Осыдан соң адай тұқымды қазақ жылқысын асыл тұқымды деп тану мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекеттік инспекция комитетінің бұйрығымен арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссия Маңғыстау облысының аудандарын аралап, 1500-ге жуық адай жылқысының деректерін жинады. Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндіру ғылыми зерттеу институты заманауи технологияларды пайдалана отырып, жылқылардың генетикалық құрылымын ғылыми сынақтан өткізді. Содан кейін мемлекеттік комиссия осы тұқымның мәртебесі туралы патентті бекіту және алу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігіне және Әділет министрлігіне жіберілетін акт жасады. Адай жылқысына асыл тұқымды мал мәртебесін беру жолында бірнеше іс-шара ұйымдастырылды.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша біз адай тұқымды қазақ жылқысын елдің ұлттық брендіне айналдыруға тиіспіз. Бұл бағытта бірлесіп көп жұмыс жасадық. Адай жылқысына мемлекеттік мәртебе беру облыс қана емес, жалпы еліміз үшін бірқатар артықшылықтар береді», деген еді аймақ басшысы Н.Ноғаев арнайы комиссия мүшелерімен кездескенде.
Сүйінші хабарды жұрт көптен күткен еді. Осылайша, асыл тұқымды адай жылқысын көзінің қарашығындай сақтаған Маңғыстау халқының оның маңызын мойындатып, мәртебесін асырсамын деген ізгі ойы орындалды. Мойындатқан – адай жылқысының өзі.
Әріден шолып қысқаша айтқанда, Ахалтеке, Қызыл арбат жорығы деп өрекпи ұмтылған басқыншы әскер мінген көбі кабардиндік жылқылар алыс жүріске шыдамай, Маңғыстауға келіп шашылып қалғандықтан, әскер басшыларының қалауымен және бұйрығымен әскер жергілікті, адай жылқысымен қайта жабдықталады (бұл оқиға туралы «Egemen Qazaqstan» газетіне егжей-тегжей жазған болатынбыз). Осы жолы-ақ аталған жылқының айрықша қасиеттерін іштей мойындап, көкейлеріне тоқып, қызыға көз тігіп кеткен ресейліктер Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Маңғыстаудан соғысқа адаммен бірге жылқыны да алады. Мәліметтер бойынша Маңғыстаудан соғысқа үйірден іріктелген, иесі жанынан артық жақсы көрген 3000 бас жылқы таңдап айдалып, Нальчик қаласында соғыс жағдайына үйретіледі. Соғыс аяқталған соң, жылқының аман қалғаны елге қайтарылмайды. Бүгінде халықаралық сайыстарда қазіргі адай жылқысына бәсекелес болып жүрген кабардиндік жылқылар сол соғыстан оралмаған жылқылардың тұқымы десек, қателеспейміз, өйткені кабардин жылқыларының әуселесі Ахалтеке, Қызыл арбат жорығы кезінде білініп қалған болатын...
Ресейлік дүрлердің адай тұқымды қазақ жылқысына көңілі мықтап ауды, жылқы ғалымдардың қаламына, офицерлердің назарына ілікті, оған қызығушылық танытқан мақалалар патшалық Ресей баспасөзінде жарияланды. Офицер М.Арнольди мен Ю.Барминцевтің берген бағасы, Я.Полферовтің мақаласы тегіннен-тегін емес, ол айрықша жылқы тұқымын таныған және танытқан пікірлер еді. Аталған жылқыны ғылыми зерттеу, өсіру бағытында одақ кезінде біршама жұмыс жүргізілді. А.Иманғалиев, М.Нұрышев, И.Нечаевтың ықыласы мен жазбалары адай жылқысының ерекше жаратылыс екендігін дәлелдей түскен еңбектер болды. Соғыс аяқталған соң, Алматыда өткен республикалық Жеңіс шеруінде 1-орын алған маңғыстаулық Тасқара Сағындықов қосқан шабдар атты Республика Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Оңдасынов ипподромға сый ретінде алып қалуы кездейсоқтық емес. Маңғыстауда ауылшаруашылық саласына зор еңбек сіңірген ғалым маман, марқұм Сәбит Әбішовтің адай жылқысын зерттеу, насихаттау бағытындағы еңбегі орасан. Өмірлік тәжірибесін ғылыммен ұштастырып, аталған жылқы тұқымына қатысты кітап жазып, көпшілік назарына ұсынды. Сондай-ақ өңірдің ауыл шаруашылығы саласын басқарған тәжірибелі мамандар, айрықша жаратылысты адай жылқысын қайтсек сақтап, қалай көбейтіп, қалай ғылыми зерттеу нысанына айналдырып, қалай лайықты деңгейде танытып, насихаттаймыз деп жарғақ құлақтары жастыққа тимей еңбектенген К.Ерғалиев, Т.Қалжановтың зор үлесін ешкім жоққа шығара алмайды. Адай жылқысына мәртебе беру мәселесі жылдар бойы жиі-жиі қозғалғанымен, «жартасқа бардым, күнде айқай салдым» қалпында келді. Бұл кедергіні жылқының өзінің екпіні бұзып өтті. Кейінгі жылдары өткізіліп жүрген әртүрлі сайыстан теңдессіз жеңістерді қанжығасына бөктерген жылқылардың асыл тұқымды екені бір емес, талай мәрте дәлелденді.
