Фото: egemen.kz
«Біз Төраға Си Цзиньпинмен бірге Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың жаңа «алтын отыз жылдығына» қадам бастық. Мен былтыр Қытайға бір емес, екі мәрте сапармен бардым. Бұл – елдеріміз арасындағы тығыз ықпалдастықтың айқын дәлелі.
Қытай көшбасшысымен Сианьда және Бейжіңде мазмұнды келіссөздер жүргізіп, маңызды уағдаластықтарға қол жеткіздік. Оны жүзеге асырудың нақты жолдарын белгіледік. Осындай жеке жүздесулер Астана мен Бейжіңнің байланыстары жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Бүгінде қазақ-қытай қатынастары көпке үлгі болып отыр деп сеніммен айта аламын», деді Мемлекет басшысы.
Осы ретте Президент екі елдің өзара тауар айналымы жыл санап артып келе жатқанын тілге тиек етті.
«Өзара тауар айналымының көлемі 2023 жылдың 10 айдағы қорытындысы бойынша 24,3 миллиард долларға жетті. Бұл – жаңа рекорд! Қазір экспортқа шығарылатын отандық тауар түрлерін көбейтіп, ҚХР-ға жүк тасымалын арттыру үшін белсене жұмыс істеп жатырмыз. Қытай бұрыннан Қазақстан экономикасына мол қаржы құйған ірі инвесторлардың қатарына кіреді. Осы уақытқа дейін ҚХР елімізге 24 миллиард доллар инвестиция салды.
Қытаймен ортақ шекарамыздың болуы, Шығыс пен Батыстың арасындағы ұтымды жерде тұрғанымыз Қытай тауарларын түрлі бағытқа Қазақстан аумағы арқылы тасымалдауға зор мүмкіндік береді. Өйткені Бейжіңде жоғары деңгейде өткен «Бір белдеу, бір жол» атты үшінші форум аясында бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды. Соның ішінен Транскаспий халықаралық көлік дәлізін бірлесе дамыту жөніндегі келісімді және «Аягөз – Тачэн» бағытындағы темір жол құрылысы туралы меморандумды атап өтуге болады. Бұл келісімдер еліміздің көлік-логистика саласына тың серпін беретініне сенімдімін. Қазақстан Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын толығымен қолдайды. Былтыр қазан айында Бейжіңде өткен форумда сөйлеген сөзім – осының тағы бір дәлелі.
Қазақстан мен Қытай арасында визасыз жүру режімі күшіне енді. Мұның мәні зор. Енді отандастарымыз көрші елге емін-еркін барып, келе алады. Азаматтарымыз осы мүмкіндікті оңтайлы пайдаланады деп үміттенемін. Елімізде Қытайға қатысты баяғы қасаң түсініктерге негізделген немесе бізге сырттан таңылған жөнсіз үрей болмауға тиіс» екенін ескертті Қ.Тоқаев.
Бұл күнде Қытай мемлекеті дамудың даңғыл жолына түскен, озық технологиясымен мол табысқа кенеліп отырған мемлекет екенін жеткізді. Шығыстағы көршімен тату болып, ынтымақты байланыс орнату еліміз үшін аса маңызды қадам екенін атап өтті.