Тұлға • 02 Қаңтар, 2024

Телтұлға

254 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Ташкентке табаны тиген қазақтың тәу етіп, тағзым жасар қасиетті екі орны бар. Бірі – төбе биіміз Төле бидің кесенесі, екіншісі – әлемге әйгілі суретшіміз Орал Таңсықбаевтың музей-үйі. Біз де сол әдеттен жаңылмай, би бабамыздың басына құран бағыштап, қылқалам шеберінің қара шаңырағына табан тіредік.

Телтұлға

– Құтты қонақ екенсіздер, – деді музей ауласында қарсы жолығып, құрақ ұшқан қызметкер қыз жымиып. «Қазақстаннан келгенімізді меңзеп тұр ма екен?» деп ойлап үлгергенімізше, тағы да үн қатты. – Кеше мұнда президенттің қызы келген еді. Сіздер мәртебелі мейманнан кейін табалдырығымызды аттап тұрсыздар. Бұл – жақсылықтың нышаны, – деді иіліп-бүгіліп ілтипат көрсетіп жүрген әлгі жан. О.Таңсықбаевтың музей-үйіндегі қадамымыздың дәл бұлай басталғанына ішіміз жылып қалды, әлбетте.

«Президенттің қызы» дегенде елең ете қалғанымыз рас. Қай президенттің қызы? Мемлекет басшыларының қыздары мұндай музейлерге бас сұға қоймайды ғой. Өнерге ынтық, көнеге құмар бұл кім болды екен? Сөйтсек, алдымызды орай келген мәртебелі мейман Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің үлкен қызы Саида ханым болып шықты. Ол мемлекет басшысының сүйікті перзенті ғана емес, президенттің көмекшісі деген ресми қызметтің иесі. Осыдан біраз уақыт бұрын Шавкат ака «Президент әкім­шілігінің басшысы» деген лауазымды жойып, оның атқаратын қызметтерін көмекшінің мойына жүктеген-ді. Экс­курсовод қыздың «мәртебелі мейман» деп мән бере сөйлеуі де сондықтан. Біле білсеңіз, лауазымды шенеуніктің рухания­т ордасына арнайы келуінің өзі көңілді марқайтатын қадам. Оның үстіне Саида ханым Facebook-тегі ресми парақшасына «Біздің елдегі музей-үйлердің жұмысын қайта қарастыратын уақыт жетті. Сондай-ақ оларды сапа­лық әрі мазмұн тұрғысынан жаңа дең­гейге кө­теруге тиіспіз», деген жазба қалды­рып­­ты. Демек, алда оң өзгерістердің болары анық.

пыр

Хош. Екі қабатты ескілеу үйдің алдында тұрмыз. Бұл – КСРО халық суретшісі, КСРО Көркемсурет академиясының толық мүшесі, Өзбекстандағы кескіндеме өнерінің негізін қалаушы, ұлтымыздың дарынды перзенті Орал Таңсықбаевқа жеті жыл пана болған ыстық ұя, киелі шаңырақ. Қазір алыс-жақыннан келген туристер аялдап, өнерсүйер қауым жиі бас қосатын орынға айналған. 1981 жылдан бері қылқалам шеберінің музей-үйі ретінде жұмыс істеп тұр. Суретшінің тұрған үйін туристер тартатын мәдени ордаға айналдыруда Елизавета Яковлевнаның сіңірген еңбегі ерен. Ол – Орал Таңсықбаевтың ұзақ жыл отасқан зайыбы. Музей-үйдің негізін қалаған да, алғашқы директоры болып, жұмысын жүйелеген де – өзі. Бұл кісі атақты суретшінің қырықтан асқанда қосылған қосағы екен. Өкініштісі, ұрпақ өрбімеген. Лиза жеңгейдің жар мұрасына мұқият қарап, адалдық танытқаны адам­дық, әрине. Үйдің іші иелері жоқ демесеңіз, әлі сол қалпы. Бір зат та ор­нынан қозғалмаған. Есіктен енген бойда-ақ ерекше күй кешесіз, айрықша атмосфераға бөленесіз. Таңсықбаевтай тау тұлғаның қолы тиген дүниелерден құдды бір жылылық есіп тұрғандай.

