Сенат • 03 Қаңтар, 2024

Сенатор: Президент екінші мәрте сайлауға түсе алмайды

208 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне берген  сұхбатына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды  Egemen.kz.

Сенатор: Президент екінші мәрте сайлауға түсе алмайды

Фото: senate.parlam.kz

«2022 жылы Парламент ел Президенті өкілеттілігінің жеті жылдық мерзімін белгілеп, бір адам бір реттен артық Республика Президенті болып сайлана алмайтындығы туралы өзгерістерді Конституцияға енгізген болатын.

Мемлекет басшысы «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында саяси реформалардың маңызды жаңашылдығының бірі ретінде Президент лауазымына бір-ақ рет мерзімге сайлану мүмкіндігі жөнінде нақты айқындап айтып берді. Ел Президенті айтқандай, бұл норма енді өзгертілмейді және Ата заңымызда мызғымастай етіп бекітілген.

Жеті жылдық Президент өкілеттілігін бір мерзімді ету бұған дейінгі саяси реформалардың жалғасы, әрі «суперпрезиденттік биліктен» бас тарту болып табылады. Аталған өзгерістер сайланған кандидаттың өз сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруына және халық алдындағы берген уәделерінің тиімді әрі уақытылы орындауына септігін тигізетін болады. Себебі Президент болып сайлануға екінші мүмкіндік болмайды.

Әлемде мемлекет Президентін жеті жылға және екінші мерзімге сайлайтын мемлекеттер көп емес. Кейбір елдерде де бір реттік 7 жылдық президенттік мерзімді енгізу мүмкіндігі талқылануда.

Ел Президенті 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында аталмыш бастаманың негіздері болып, «Бір жағынан, 7 жыл – кез-келген ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру үшін жеткілікті кезең. Екінші жағынан, Президент мандатын бір мерзіммен шектеу Мемлекет басшысының жалпыұлттық дамудың стратегиялық міндеттерін шешуге барынша жұмылуын қамтамасыз етеді», деп атап өткен болатын.

Нәтижесінде мұндай реформа елдегі демократиялық қайта құруды күшейтіп қана қоймай, саяси бәсекелестікті дамытуға және бәсекеге қабілетті демократиялық саяси жүйені қалыптастыруға қадам жасауға мүмкіндік береді деп есептеймін», деп жазды сенатор.