Тобыл топырағында туған Елағаңның өнерге келуіне, ауылдасы, классик жазушы Бейімбет Майлиннің ықпалы болған. Ел ішіндегі түрлі сауық кештерінде домбырамен ән айтып, күй тартып, реті келсе, түрлі аң мен құстың дауысын салып, қисық-қыңыр адамдардың бейнесін әжуаға айналдырып, жұртты қыран топан күлкіге батырып жүрген жастың бойындағы талантын Биағаң ерте таниды. Болашақ актердің өнердегі жолы 1919 жылы «Қызыл керуен» труппасымен басталды. Осы труппаның жұмысына белсене араласып, дала сахнасында өнер көрсетті.Одан кейін Орынбордағы халық ағарту институтына оқуға түсіп, сол шаһарда ұйымдастырылған театр труппасымен Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» спектаклінде Абызды, Е.Ерданаевтың комедиялық қойылымында Малқамбайды ойнады. Бұл екі туынды арқалы актердің сахналық өнерге бет бұруына даңғыл жол ашты.
1926 жылы Қызылордадан Қазақ мемлекеттік театры ашылып, соған жер-жердегі дарындарды жинады. Қостанайдан Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Қапан Бадыров шақырылды. Тумысынан талантты үшеуі де тұңғыш театрдың негізін қалаған діңгектеріне айналды. Кәсіби оқу-тоқусыз театр өнерінің биігін бағындырған осы қара шалдардың талантына таңғаласыз. Содан бастап Елағаң театр сахнасында талмай еңбек етіп, 150-ден аса түрлі кейіпкерді келісті сомдады. Әсіресе М.Әуезовтің «Қарагөз», «Еңлік-Кебек», «Қара қыпшақ Қобыланды», Ғ.Мүсіреповтің «Амангелді», «Ақан сері-Ақтоқты», Ә.Әбішевтің «Достық пен махаббат», тағы басқа отандық және шетелдік драматургтердің спектакльдерінде ойнаған рөлдерімен көрермен ықыласына бөленді. Оның басқалардан ерекшелігі – ол сөзден гөрі сахнада қимыл-қозғалысқа, мимикаға мән берді. Кейіпкерінің болмысын, мінезін ашуда түрлі әдістерге барды. Рөлдерді талант қуаты, ішкі сезімімен байытып, бүкіл дене бітімін құбылтып, құлпыртты. Елағаңның актерлік шеберлігіне тәнті болған заңғар жазушы Мұхтар Әуезов: «Елубай – қызу қанды, ащы мысқыл иесі, ішінде сахна өнерінің қайнар көзі бар жанды отты ойыншы. Шынымен, бабына келтіретін болса, Елубайдың ішінен тасып шығатын қызуы өте мол. Мұнда өмір екпіні, өнер оты тіпті күшті», деп бағалаған.
Ұлы актердің драмалық қана емес, комедиялық қойылымдарда ойнаған рөлдері де керемет. Ол кейіпкерлерінің күлкілі іс-әрекеттеріне өзгеше жан бітіріп, ғажайып бейнелер жасады. Бұл туралы замандасы, атақты актер Құрманбек Жандарбеков: «Елубай күлдіргі рөлдерді ойнағанда сахнада еркін жүреді. Он екі мүшесі түгел қатысады. Сахнадағы барлық әрекеттеріне жұртты сендіреді, өзі күлмейді», деп айтқан.
Е.Өмірзақовтың ұлттық кино саласында да ешкімге ұқсамайтын өз сүрлеуі бар. Біз ардақты актердің экраннан өзіміз көрген екі фильміне тоқталғымыз келді. Біріншісі – алғашқы қазақ киносы – 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісінің қаһарманы Амангелді Иманов туралы. Бұл туынды 1938 жылы түсіріліп, 1939 жылы 25 қаңтарда премьерасы өтті. Фильмнің сценариін Бейімбет Майлин мен Ғабит Мүсірепов жазды. Кейін олардың қатарына Кереку өңірінде туған қаламгер Всеволод Иванов қосылды. Тұңғыш киноға талантты актерлер таңдалды. Бас сардарды сомдау Елағаңа бұйырды. Өйткені ол осы рөлге бекітілгеннен бұрын батыр бейнесін театр сахнасында ойнаған еді. Сондықтан оған бұл рөл аса қиындық туғызбады. Туындыда даңқты ердің тұлғасы сан қырынан ашылған. Оның қаһармандығын, батырлығын актерлік шеберлікпен тамаша жеткізген. Құдды фильмнен Амангелді Имановтың өзін көргендей боласыз.
Екіншісі – 1966 жылы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген режиссер Шәкен Аймановтың «Атамекен» көркем фильмі. Мұнда Екінші дүниежүзілік соғыста Ленинград түбінде қаза тапқан баласының сүйегін іздеп тауып, туған жеріне әкеліп қойғысы келген қарияның немересімен жолға шыққандағы басынан өткен оқиғалар баяндалған. Сценарийді Олжас Сүлейменов жазған. Басты рөлдегі қартты Елубай Өмірзақов ойнады. Жаумен шайқаста Отанын қорғап, мерт болған достарымен қатар жатқан ұлының қабірі ақсақалға терең ой салды. Фильмнен шүкіршілігі мол, сабырлы, байыпты, парасатты қазақ қариясының бейнесін танисыз. Кеңестік дәуірдің қырағылығына қарамастан ұлтымыздың болмысына тән дүниелер астармен берілген. Соны актер кейіпкерінің табиғатымен, ішкі жан дүниесіндегі сезім арпалыстарымен тап баса білген.
Биыл театр, кино, музыка, қысқасы, өнердің қай саласында болсын айшықты ізі қалған біртуар актердің туғанына 125 жыл толады. Тұғырлы тұлғаның еңбегі көзі тірісінде мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, КСРО және Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Алғашқы Қазақстанның халық әртісі атағын алды. Бастысы, Елубай Өмірзақов – өз алдына мектеп қалыптастырған актер. Бұл – санаулы сахна саңлақтарының маңдайына жазылған бақыт.