– Талантты адам қай істе болсын талантты ғой, – деп бастады әңгімесін Камала Бөрібаева есімді экскурсовод. – Орал ағамыз атақты суретші ғана емес, мықты қолөнер шебері де болған. Үй­дегі тұрмыстық заттардың біразын өз қолымен жасаған. Мәселен, кіреберістегі киім ілгіш пен трюмо сол кісінің қолынан шыққан дүниелер. Қандай шеберлікпен жасалған десеңізші! Майлы бояуларды араластыруға арналған тақтай палитраларды да өз қалауынша жасап алып отырған. Картиналардың ағаш жақтауларын да алыстан іздеп әуре болмаған. Этюд жазуға арналған жиналмалы, жылжымалы стенд-палитраларды, үстел, орындық секілді қарапайым заттарды да өзі істеген.

пр

Иә, ол кезең қазіргідей жұрттың бәрі суретшілікпен жаппай әуестенбеген уақыт қой. Қарапайым құрал-жабдықтардың да қат кезі. Сондықтан атақты суретші бұларды өзі жасауға мәжбүр болған да шығар. Оның үстіне О.Таңсықбаевтың бай-бағландардай балқып-шалқып ғұмыр кешпегені де мәлім. Тұрмыстық жағдай титықтатқанда туындыларын сатылымға шығарғаны туралы әңгімелер де жиі айтылады. Құны ақшамен өлшеуге келмейтін қаншама еңбегі әркімнің қолында кетті десеңші. Осы орайда Камала бізге мынадай бір оқиғаны баяндап берді. Бір танысы қазақтың ұлы суретшісінен үл­кен кенепке салынған картинаны 400 дол­ларға сатып алыпты. Бұл сол кезең үшін қомақты қаржы. Арада бірнеше ай өткенде Орал ағамыз танысына берген әлгі туындының Германиядағы бәс саудада 8 мың долларға сатылғанын естиді. «Ғажап!», депті Таңсықбаев таң­дана, артынша түсін суытып «Бірақ, бұл – хайуандық!» деген екен.

– Таңсықбаевтан қалған мұра көп. Біздің музейде 300-ден астам туындысы сақталған. Бұған қоса әйгілі музейлер мен галереялардан орын тепкені қаншама. Жеке қолға өтіп кеткендердің есебін де ешкім білмейді, – деді үйге кіргендегі сол жақтағы бөлмеге – суретшінің шеберханасына бастай жөнелген қызметкер.

Қабырғаларға түрлі картиналар ілінген. Дені табиғат көріністері. Жал­пы, Орал Таңсықбаев – пейзаждың хас шебері. Замандастары оны «тау мен дала жыршысы» деп атаған. Төр­дегі жұмыс үстелі сол күйі тұр. Мольберті де мол сырды ішке бүккендей. Бо­сағада жеке кітапханасына орын берілген. Орал Таңсықбаев таңдай қақтырар туындыларының көбін асқан ыждаһаттылықпен жасақталған осы бір бөлмеде өмірге әкелген. Айтпақшы, су­ретшінің 20 жасында, яғни 1924 жылы жазылған алғашқы этюдтерінің бірі («Менің алғашқы этюдім» деп аталады) де осында сақталған. Елеусіз жерде тұрса да автордың «Автопортреті» (1959 жыл) еріксіз мойын бұрғызады. Жүзден астам қылқаламы, тірісінде қолынан түспеген француз палитрасы, мемлекеттік наградалары, жеке құжаттары да осы жер­­дегі құнды жәдігерлердің қатарын толық­тырып тұр.

Шеберханадан шыққан соң қарсы беттегі бөлмеге өттік. Бұл – қонақ бө­л­месі. Үй иелері меймандарын осы жер­де күткен. Кірген бойда төрде ілулі тұрған «Гүлдер» атты картинаға тесіле қарағанымызды байқап қалған Камала: «Бұл туындыны әйелінің туған күніне арнап бар-жоғы екі сағаттың ішінде салған екен», деді. Ғажап! Екі сағаттың ішінде мынадай шедеврді дүниеге әкелген талант иесі тарихта қалмағанда қайтсін! «Жалпы, Елизавета Яковлевна банк саласының қызметкері болған. Бірақ суретшінің алаңсыз жұмыс істеуіне жағ­дай жасау үшін үнемі қасынан табылған. Қылқалам шеберінің әйелі ғана емес, хатшысы әрі көмекшісі де бола білген», деді әңгімені әрі жалғап.

