Сонымен былтыр дүниеге келген егіздер мен есімдерді саралап көргенде, ел демографиясының өсуіне айтарлықтай үлес қосқан аналарымыздың Алматыда да көп екеніне көзіміз жетті. Тек қана егіздердің өзі 217 жұпты құрайды екен. Арасында үшемдер де бар.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалы аудандық АХАЖ бөлімдерінің берген мәліметінше, былтыр егіздер көшін 39 егізбен – Бостандық ауданы, 38 егізбен – Түрксіб және 31 егізбен Алатау аудандары бастап тұр. Одан кейін тізімді 30 егізбен Медеу ауданы, 29 егізбен Алмалы ауданы жалғастырған. Тізімнің соңын 28 егізбен Әуезов, 13 егізбен Жетісу, 8 егіз, 1 үшеммен Наурызбай ауданы аяқтайды.
«Бұл – өте қуанарлық жағдай. Елімізде халық санының өсіп жатқаны – жақсы құбылыс. Талай нәубетті басынан өткеріп, өсу қарқыны бәсеңсіп қалған халқымыз, былтыр 20 миллиондық межеге жетіп қуантып отыр. Елімізде халықтың әлеуметтік жағдайына аса мән беріліп, аналардың да алаңсыз балалы болуына жағдай жасалынып жатыр. Босанғанға дейінгі, босанғаннан кейінгі жәрдемақылары өсті. Әрбір бала туылғанда берілетін жәрдемақылар да жыл сайын өсіп келеді. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтер проактивті және композитті нұсқаларға көшірілді. Аналар көп қызметті ХҚО-ға келмей-ақ, онлайн алатын болды», дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалы директорының орынбасары Фарида Бокижанова.
Сондай-ақ Алматының сәбилері иемденген есімдерімен де бөліссек. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы АХАЖ бөлімдерінің берген мәліметінше, алматылықтардың көпшілігі балаларына қасиетті Исламдағы есімдерді таңдапты. Олардың қатарында Мұхаммед, Әл-Мұхаммед, Ислам, Мұхаммедәли, Омар, Абдрахман, Фатима, Раяна, Кәусар, Айша, Медина, Ясина болса, көп кездесетін есімдер қатарында тарихи тұлғалар мен қайраткерлер есімдері де бар. Мәселен, Абылайхан, Қазбек, Әбілхайыр, Кенесары, Әлихан, Әміре, Нұрсұлтан, Қасым-Жомарт, Хан, Айғаным, Бөрте, Зере, Томирис сынды ныспылар жиі таңдалады. Сонымен қатар Алдияр, Айсұлтан, Әлинұр, Нұрали, Алияр, Аион, Айлин, Інжу, Маржан, Асылым, Мариям, София, Аяла сынды қазіргі заманғы есімдерді де біраз ата-ана таңдаған.
Өткен жылдың қаңтар-қазан аралығында Алматы қаласында 29 560 бала дүниеге келсе, оның 15 251-і – ұл, 14 309-ы – қыз. Олардың 216 жұбы – егіз, 1-еуі үшем болып дүниеге келсе, жалпы саны – 435 бала. Алматы үшін тамыз айы нәрестелердің көп туылуымен айрықшаланды. Бұл айда 3310 баланың кіндігі кесілді.
Кейінгі жылдары елімізде егіз жігіттер мен егіз қыздардың қосылу жайттары да жиілеп келеді. Ақтөбе, Маңғыстау облыстарында егіз жігіттер егіз қыздарға үйленген қызықты оқиғалар бар. Тіпті Оңтүстік Қазақстан облысында 32 жыл бұрын егіз қыздарға үйленген егіз бауырлар тұрады екен. Олардың қай-қайсысы да өмірлеріне риза.
Әлемде 80 млн-ға жуық егіз бар көрінеді. Ресми мәлімет бойынша жыл сайын әлемде 1,6 миллион егіз туады екен. Қазақстан егіздерді өмірге алып келуі жөнінен әлемде – 48-орында. Дегенмен еліміздің әрбір қаласы мен ауылы жақсы көрсеткіш көрсетіп жатса, 48-орыннан жоғарылауымыз да ғажап емес.
АЛМАТЫ