Қоғам • 03 Қаңтар, 2024

Маслоу пирамидасы

453 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Америкалық философ Абраһам Маслоу – адам қажеттілігінің пирамидасын ойлап тапқан адам. Оның бұл жүйесі өз атымен «Маслоу пирамидасы» деп аталады.

Маслоу пирамидасы

Пирамидада іргесінен жоғары қарай адам баласына ең қажетті дүниелер сатылай орналасады. Егер осылардың керектігінің біреуіне қанағаттанбасақ, онда адамды ішкі ауыр күйзеліс пен рухани, материалдық дағдарыс күтеді. Маслоу пирамиданың бірінші сатысына физиологиялық қажет­тілік­терді орна­ластырады. Оған тыныс алу, ұйқы, тамақ, су, ұрпақ өрбіту секілді та­биғи нәрселер жатады. Егер адам осы саты­да өзіне керегін то­лық алмаса, келесі сатыда жоғалтқан дүние­нің орнын барынша толтыруға тырысады. Мә­селен, ғайыптан тайып байып кеткен кедей жан бар ақшасын тамаққа шашатын болады.

Философ кейінгі сатыға адам баласы­ның амандығын қойған. Яғни адамзат не ішем, не киемнен тарықпаса, келесі кезекте өзінің бас амандығын ойлай бастайды. Бұл жерде амандыққа дене, рухани саулығы кіреді. Отбасының амандығы, жұмыстағы техника қауіпсіздігі, дүние-мүлкінің ұры-қарыға жем болмауы, келеңсіз оқиғалардан сақтандырылуы да осы қатарға жатады.

Физиологиялық қажеттілікті толық өте­ген соң, бас амандығымызды сақтаған­­нан кейін тағы бір керекті дүние әлеуметтік қарым-қатынас пен махаббат пайда болады. Отбасылық байланыс та осы топтан. Сонымен бірге адам қоғамдық жаратылыс иесі болғандықтан, бір топқа қосылып өмір сүру – әлеуметтік қажеттілік. Сондықтан пира­миданың бұл сатысында адамның дін­ге, партияға, ұйымға, спорттық команда жан­­күйерлігіне мүшелігі оның әлеуметтік сұранысы ретінде айшықталған. Егер бұл қа­жеттілік болмаса, адам өзін қоғамда жал­­ғыз сезінеді. Ол уайым-қайғыға, үлкен стрес­ке алып келуі мүмкін. Өйткені адам еш­­қашан қоғамнан бөлініп, жеке-дара өмір сүре алмайды. Маслоу неге осы сатыны таң­­­дады? Өйткені адам баласы тумысынан қоғам­да өз орнын тапқысы келеді, абыройлы болып, атақ-даңққа, мақтанышқа бөленгенді қалайды. Өзін жақсы көргенді, біреудің оны ұнатқанын жаны сүйеді. Бұл – адамның бойындағы қанмен біткен қасиет. Сол үшін ең дауасы адам өзін достарының, ұжымның, отбасының, қоғамның алдында абырой­лы болудың жолдарын қарастырып, сон­дай сыйлы дәрежеге өз еңбегімен ұмтылуы керек. Қоғамдағы құрмет те қажеттіліктің бірі бол­ғандықтан, ол пирамиданың арнайы сатысы ретінде қарастырылады Осы қа­жеттіліктерді өтеп болғаннан кейін адам баласы өзінің арманын, қиялындағы ойын іске асыруға ұмтылады. Маслоудың пікірінше, бұл – пирамиданың ең биігінде тұрған саты.

Қоғамда өз орнын табу үшін, аңсаған арманына жету үшін, жұрттың мақтауына іліккенді қаласа, адамға ең бірінші керегі – еңбек. Тек еңбекпен ғана биік мақсатқа қол жеткізуге, ұжымда да, достар мен от­ба­­сының ортасында да сый-құрметке бө­ле­нуге болады. Бұл өмір «бір кем дү­ние», қанша жесек те, жемегендей боламыз, қанша киінсек те, кимегендей күй ке­шеміз, бақытқа жеттім-ау деген күннің өзінде бәрібір бір нәрсе жетіспей тұрады. Қараңызшы, қазақтың бір-ақ ауыз «бір кем дүние» деген сөзі америкалық ұлы философ теориясының саңылауын тауып тұр. Дегенмен алдына мақсат қоюда бүгінде сәнге айналған сөз – мотивация беруде, өзгелермен салыстырғанда еш болмағанда бір бас жоғары тұруға бұл әлеуметтік саты­ның пайдасы да баршылық.

Бұған қоса жалпы Маслоу пирамида­сын ұжым басшылығы өз қызметкерле­рін ынталандыру, еңбекке ұмтылдыру мақ­са­тында пайдаланса болады. Мәселен, ұжым­­ды басқарып отырған азаматтар қол ас­тын­­дағы жұмыскерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартса, еңбек шарттарын түгел сақтап, қауіпсіздігін қамтамасыз етсе, олардың ынтымақ-бірлігін арттырса, өз кезегінде қызметкерлер де адал қызмет етуге, еңбекте озат болуға, ұжым алдында абырой жинауға тырысар еді. Сонымен бірге ынта­ландыру, қамқорлық пен қолдау нәти­жесінде жұмыскер шығармашылық жағы­нан көп жетістікке жетуге ұмтылады. Се­бебі материалдық жағдайы жақсы, әлеу­меттік құқығы қорғалған, өзін осы ұжым­да керек екенін сезінген қызметкердің жұмыс­қа шабыты оянып, кез келген істі жады­раңқы көңіл күймен жапыра істейтіні аян.

Ұжымнан бөлек, бұл мысалды тұтас мем­­лекетке қолдансақ та жарасады. Кез кел­­ген мемлекеттің байлығы – жерас­ты шикізат қоры, аумағының үлкендігі, инфрақұрылымы, экономикасы емес, бі­рінші кезекте – адами күш-қуаты. Рухани бай, оқы­ған-тоқыған, дені сау, энергиясы асып-та­сыған ұлты бар қандай ел болсын ешқашан төменде қалмайды, тек ілгері дамудың алдыңғы шебінде жүреді. Ендігі ретте ондай ұлтқа жан-жақты материалдық, рухани тұстан жағдай жасалуы керек. Егер еліміздің ен байлығы халқымыздың өзіне жаратылса, заң, ереже, нормалар тек халықтың қауіпсіздігіне, құқығының тапталмауына шынайы қызмет етсе, сөйтіп жұртымыз «бір атаның баласындай, бір қол­дың саласындай» бірігіп, бір идеяға, бір мақ­сатқа ұмтылса, біздіңше Қазақстанның ал­дында алын­байтын қамал қалмайды. Өйт­кені елі­міздің әрбір азаматы нағыз пат­риот, артын­да алып қорған мемлекеті тұрғанын сезі­ніп өскен адал да жанашыр, өз ісінің білік­ті маманы, өршіл тұлға болып қалып­тасады.

Тіпті Президенттің жыл сайынғы Жол­дау­ларында да Маслоу пирамидасына ұқ­сас тәртіпті байқаймыз. Көбінесе Мемле­кет бас­шысы маңызды құжатта алды­мен эконо­микалық аспектілерге тоқтала­ды, содан кейін арасында құқықтық мәселе­лер қозғалады да, соңына қарай саяси реформалар мен мәселелерге ден қойыла­ды. Сондықтан Маслоу пирамидасын өмір­дің өзінен алынған нағыз адамзаттың табиғи қажеттіліктерін дөп басқан философиялық ереже десек болады.

 

ШЫМКЕНТ