Үкімет • 03 Қаңтар, 2024

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі Үкіметтің жұмысына баға берді

1952 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда елде қымбатшылық белең алған. Тарифтер өсіп, жұмыссыздық мәселесі шиеленіскен. Президентпен сұхбат барысында Дихан Қамзабекұлы халықтың осы жағдайларға алаңдаулы екеніне баса мән берді. Күнделікті күйбең­нен және аяқ астынан туындай­тын түйт­кілдерден бас көтере алмай жат­қан қазіргі Үкіметтің жұмысын Қ.Тоқаев қалай бағалайтынын білді, деп жазады Egemen.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі Үкіметтің жұмысына баға берді

«Кез келген елдің Үкіметі страте­гия­­лық міндеттері мен күнделікті жұ­мы­сын қоса атқарады. Бізде де солай. Ең бастысы, тиімді жоспарлау және ресурстарды орынды пайдалану керек. Үкіметтің қазіргі құрамы былтыр көктемде ғана жасақталды. Конституциялық реформа жасалып, Парламент сайлауы өткен соң алдыңғы Парламенттің де, Үкіметтің де мандаты күшін жойды. Конституцияға сәйкес бұрынғы Үкімет жаңадан сай­ланған Мәжіліс депутаттарының алдында өз өкілеттігін тоқтатты. Сай­лауда ең көп дауыс алған «Amanat» партиясы Премьер-министрдің кандидатурасын ұсынды. Әрине, партия мұны Президентпен ақылдаса оты­рып жүзеге асырғанын жасырмай­мын. «Amanat» партиясының сайлау ал­дындағы тұғырнамасының экономи­каға қатысты бөлігі қазіргі Үкіметтің бағдарламасы негізінде жасалды», деді Президент.

Мемлекет басшысы бүгінде Үкіметтің өкілеттігі айтар­лық­тай кеңейгеніне де тоқталды.

«Бүгінде Үкіметтің өкілеттігі айтар­лық­тай кеңейді. Қыркүйек айында құры­лымы өзгерген Президент Әкім­шілігі еліміздің әлеуметтік-экономи­калық дамуына қатысты стратегиялық бағыттарға баса назар аударатын болды. Енді Әкімшілік бұрынғыдай Үкіметті, кейбір министрліктер мен ведомстволарды жетелеп жүрмейді. Президент Әкімшілігі атқарушы биліктің қызметіне араласпай, бас­ты саяси штаб ретінде ғана жұмыс істейді. Осыған дейін екі органның да құзырында болған бірқатар өкілеттік Үкіметке берілді. Түрлі салаға қатысты шешім қабылдау құқығы Үкіметке және басқа да жауапты органдарға өтті. Аймақтардың бюджетке қатысты дербестігі арта түсті.

Бір сөзбен айтсақ, қазір Үкіметтің өнімді жұмыс істеуі үшін мүмкіндіктері жеткілікті. Атқарушы билікке жан-жақты ойластырылған іс-қимыл стратегиясы және өз міндетін тиімді жүзеге асыруға деген ынта-жігер ғана қажет. Дербестікке және қосымша өкілеттікке ие болуға ұмтылған Үкімет қалағанын алды. Бірақ «алмақтың да салмағы бар», оларға қойылатын талап та күшейді. Үкімет мұны түсінуге тиіс», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.