Тарихи дерек өзгермейді, сондықтан алдыңғы жылғы мақаладағы деректі жолдарды келтіре кетейік. «2011 жылы сәуірде Маңғыстаудың Ақтұмсық жерінде өткен 90 шақырымдық ат бәйгесінде адай жылқылары сыннан сүрінбей өтіп таңғалдырды. Халықаралық дәрежедегі судьялар, мал дәрігерлері адай жылқысының халықаралық стандарттарға сай екенін айтса, бір айдан соң Алматы қаласында өткен Азия ойындарында – Қазақстан халықтары III спартакиадасында адай жылқылары алдыңғы үш орынды да иеленіп сенімді ақтады. 2011 жылы шілде айында Ресейдің Рязань облысында өткен халықаралық «Достастық кубогі» жарысында 80 шақырымдық қашықтықта мәреден 1-ші, 3-ші және 4-ші болып өтіп, кубокпен бірге «Көрермен көзайымы» сыйлығын еншіледі. Осы жарыстың нәтижесі адай жылқысының даңқын жарты әлемге танытты деуге болады, осыдан соң түрлі жарыста жүлде салған 23 атқа Қазақстан Республикасы Ат спорты қауымдастығының «Қазақстан Республикасы спорттық жылқы құжаттары» куәлігі берілді. 2012 жылы Астана қаласында Қазақстан Республикасы Президенті кубогі үшін өткен халықаралық турнирде алдына қара салмаған жылқылар артынша тағы да Рязаньға аттанды. Бұл жақта ТМД және Балтық бойы елдері фестивалінде біраз елдің 117 тұлпары бақ пен бап жарыстырған алыс қашықтықтағы аламанның 80 шақырымдық алғашқы жарысында адай жылқылары іркес-тіркес бірімен-бірі үзеңгі қағыстыра мәре сызығын кесіп өтеді. Жүлденің үшеуін бірдей Қазақстанға қимағандар үшінші атты денсаулығында мін бар деп жарыстан шығарып тастайды. Алайда «аққа Құдай жақ» деген, осы сәтте 4-ші болып тағы бір қазақ тұлпары – қостанайлық жүйрік зу етіп мәреден өте шығады. Көп ұзамай 117 аттың арасынан тағы да 8-ші, 12-ші болып адай жылқылары жетеді. Бұрын атына, даңқына сырттай қанық көпшілік осы жолы аталған жылқы тұқымы жетістіктерінің кездейсоқ еместігін, оның айрықша жаратылыс екендігін мойындауға мәжбүр болады. Кейін халықаралық ат спорты сарапшылары мен мамандары, мал дәрігерлері Ақтауға жиылып, Қазақстанда тұңғыш рет жаңа халықаралық классификация бойынша 120 шақырымдық жарыс өткізді. Аламанда жүлдені бұрыннан олжа алып жүрген сәйгүліктер емес, жарқ еткен жұлдыздай жаңа тұлпардың алуы – ел арасында бірінен-бірі озған жүйріктердің көптігін, аталған жылқы тұқымының асылдығын аңғарта түсті. Халықаралық ат спорты федерациясының мүшесі, ресейлік Г.Андриевский: «Сөз жоқ, адай жылқысы – табиғаттың тамаша туындысы» десе, араб елінен келген Мохаммед «адай жылқысы әлемдік жарыстарда олжа салып жүрген араб жылқыларынан кем емес. Тек бұл жылқылардың күтімі мен бабы жеткіліксіз екені көрініп тұр, сондықтан ат спортына көп күш салуларыңыз керек», деген еді. 2015 жылы Францияда дүниежүзілік бәйгеге қатысып, Латын Америкасы, Сауд Арабиясынан келген кәсіби мамандардың жоғары бағасына ие болады. Қазақтың адай жылқыларын ғылыми-зерттеу, таныту бағытындағы жұмыстарда С.Әбішев, К.Ерғалиев, Т.Қалжанов сынды ауыл шаруашылығы саласы мамандарымен бірге, алыстағы сайыстарға қатысуына жағдай жасап, қолдау көрсеткен сол кездергі облыс әкімдері Қ.Көшербаев, Б.Мұхаметжанов, белгілі заңгер Б.Тұрғараев сынды азаматтардың көмегі көп болғандығын айтуға тиіспіз. Әсіресе 2012 жылдары адай жылқысын ТМД көлеміндегі сайыстарға дайындау, тасымалдау бағытындағы жұмыстарда, ұйымдастыру шараларында сол кездегі Маңғыстау облысы әкімінің кеңесшісі, руханиятқа жанашыр азамат Бекет Тұрғараұлының жергілікті мамандармен ақылдаса отырып, кең көлемді қолдау көрсеткенін осы шаруаға журналистік қызығушылықпен араласқан мен жақсы білемін.
