Майкөмген ауылдық округінде 1 165 адам тұрады. Мұнда орта білім беретін мектеп, балалар және жасөспірімдер спорт мектебі, дәрігерлік амбулатория секілді әлеуметтік нысандар бар. Енді оның қатарына жаңа мәдениет ошағы қосылды. Былтырғы шілдеде құрылысы басталған мәдениет үйі 200 орынға есептелген. Жаңа нысанда концерттік зал, үйірмелер және оқытушылар бөлмесі бар. Сондай-ақ 12 орындық оқу залы бар кітапхана, 4 орындық медиатека, кітап сақтау бөлмелері орналасқан.
«Мемлекет мерейін еңселендіретін мәдениет саласының ұлттық руханиятымызды қалыптастыруда өзіндік орны бар. Президент ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үшін білім, мәдениет және ғылым саласын дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай ауылда соңғы үлгідегі мәдениет ошағы ашылды. Жастарға ұдайы ұлттық өнерімізді, құндылықтарымызды дәріптейтіндей, елге адал қызмет ететіндей тәрбие беруіміз керек. Мәдениет үйі ауыл тұрғындарының бас қосатын ордасына айналады», деді облыс әкімі Серік Шәпкенов.
Атырау облысы