыз – Жәнібек Әлімханұлы. Қазіргі кезде ол Қазақстанның кәсіпқой боксшылары арасынан жалғыз өзі әлем чемпионы атанып отыр. Тіптен, бір емес, екі бірдей белді нұсқаның (IBF пен WBO) алтын белбеуі – дәл осы жігіттің уысында. 30 жастағы Жәнібек өзінің споттық мансабында әлі жеңілістің кермек дәмін татқан емес. Ол 15 жекпе-жектің 10-ын нокаутпен аяқтады. «Qazaq Style» деген жанама есімді таңдаған Әлімханұлының көздегені – орта салмақта абсолютті әлем чемпионы атану. Сол жоспарын жүзеге асыру үшін қазақ боксшысы кубалық Эрислани Лара (WBA-ның чемпионы) мен америкалық Джермалл Чарлоны (WBC-тың чемпионы) соққыға жығуы керек. Сонда Жәнібектің есімі әлемдік спорт тарихында алтын әріптермен жазылып қалары хақ.
* * *
Үшінші үздігіміз – Елена Рыбакина. Қазақстан теннисшілерінің бұрын-соңды қолы жетпеген биіктерден көрінген отандасымыз бұл күндері әлемнің төртінші ракеткасы атанып отыр. Кейінгі екі-үш жылда ол бірқатар дүбірлі додада дараланып, небір мықтыларға сан соқтырды. Биылғы маусымда Рыбакина «Үлкен дулыға» санатындағы турнирлер мен басқа да аса ірі жарыстарда табысты өнер көрсетсе, онда Елена үшін төрткүл дүниенің теңдессізі атануға тамаша мүмкіндік туындайды.