Баспалдақпен екінші қабатқа көте­рілдік. Мұнда жатын бөлме бар. Мар­құмның көзі тірісінде қандай болса, бүгін де дәл солай сақталған. Суретшінің аулаға қараған шағын бөлмесі кішігірім этюдтермен безендірілген. Экскурсоводтың айтуынша, қылқалам шебері бұл жерде болашақ туындыларының нобайын салып, этюдтер жазған. Қабырғаларға ілінген ескі суреттер де менмұндалап тұр. Жалпы, үйдің іші аса ұқыптылықпен реттелген. «Бұл Елизавета Яковлевнаның қолтаңбасы», деді Камала.

– Күнделікті күйбең тіршілік мо­йы­н бұрғызбаса да, мұнда уақыт тауы­п келетіндер жетерлік. Оның үстіне бұ­рынғыдай емес, қазір музейдегі жалпы атмосфера өзгерген. Өнер адамзатқа ортақ, әрине. Десе де, сурет өнерінің сү­йекті өкіліне айналған Орал атамызды жергілікті қазақтар ерекше мақтан тұтады. Музей-үйін қасиетті қара шаңырақ санайды. Шүкір, бұл жер бауырлас ұлттарды рухани тұрғыдан байланыстыратын алтын көпірге айналып келеді, – деді бізге жол бастап жүрген жергілікті журналист, Өзбекстанда қазақша шығатын республикалық «Нұрлы жол» газетінің тілшісі Айгүл Еркінбайқызы.

Сыртқа шықтық. Музей қызметкері үйдің артқы жағына қарай өтуімізді сұрады. Бұл жерде суретшінің бау-бақ­шасы болған екен. Орал ағамыз түрлі жеміс-жидек өсіруге құмар болыпты. «Жазда қаулап жүзім де өседі», деді қыз­меткер. Сөйтті де екі қабатты ең­селі ғимаратқа қарай бастап жүрді. Бұл – 1994 жылы О.Таңсықбаевтың 90 жыл­­дығына орай салынған көрме залы. Мұнда да әйгілі суретшінің тамаша туын­­дылары менмұндалап тұр. Үлкен бөлмесінде жергілікті және шетелдік су­ретшілердің көрмелері, тақырыптық іс-шаралар ұйымдастырылады. Экскурсовод «Көр­кемсурет бағытында оқитын жергілікті студенттер музейге жиі келеді», деп айтып үлгергенше, бір топ қыз-жігіт көрме залына сау ете қалды. «Міне, өздеріңіз де көріп отырсыздар. Бір күніміз де босқа өтпейді», деп әзілдеді.

Көрме залының бірінші қабатында Орал Таңсықбаевтың үлкен суретіне көзіміз түсті. Суретшінің тұлғасын әйгі­леген әдемі туынды екен. Музей қыз­меткері бізге жақындап: «Бұл қыл­қалам шеберінің қайтыс боларынан төрт күн бұрын түскен суреті. 1974 жылы 70 жылдық мерейтойын атап өтуге дайындалып жүргенде жасалған рәсім. Ол Ташкентте туып-өскенімен, Нөкісте қайтыс болған. Мерейтойға арнап Нөкістегі мұражайдан туындыларын әкелмек ниетпен жолға шыққан. Өкінішке қарай, сол жақта жүрегінің талмасы ұстап, өмірден озған. Марқұм Ташкенттегі әй­гілі Шағатай зиратына жерленген. Бұл жерде әйгілі суретшіден бөлек, өзбектің Шараф Рашидов, Айбек, Ғафур Гулям, Осман Юсупов сынды белгілі тұлғалары да тыныстап жатыр. Орал Таңсықбаевтың туыстарының бәрі Қазақстанға көшіп кеткен. Бұл жақта тұратын бір ғана жа­қынын білеміз. Арагідік музейге келіп тұрады. Жалпы, суретші сегіз ағайынды болған. Ташкентке келген шетелдік турис­тер бұл жерге жиі аялдайды. Арасында Нидерланд, Германия, Англия, Франция секілді Еуропа елдерінен келетін ға­лымдар да бар. Олар музей-үйдің әу бас­тағы қалпында сақталғанына тәнті болады әрі оның дәл осылай қала бергені дұрыс екенін алға тартады. Сондай-ақ музейде ғылыми жұмыстар қолға алынуы керек екенін де еске салады», деді Камала.

