Көрме • 03 Қаңтар, 2024

Суреттерде – ел тағдыры

163 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жақында елордада танымал түрік суретшісі Исмаил Ажардың «Естелік» атты алғашқы көрмесі ашылды. Түр­кияның Қазақ­стан­дағы елшілігі ұйымдастырған көрмеге дипломатиялық мис­сия­лардың өкілдері, сурет­шілер мен көптеген өнерсүйер қауым қа­тысып, қылқалам шеберінің туындыларын тамашалады.

Суреттерде – ел тағдыры

Ашылу салтанатында сөз алған Түркияның Қазақ­стан­дағы төтенше және өкілетті елшісі Мұстафа Капуджу су­ретші шығармашылығына жоғары баға берді. Оның айтуынша, көрмеге қойылған көр­кем туындыларда Осман­лы, Византия, Анадолы өрке­ниеттері көрініс тапқан.

3

Түрік суретшісі осы уақытқа дейін 200-ден аса жеке және топтық көрмелерге қатысқан екен. Оның қылқаламынан шыққан жұмыстар Еуропа, АҚШ, Канада, Мексика, Араб түбегі елдері, Ресей, Молдова, Украина, түркітілдес Азия мем­лекеттері, Қытай, Тайвань, Ко­рея және Жапония секілді көп­­теген елде көрсетіліп ке­леді. «Қа­зақстанда көрме аш­қа­ныма қуаныштымын. Бү­гінгі көрмеге 40 суретімді әкел­дім. Мұнда мәдениет­т­еріміздің ұқсас жақтарын көр­­­сетуге тырыстым. Ту­ын­ды­ла­рымда қолданылған на­қыш­тарда Ахмет Ясауиден Қорқыт атаға дейін көптеген ізді көруге болады», дейді суретші. Сон­дай-ақ өнер иесі туындылары кешегі 16 мемлекеттің негізін қалап, күлдей жанып, қайта түлеген түркілердің та­рихына негізделгенін жет­кізді. Оның ішінде көрме та­қырыбына анар жемісін таң­дап алуында да үлкен мән жатыр. Себебі анар – түркі ха­лықтары үшін молшылық пен берекеттің бас­тауы. «Өзім­ді ерекше суретші деп қабыл­дамаймын. Мендегі айыр­ма­шылық сол, туып-өскен же­рімнің дәстүрлерін негізге алып сурет саламын. Сол дәс­түрлі суретті заманға сай етіп мо­дернизациялауға кө­ңіл бө­лемін. Көрмеге қойыл­ған картиналарым өткен та­рихтың ізін тану жолындағы осы үдерістің куәсі болуға ша­­қырады. Жады ұғымы тұр­­ғысынан бұл көрмені ата-ба­бамыздың мекені – Қазақ­станда өткізу жобама өзіндік әрі ерекше көзқарас береді деп сенемін», дейді түрік су­ретшісі.