2022 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен, Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен елімізде алғаш рет «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі өтті. Астанада басталып, 12 күндік жүрістен соң Түркістанда мәреге жеткен марафонға еліміздің 19 өңірінен 200-ге жуық сәйгүлік қосылды. Шарт бойынша әр команда марафон-бәйгеге бес ат салып, 600 шақырымнан кейін оларды ауыстырып отырды және шабандоздар күніне 100 шақырымды бағындыруға тиіс болды. Маңғыстаудан барған «Көкмойнақ» тобы аталған шартты шашасына шаң жуытпай орындап, доданың байрағын желбіретіп оралды. Адай жылқысы, яғни «Көкмойнақ» тобы былтыр да жүлделі жолын жалғастырып, чемпион атанды. Белгіленген қашықтықты жүріп өткен соң, жүрек қағысын тексеру арқылы жылқының жай-күйін анықтайтын аламанда алыс қашықтықта адай жылқыларының жүрегі сыр бермеген. Адай жылқысына бұл ерекшелік қайдан келді? Жылқы тұқымы селекциялық, зертханалық жұмыстардың нәтижесі емес, бұл – табиғаттың сыйы, жаратылыстық ерекшелік, өзіндік құбылыс, меніңше жер бетіндегі жылға, бұлақ, өзен, көл, арал, теңіз, мұхиттардың ешқайсысынан емес, тек қана Каспий теңізінің Маңғыстау жағалауынан түн жамыла шығып, өзі таңдаған биеге жанасатын суын айғырдың тұқымы. Осы таңғажайып оқиғалар мен пікірлер, жетістіктер негізінде былтыр адай жылқысына ұлттық бренд сұраған мақаламызда «адай жылқысының қазақты ұялтқан жері жоқ, керісінше қашанда өзгелердің қызығушылығына ие. Домбыра, қазы, асылған ет, киіз үй, бауырсақ, қымыз бен шұбат – әлем елдері алдында қазақ мерейін асырып, ұлттық ерекшелігін, бай мәдениетін, терең тарихын, жауынгерлік рухын таныта, қазақ мемлекеттігін мойындата түсетін нақты дәлелдер десек, қазақтың адай жылқысы да – ұлттың ұлылығын таныта түсер құндылықтарымыздың бірі. Өзгелердің қымызды, қазыны бізден бұрын патенттеп алғанын, жылқының алғаш қазақ даласында қолға үйретілгендігіне қарсы дау айтқандығын ескере отырып, тұқымы соғыс жылдарында өзге елдерге тараған қазақтың адай жылқысын ұлттық бренд ретінде танытсақ, қазақтың ат құлағында ойнаған, жылқыны қанаты санаған қайсар халық екендігі дәлелдене түседі. Арабтар сүдіні сұлу сүліктей сәйгүлігін, қырғыздар «Манас» жырын, түрікмендер ахалтеке тұлпары мен алабай итін, тіпті кілеміне дейін әлемге танытып әбігер, біз неге өз құндылықтарымызбен қуана алмаймыз? Қазақтың адай жылқысы – елдің мақтанышы, ұлттық бренд, оны мойындауға өзіміздің мойнымыз жар бермей жүргенде ебі мен есебін тапқан өзгелер қолды етіп кетіп, тағы бір жауһарымызды жоғалтып, салғырттықтан сан соғып қалмайық. Жаңа Қазақстанның жаңа леп-екпінін алысқа жылқының тұяғымен естіртіп, аламанның дүбірімен де мойындату керек», деген едік.
Талай елдік мәселелерге атсалысып, қолдау көрсетіп жүрген маңғыстаулық кәсіпкер А.Санауовтың жанашырлығымен, екеуміз ақылдаса келе «Egemen Qazaqstan» арқылы қатқан үнімізге құлақ асып, қолдау көрсеткен Мемлекет басшысына, осы бағытта жұмыстанған құзырлы орындарға ризамыз. Бұрын республикалық газетте «Адай жылқысы орын алғанымен, орнын алған жоқ» деп жазған мақаламызды бүгін «Адай жылқысы – ұлттық бренд» деп қуана жазуға мәжбүрміз.
Қазақтың тағы бір құндылығы алмас қылыштай жарқ етіп, әлем жұртшылығына танылса, ол – ұлттың мерейі. Адай жылқысы алысқа шауып, бәсекелестерінен бағы басым түсіп, дүйім қазақты қуантатынына сенім мол.
Маңғыстау облысы