Қызметкерлермен қоштасып, кеткелі тұрғанымызда музейдің қазіргі директоры Фарход Джалиловпен де аз-кем тіл­десудің сәті түсті. Қазақстандағы бас газет­тің өкілдері екенімізді ұққан ол, ұсыныс-тілектерін де ірікпей айтты.

– Музейде жұмыс істеп жатқаныма жеті жылдан асты. Қазақстаннан қонақтар жиі келеді деп айта алмаймын. Негізінен аялдайтындардың дені өздеріңіз секілді журналистер, зиялы қауым өкілдері. Мәселен, биыл Алматы мен Шымкенттен шығармашылық өкілдері келіп кетті. Есіме түсіре алмай тұрмын, Алматыдағы бір музейдің мамандары меморандум жасап, шығармашылық байланыс орнатуды ұсынды. Біз мұндай байланыстардың бәріне ашықпыз. Алматыда сәндік-қолданбалы өнер кол­леджі Орал Таңсықбаев атында екенін, онда суретшінің кішігірім музейі барын білеміз. Жалпы, Қазақстан тарапымен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз. Айталық, Қарақалпақстандағы И.В.Савицкий атындағы мемлекеттік өнер музейі алыс-жақын шет мемлекеттермен үкіметтік деңгейде байланыс орнатқан. Соның нәтижесінде жер-жерде үлкен көрмелер өткізіп тұрады. Дәл осы тәжірибені біз де қолға алсақ дейміз. Ол үшін Қазақстан Үкіметі тарапынан қолдау керек. Өйткені мұндағы дүниелердің бәрі құнды жәдігерлер. Сондықтан көрме ұйымдастыру, картиналарды тасымалдау, сақтандыру, қаржыландыру секілді жауапты жұмыстар үкіметтік деңгейде келісіліп, шешілгені абзал. Бірлескен каталог шығаруға болады. Мұның бәрі бүгін айтып, ертең атқара салатын оңай шаруа емес. Бұл өте ұзақ үдеріс. Жеке адамдар келіп-кете береді ғой. Бізге музейлер арасындағы байланыстың қалыптасқаны, тереңдей түскені маңызды. Себебі Орал Таңсықбаевтың шығармашылығына қызығатын қазақстандықтардың көп екенін білеміз, – деді Фарход Джалилов.

Рас, үкіметтік деңгейдегі байла­ныс­тың маңызы зор. Оның үстіне биыл Орал Таңсықбаевтың туғанына 120 жыл толады. 14 қаңтар – туған күні. Мұндай мерейлі датаны елеусіз қал­дыруға болмайды. Ауқымды іс-шаралар арқылы атақты суретшінің шығармашылығын қайта жаңғыртып, жұртшылықпен қауыштырған абзал. Бұған еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі де маңыз береді деп сенеміз. Өкініштісі, даңқты қылқалам шеберін қазіргі жастардың дені біле бермейді. Сондықтан насихат жұмыстарын барынша жандандырған жөн. Қазақта Орал Таңсықбаевтай атағы алты құрлыққа жайылған саңлақ суретші саусақпен саналарлық. Ұлы өнер иесін ұлықтау алдымен ұлтымызға, ұрпағымызға керек.

Музейге келіп Орал Таңсықбаевтың өзімен жүздескендей болдық. Иә, жүз­дескендей болдық. Өйткені мұндағы әр заттың жаны бар, тілі бар. Кете-кеткенше етене жақын екі елге ортақ телтұлға әне-міне есіктен кіріп келердей елегізи бергеніміз де сол.

 

АСТАНА – ТАШКЕНТ – АСТАНА