2024-2030 жылдар аралығында жалпы ұзындығы 9 мың шақырымнан асатын бірқатар басым жол жобаларын жүзеге асыру жоспарланған. Оның 4,7 мың шақырымы республикалық желіде, 4,5 мың шақырымы облыстық маңызы бар жолдарда. Республикалық бағыттарға келетін болсақ, биылғы жылы «Ақтөбе – Ұлғайсын – Қызылорда», «Қарағанды – Жезқазған», «Сарыағаш айналма жолы», жобалары бойынша жұмыстарды бастау жоспарланған. «Қызылорда – Жезқазған» бағыты бойынша басталған жұмыстар жалғасады.
Еліміздің теңіз инфрақұрылымын дамыту үшін биылға бірқатар маңызды жобалар пысықталды. Ақтау портында контейнерлік хаб құру, айлақтарды реконструкциялау, сондай-ақ жүк тиеу жабдықтарын жаңарту жоспарланып отыр. Былтыр Құрық портында Abu Dhabi Ports компаниясымен бірлескен астық терминалы іске қосылды. Енді теңіздегі қауіпсіздікті арттыру үшін 2024-2025 жылдары Ақтау және Құрық порттарының акваторияларында тереңдету жұмыстары жүргізіледі.
Аталған жобалардың барлығы жүзеге асса, Қазақстан теңіз порттарының өткізу қабілетін 10 млн тоннаға, оның ішінде контейнерлік қуаттылықты жылына 300 мың ЖФБ-ға дейін арттыруға мүмкіндік туады. Ал былтыр ішкі су көлігін дамыту күшейтілді. Енді трансшекаралық Ертіс өзенінің транзиттік әлеуетін арттырып, Ресей – Қазақстан – Қытай жаңа дәлізін құру жоспарланып жатыр. Әңгіме Семей қаласында жаңа жүк тасымалы шлюзі, Тұғыл ауылындағы өзен порты және Қытай шекарасына дейін теміржол салу туралы болып отыр. Трансшекаралық Ертіс өзенінің транзиттік мүмкіндіктерін дамыту жүк тасымалдау көлемін қазіргі 1,5 млн тоннадан 3,5 млн тоннаға дейін арттырады деген үміт бар.
Авиация саласында қазіргі күнде жеке инвестиция есебінен Шымкент, Қызылорда және Алматы қалаларында 3 жаңа жолаушылар терминалы салынып жатыр. Олардың пайдалануға дейінгі барлық жұмыс осы жылы аяқталып, халыққа қызмет көрсетуді бастайды.
Логистикалық қызметті жақсарту мақсатында ТХКБ арқылы өтетін тасымалдар үшін «бір терезе» құру мәселесі пысықталып жатыр. Цифрлық көлік дәлізін толық іске қосу 2024 жылға жоспарланған. Есте болса, былтыр Қытаймен ТХКБ дамыту туралы келісімдерге қол қойылды. Олар экспорттық-импорттық және транзиттік тасымалдарды ұлғайтуды, ҚХР-ға порттық инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға көмек көрсетуді, ТХКБ бойындағы мультимодальды тасымалды дамытуды және т. б. көздейді.
Ақтау және Құрық порттарына жүктерді автомобильмен жеткізу уақытын қысқарту үшін ұзындығы 515 км болатын республикалық маңызы бар «Шалқар – Бейнеу» автожолын салу жоспарланған. Қазір техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. Бағытты дамыту бойынша шараларды жүзеге асыру оның өткізу қабілетін 2027 жылға қарай жылына 10 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Реконструкциялау нәтижесінде өткізу пункттерінің аумақтарын кеңейтуді, қолданыстағы ғимараттар мен құрылымдарды жаңғыртуды, заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету, онда стационарлық инспекциялық тексеру кешендерін, сондай-ақ паспорттық бақылау кабиналары мен бөлінген қозғалыс жолақтарының санын көбейту қарастырылған. Өткізу пункттерінде автоматтандыру мен озық технологияларды енгізу үшін 2024-2026 жылдары 83 бірлік «Е Gate» паспорттық бақылаудың автоматтандырылған жүйесін сатып алу жоспарланған.